Бұл таңғажайып жобаның авторы әрі басты қозғаушы күші – аталған мектептің директоры, биология пәнінің мұғалімі Мақсат Оспанқұлов. Білікті биолог былтыр пайдалануға берілген жаңа мектеп ғимаратының дәліздері мен сыныптарын жай ғана көгалдандырып қоймай, оны оқушы жаны демалатын шынайы экологиялық аймаққа айналдыруды қолға алған. Бүгінде мектепте өсімдіктің 70-тен астам түрі жайқалып тұр. Олардың арасында күтімі ерекше нәзіктікті талап ететін гүлдер де, экзотикалық тропикалық өсімдіктер де бар. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ көздің жауын алатын ашық түстер мен нәзік хош иіс жанды баурайды. Білім ордасының бұл бейнесі мұғалімдер ұжымы мен оқушыларға ерекше шығармашылық көңіл күй сыйлап отыр.
Бүгінде межеленген 100 түрлі гүл деңгейіне жету үшін мектеп ұжымы үнемі ізденеді. Таңдау негізінен тамыры терең, сабағы бекем, биікке бой түзейтін және бөлме ауасын барынша тазартатын, оттегін көп бөлетін пайдалы өсімдіктерге түсіп отыр.
Мектеп мұғалімі Әйгерім Бағдатқызы мен өзге де ұжым мүшелері бұл эко-ортаның мектеп ішіндегі микроклиматты жақсартып, оқу үдерісіне оң әсер етіп жатқанын алға тартады. Мұның ғылыми негіздемесі де жоқ емес, себебі әлемдік зерттеулерге сүйенсек, айналасында тірі жасыл өсімдіктері бар ортада оқушылардың зейін қою қабілеті мен ақпаратты тез қабылдауы 20 пайызға артады екен. Жасыл түс көздің шаршауын басып, жүйке жүйесін тыныштандырады, бұл балалардың сабаққа деген ықыласын арттыратыны сөзсіз.
Мектеп оқушылары, соның ішінде Шырайлым Саят секілді шәкірттер белгіленген ережелерді сақтай отырып, өзен құмын араластыру, топырақ дайындау, гүлдер мен нәзік өскіндерге дұрыс күтім жасауды үлкен жауапкершілікпен үйреніп келеді.

Бүгінде мектеп директоры әрбір өсімдіктің жеке «төлқұжатын» әзірлеп жатыр, ал болашақта бұл мәліметтер жинақталып, арнайы кітап болып жарық көрмек. Ең қызығы, жақын арада мектептегі әрбір гүлдің қасына арнайы QR-кодтар орнатылады. Кез келген оқушы немесе мектеп қонағы ұялы телефоны арқылы сол кодты сканерлеп, өсімдіктің шығу тарихы, оның отаны, суару және күту ережесі, сондай-ақ адам денсаулығына тигізер пайдасы мен емдік қасиеті туралы толық ақпаратты оқи алады. Бұл – мектеп дәлізін ашық аспан астындағы тірі биологиялық зертханаға және цифрлық білім кеңістігіне айналдырудың озық үлгісі.
– Гүл егу мен үшін уақыт алатын ауыр жұмыс немесе міндет емес, жанға рахат сыйлайтын, өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналған қызықты хобби. Менің өзіндік бір қалыптасқан қағидам бар, әлденеге мұңайып, жаның жабырқау тартып тұрса да гүл ек, көңіл күйің көтеріңкі болып, қуансаң да тағы да гүл ек! Өсімдік атаулы тек эстетикалық әсемдік беріп қана қоймайды, фотосинтез үдерісі арқылы айналасына таза ауа мен өмірлік энергия сыйлайды. Мысалға, Молочай Миля деп аталатын әсем гүлді еккенімізге бір жарым жыл болды. Ал мектепте бөлме гүлі ретінде өсіріліп жатқан шаңжапырақты өз қолыммен баптап келе жатқалы да біраз жыл өтті. Ерекше айта кетерлігі, біздің Кент орман шаруашылығында осы шаңжапырақтың табиғи ортада өсетін жабайы, табиғи түрі де кездеседі. Ең бастысы, бұл іске ешқандай артық қаржы кетпейді. Топырағы да, гүл құмырасының астына төсейтін тасы да өз өлкеміздікі, өзіміздің өзеннен тауып алған құмымыз. Мен басқа жаққа барсам, ешқашан дайын гүлді сатып алмаймын. Бастапқыда менде Хлорофитум, Бегония секілді гүлдер ғана бар еді, кейін өзімде жоқ сирек өсімдіктерді іздей бастадым. Қайда барсам да — той-томалаққа, қонаққа барсам да, ең алдымен, айналамдағы гүлдерге көз тігемін. Өткенде мектебіміздің күзетшісі Қарқаралы қаласына барып, гүл сататын дүкенге бас сұғыпты. Сатушы қыз: «Гүл алыңыз, таңдаңыз», дегенде, біздің қызметкер: «Бұл гүлдердің барлығы дерлік бізде бар», депті. Сатушы таңғалып: «Бұл қай мектеп?», деп сұрағанда, Талды ауылының №19 мектебі деп мақтанышпен жауап берген екен. Шынында да, көбіне қарапайым гүлдерді еге салады. Ал біздегі Шефлера, Замиокулькас секілді қымбат әрі сирек гүлдер мектептің, сол ортаның деңгейі мен мәдениетін, білімділігін көрсетеді. Ол сол шаңырақтың дәрежесін білдіреді. Мен де тек бүгінді емес, келешекті, мектебімнің 100 жылдық болашағын ойлаймын. Менің үлкен мақсатым, үмітім – мектебімізді толықтай жасыл желекке бөлеп, тек сабақ оқитын орын ғана емес, балалар да, ұстаздар да, ауыл тұрғындары да ләззат алатын үлкен мәдени демалыс орнына айналдыру, – дейді білікті биолог, табиғат жанашыры.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңа мектептің ауласына да түрлі ағаш егіліп жатыр. Жақында ғана еліміздің Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Құрманғазы атындағы консерваторияның белгілі түлегі, осы мектептің мақтанышы Роза Кадирберлинаның ұсынысымен үлкен тағзым іс-шарасы өтті. Мектептің негізін қалаған, білім ошағының дамуына өмірін арнап, бүгінде дүниеден өткен 14 аяулы ұстаздың ұрпақтары бұл игі бастаманы қолдап, жаңа мектеп ауласына 14 түп көгілдір шырша көшетін отырғызды. Бұл шыршалар – өткен күннің қасиетті есімі, бүгінгі ұрпақтың тағзымы. Қазір мектеп оқушылары бұл шыршаларды өздерінің басты аманатындай көріп, ерекше баптап, күтіп отыр.
Бұл бастаманың басында тұрған Мақсат Зейнелұлының туған жеріне деген перзенттік махаббаты оны үлкен ғылыми және педагогикалық биіктерге жетелеп келеді. 2004 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің биология-география факультетін бітіргеннен бері өмірін ауыл тіршілігімен байланыстырып келеді. Ол Кент орман шаруашылығымен бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын да сәтті жүргізіп жатыр. Жоғары басқарушылық қабілетінің арқасында 2008 жылдан бері осы мектептің тізгінін абыроймен ұстап келеді. Мақсат ұстаздың отбасын да педагогтер әулеті деуге болады. Жары Жанар Жұмағазықызы – бастауыш сынып мұғалімі. Олар өсіріп отырған 4 баласынан 3 немере, 3 жиен сүйіп отырған үлгілі ата-әже. Ұл мен қызы өз алдына отау құрса, кіші ұлы Арқат Қарағанды қаласында еңбек етеді. Ал кіші қызы Зере биыл ата-ана жолын қуып, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің математика факультетін математика-физика мамандығы бойынша бітіріп, жас ұстаз ретінде алғашқы қадамын баспақшы. Кейіпкеріміздің тек мектебі ғана емес, үйінің ауласы да жасыл желекке оранған, ол өз перзенттерін де осы ізгі жолмен тәрбиелеп келеді. Ұстаз еңбегінің басты жемісі – оның озық шәкірттері. Мақсат Зейнелұлы баптаған дарынды балалар биология саласында облыстық және республикалық деңгейде биік белестерді бағындырып келеді.

Тәжірибелі мұғалімнің әрі білікті басшының білім саласын дамытуға қосқан үлесі де бағаланған. Ол Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Шеберлік палитрасы» бағыты бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен, «Шағын жинақты мектептің үздік мұғалімі – 2023» байқауында ІІ дәрежелі дипломмен және Қарағанды облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сондай-ақ 2019 жылы Қарқаралы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Разақ Таңатов атындағы білім беру саласының үздігі» аталымын иеленген.
Қарқаралының бір қиырындағы ауыл мектебінен басталған бұл ізгі де жаңашыл жоба – бүкіл республика мектептеріне үлгі боларлық бірегей тәжірибе. Табиғатты аялауды өз табалдырығынан бастаған ұжымның бүгінгі еңбегі – ертеңгі жасыл болашақтың берік іргетасы.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Талды ауылы