Қоғам • Бүгін, 13:59

Әлеуметтік паразитизм: масылдық мәні неде?

210 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет ағзасы – қоғам, ал оның әрбір жасушасы – адам. Сондықтан жеке адамның болмысындағы жақсы-жаман қасиеттер қоғамның да ахуалынан хабар береді. Адам бойындағы жалқаулық, тоғышарлық, масылдық сияқты мінез кеселдері халық санасына да сіңіп, бүгінде рухани дерттің айқын белгілеріне айналып отыр. Ғылым тілінде мұндай құбылыс «әлеуметтік паразитизм» деп аталады.

Әлеуметтік паразитизм: масылдық мәні неде?

«Паразит» сөзі күнделікті өмірде дөрекі рәуіште қолданылғанымен, ғылымда нақты терминологиялық мәнге ие. Гректің арамтамақ мағынасынан шыққан бұл ұғым өзге ағзаның ресурсын пайдаланып өмір сүретін кез келген тірі жанды білдіреді. Бәріне белгілі, биология тұрғысынан алғанда, адамды ешқашан паразиттер қатарына жатқызуға болмайды. Табиғат оған мұндай міндетті артпаған. Бірақ «әлеуметтенген хайуан» (Аристотель) ретінде паразитке өте-мөте жиі айналады. Сондықтан адам нәсілінің жоғарғы приматтар арасында өзіне тең қарсылас табуы қиын.

Адамдар арасындағы паразитизм басқа жан иелерінен бір өте маңызды жағдайымен ерекшеленеді. Бұл жан иелерінің ешқайсысы өз биологиялық түрінің өкілдеріне қатысты паразит рөлін атқара алмайды. Ал «құдайдың орынбасарлары» бұл кедергіні керемет түрде еңсереді. Адам, паразит ретінде, адамға жабысады. Ол тек табиғаттан ғана емес, өзіндей пенделерден де пайда тауып, оның еңбегі мен ресурсын иеленуге бейім.

ми

Әуелі әлеуметтік паразитизм (масылдық) туралы, адам болмысының елеулі факторы ретінде сөз қозғамастан бұрын, біз «паразит» деген онша тартымды емес сөзді адамға қатысты қандай мағынада қолданатынымызды анықтап алайық.

Жеке мүддесі үшін өзге адамдардың еңбегін пайдаланатын бүкіл тұлғаны мұндай түрде сипаттауға болмайды. Мысалы, қоғам балаларды, мүгедектерді, қарттарды жан-жақты қамтамасыз ету жүгін өз еркімен мойнына алады. Сол себепті де бұл санаттағы жандарды паразит деуге болмайды. Өйткені паразитизмді анықтайтын бірінші сын – оның зорлық сипаты. «Донор» ағза өз еркінсіз, келісімінсіз, тек мәжбүрлі жағдайда ғана паразитке тіршілік қуатының бір бөлігін береді. Табиғаттағы кез келген паразит те өзгенің өмірлік энергиясын иемдену үшін ешқашан рұқсат сұрамайды.

Паразитизмнің екінші белгісі  – оның тіршілік ету тәсілінде. Жануарлар әлемінде бұл бейімделу ағзаның морфологиясы мен физиологиясы арқылы айқындалады. Ал адамдар әлемінде дәл сол қызметті қоғамдық ұйымдардың механизмдері атқарады. Паразиттік мінез-құлық иесі іс жүзінде ештеңе өндірмейді. Ең жақсы жағдайда, өзінің өмір бойы табысты «паразиттенуіне» мүмкіндік беретін мәртебені сақтауға тырысумен ғана шектеледі. Шығармашылықтан ада, еңбекке бейім емес жан тіршілігін өзгелердің есебінен жалғастыруға ыңғаланады.

Осы тұста біз тұрмыстық деңгейдегі паразитизмді – яғни ата-анасының қаражатына сүйеніп өмір сүретін ересектерді, жалғызбасты әйелдерді пайдаланып жүрген «Дон Жуандарды», қарызын қайтармайтын борышкерлерді – қоғамды жүйелі түрде улайтын әлеуметтік паразитизмнен ажыратып алуымыз қажет. Алғашқысы жеке қарым-қатынастар шеңберінде қалып қояды, ал екіншісі қоғамдық құрылымның ішіне орнығып, тұтас жүйе ретінде легитимді сипатта тіршілік етеді.

Әлеуметтанушы философ Лев Штуден барлық өркениеттерде әлеуметтік масылдықтың үш іргелі факторы барын айқындаған. Олар: саяси билік, коммерция және қылмыс.

Біріншіден, билік – қоғамды реттейтін, тәртіп орнататын тетік. Бірақ ол әрқашан әділдіктің құралы бола бермейді. Қолда шоғырланған билік мәжбүрлеу мен зорлықтың тетігіне айналғанда, белгілі бір топтар халық еңбегінің есебінен заңды түрде паразиттенуге мүмкіндік алады. Тарихта Қасым хан, Жәңгір хан сынды билік иелерінің еңбегі қоғамға игілік әкелген мысалдары бар. Алайда билік жемқорлықпен астасқанда, оның табиғаты түбегейлі өзгереді. Мұндай жағдайда басқару құралы игілікті әділ бөлуге емес, белгілі бір топтың мүддесін қанағаттандыруға жұмсалады. Мемлекеттік аппарат халыққа қызмет етудің орнына, «ресурстарды сорудың» заңдастырылған тетігіне айналады. Бұл – әлеуметтік паразитизмнің ең қауіпті түрі. Өйткені ол кездейсоқ құбылыс емес, тұтас саяси құрылымға сіңіп, формалды заңдар мен институттардың көлеңкесінде өмір сүре береді.

билік

Екінші мәселе – коммерция. Бастапқыда ол адамзат өркениетінің дамуына серпін берген табиғи құбылыс еді. Тауар мен ақшаның алмасуы қарапайым қажеттіліктен туындады. Біреуінде артық бидай бар, екіншісінде артық мал бар, олар айырбас жасайды. Уақыт өте келе осы айырбас жаңа экономикалық жүйелердің негізіне айналды.

Алайда тарих бізге мынаны дәлелдеді. Коммерция тек экономикалық құрал болып қалмай, бірте-бірте қоғамдық қатынастардың әмбебап логикасына түрленді. Бүгінде біз сауданың тек базарда ғана емес, ғылымда да, өнерде де, тіпті дінде де үстемдік құрып отырғанын көреміз. Зерттеулердің басым бөлігі – пайда әкелетін салаға бағытталады. Өнердің өзі нарық заңына тәуелд. Кітап қанша сатылады, фильм қанша табыс әкеледі деген сұрақтар шығармашылықтың ішкі құндылығын басып оза бастады. Діннің де экономикалық өлшемдері пайда болды. Қажылық, құрбандықтың кейбір рәсімдері коммерциямен астасып отыр.

масылдық

Ең қауіпті тұсы – коммерция ірі қаржы капиталымен араласқанда пайда болатын паразиттік сипат. Егер капитал адал еңбекке сүйенсе, ол жаңа өндіріс пен жұмыс орындарын ашады, қоғамды дамытады. Ал егер ол тек алыпсатарлыққа, жасанды бағаларды көтеруге, монополия құруға сүйенсе, онда ол «ақша жасаудың» өз алдына бір «өнеріне» айналады. Мұндай жағдайда капитал қоғамның ортақ еңбегін әділетсіз бөлудің құралы болып, әлеуметтік паразитизмнің заңдастырылған формасы болып қалады.

Үшінші қайнар – қылмыс. Қылмыс – заңға қайшы әрекет ретінде анықталса да, ол кез келген қоғамда кездесетін әмбебап құбылыс. Ешбір қоғамдық формация қылмыстан толық арылып көрген емес. Тіпті ең дамыған өркениеттердің өзінде ол өзінше түрленіп, қоғамның әр қабатына еніп отырады.

Әлеуметтанушылардың айтуынша, қылмыс  қоғамдық нормаларды бұзумен қатар, оның әлсіз тұстарын пайдаланып, «қара нарық» заңдылығын жасайды. Қылмыс бір жағынан биліктің әлсіздігін көрсетсе, екінші жағынан қоғамдағы әділетсіздікті пайдаланып, «жасырын экономика» ретінде жұмыс істейді. Айталық, сыбайлас жемқорлық – қылмыстың ең қауіпті түрі. Өйткені ол тек жеке адамның әрекеті емес, тұтас мемлекеттік институттарға сіңіп кететін дерт. Жемқорлық бар жерде әділдік болмайды, ал әділдік жоғалған қоғамда адамдар заңға емес, бейресми келісімдерге сенетін болады. Бұл мемлекеттің іргесін шайқалтады. Көлеңкелі экономика да дәл сондай. Заңға бағынбайтын кәсіпкерлік, жасырын сауда, салықтан жалтару – мұның бәрі қоғамның ортақ қазынасын әлсіретеді. Мемлекет бюджетіне түсуі тиіс қаражат қылмыстық топтардың қолына кетеді. Сондықтан қылмыс қоғамның даму мүмкіндіктерін тұсаулайтын әлеуметтік паразитизмнің бір түрі. Өйткені ол еңбекке емес, алдауға, зорлыққа, қиянатқа сүйенеді.

паразит

Сөзіміздің әлқиссасында адам қоғамның кішкене бөлігі екенін айттық. Сонда «адам өзгерсе ғалам өзгереді» деген шығыс даналығы ойымызға тиянақ болатынын көреміз. Демек, әлеуметтік масылдықтың алдын алу үшін адам ең алдымен өзінен бастау керек. Абай айтқандай, «Сіз айтсаңыз, отқа түсуге бармын деп желдендіріп алып, шаруасын қылмай-ақ, малын бақпай-ақ содан алып, киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді». Бұл тоғышар мінездің айқын суреті. Төле бидің даналығы ойға оралады: «Жігіт адамға бас кесір – еріншектік, ортаншы кесір – ұйқышылдық, кенже кесір – кедейлік». Бұл үш кесір – масылдыққа апаратын яки масылдықтан туатын кесапаттар. Сондықтан адам рухани жетіліп, қоғамға пайдалы азамат атануы үшін менмендікті ысырып, нәпсісін ауыздықтап, еңбекке бой үйретуі қажет.