
Фото: Ашық дереккөз
Жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған семинарда баяндамашы ҚҚС мөлшерлемесі 16 пайыз болып белгіленгенін еске салды. Дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық қызметтер үшін ҚҚС мөлшерлемесі 2026 жылдан бастап 5% деңгейінде белгіленді, ал 2027 жылдан бастап 10% құрайды.
«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС аясында, сондай-ақ Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу әрі импорттау және медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылады», деді Жәнібек Нұржанов.
Спикердің мәліметінше, 2026 жылдан бастап тұрғын үйді сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-тан босату тәртібі алынып тасталады.
«Яғни тұрғын үй салумен айналысатын құрылыс компаниялары келесі жылдан бастап өз айналымдарын ҚҚС төлемдері ретінде мойындауы тиіс. Алайда 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін басталған құрылыс нысандарына қатысты жеңілдік соңына дейін, яғни толық өткізіліп біткенге дейін сақталады», деп нақтылады Жәнібек Нұржанов.
Сонымен қатар ішкі туризм бойынша туроператорлардың қызметтері, отандық кітаптарды сату, баспа түрінде кітап шығару қызметтері және археологиялық жұмыстар ҚҚС-тан босатылады.
«Сондай-ақ арнайы салықтық режим қолданылатын тауарлар мен қызметтердің айналымы ҚҚС объектісі болып танылмайды. Демек, арнайы режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлер ҚҚС төлеушілердің қатарына кірмейді», деді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.