
Биыл шілде айында қолындағы 3,6 млн теңгесін 30 анаға тең бөлген кезде әйелдердің әрқайсысына 120 мың теңгеден келген. «Қажылыққа барсам» деген арманының орнына сырқат баласы бар аналарға көмек берген қарияның бұл ізгі әрекеті көптің жүрегін елжіретіп, көзіне жас алдырды.
Қарияның қайырымды әрекеті туралы естіген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы демеушілердің көмегімен қасиетті қажылық сапарына жолдама сыйлаған екен.
«Ұмра сапарына аттанар алдында Сағадат Жұмабаев Бас мүфтиге ақ батасын беріп, шынайы ризашылығын білдірді. Бас мүфти дәстүр жолымен ақсақалдың иығына шапан жапты. 94 жастағы қарияның қасиетті сапары оңынан болғай», деп хабарлайды Мүфтияттың баспасөз қызметі.