Руханият • Бүгін, 08:53

Қазақ тойының төлқұжаты

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Махаббаттың мәңгі сазы. Иә, «Жас жұбайлар» әнімен талай шаңырақ шаттыққа кенелді. Талай күйеу жігіт пен қалыңдық осы әннің ырғағына биледі. Ертеректе онсыз той өтпейтін. Тіпті шетел қазақтарының да сүйіп тыңдайтын, қосыла шырқайтын әніне айналып үлгерді. Бір қызығы, осы бір бағы жанған шығарма ең алғаш Шет ауданының Ақшатау ауылында шырқалды. Пойызда келе жатып жарыққа шыққан ән осылайша қазақ ән өнерінің алтын сандығына енді.

Қазақ тойының төлқұжаты

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

1984 жыл. Белгілі жазушы Құлтөлеу Мұқаш шаңырақ көтеретін болып, жан-жақтағы ағайын-туыс, дос-жарандарына сауын айтады. Алматыдан бір топ курс­тасы бұл қуанышқа ортақтасайық деп пойызға мінеді. Оның ішінде белгілі сазгер, ән авторы Бекжігіт Сердәлі де бар еді.

Қуанышқа жол тартқан жас толқын вагон ішін думанға бөлейді. Өлең оқы­лып, ән айтылып, мәре-сәре. Содан сту­денттерді «Аты дардай Алматыдан келе жатырмыз, тойға не тарту етеміз?» деген сұрақ мазалайды. Әрі қарай сазгер Бекжігіт Сердәлі ән туар әсерлі сәтті былай баяндайды:

«Түн. Жүрдек пойыз иен далада жүйт­кіп келеді. Достарым ұйқыда. Ұйқым келетін емес. Қыздардың манағы «Тойға не сый алып барамыз?» деген сұрағы құлағымнан кетпей тұр.

Үстел үстiнде жол бойы дастарқанға айналған, балық майы сіңген «Лениншiл жастың» (қазiргi «Жас Алаш») қиындысы жатыр. Көзім соған түсті. Қиындыда – фотоэтюд. Екі жас ақ қайыңның астында қол ұстасып тұр. Оған жазылған екi шумақ өлең. Авторы көрсетiлмеген. Астында «Суреттi түсiрген Р.Ханалиев» деген жазу ғана бар.

Ақ қайыңның төгіліп нұр-шашағы,

Алаңқайды ақ қанат гүл басады.

Алақанға қондырып пәк сезімін,

Жас жұбайлар жарасып, сырласады.

Бірін-бірі көргендей бірінші рет,

Көп қарайды жанымды ұғыншы деп.

Қалқатайын аймалап күйеу жігіт,

Қалыңдық тұр күнәсіз күлімсіреп.

Газет бетiндегi суретте бейнеленген бозбала мен бойжеткеннiң сезiмдерiн дәл көрсетiп, дөп басқан мына жыр жолдарын қайта-қайта оқымау мүмкін емес. Ал пойыз вальс екпінімен тербетiле зымырап келедi. Доңғалақ ырғағымен ыңылдап едiм, жарасымды бiр әуен пайда болды. Келе-келе әнге айналды. Жастарға арналған вальске ұқсайды. «Лениншiл жастың» бетіндегі әлгi екi шу­мақты салып, айтып көрiп едiм, жастарға сыйлық болар әп-әдемi ән туып шыға келдi. «Жас жұбайлар» деп ат таңдым.

Таңертең тойға асығып, көңiлдерi алабұртып келе жатқан курстастарыма: «Мына әнді бәріміз қосыла тойда шырқасақ қалай болар екен?» деп әнімді тыңдатып көрiп едiм, бәрiне ұнады. Қайырмасы да жараса кетті.

Сендерге әрдайым орын бар,

Ақ отау төрiне қоныңдар.

Ақ тiлек – батамыз мiнеки:

Бақытты болыңдар, болыңдар!

Осылайша, дүниеге «Жас жұбайлар» атты жаңа ән келдi. Оны сәлден кейiн бүкiл вагон, ал Ақшатаудағы Құл­тө­леу­дiң үйлену тойында бүкiл ауыл айтып кеттi. Кейiн ол жастардың аузынан тас­­тамайтын сүйiктi әнiне айналды. Алғаш бұл әнді Дәрібаевтар отбасылық ансамблі кассета арқылы ел ішіне тарата бастады».

Осылайша, осы бір сезімнің әні алғаш рет Ақшатау ауылында шырқалды. Шаңырақ көтерген Құлтөлеу Мұқаш курс­тастарының тосынсыйын жылы қабыл­дапты. Алайда ән ел арасына кең таралады деп ойламапты.

«Мен 1984 жылы тамыз айында үй­лендім. Той қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Ақшатау елді мекенінде өтті. Ол кезде студент едік. Алматыдан он-он бес курстасым келді. Солар тойға тарту ретінде осынау «Жас жұбайлар» әнін қосыла шырқады. Тойға жиналған қауым әнді өте жақсы қабылдады. Әсері күшті болды. Сол жерде әннің сөзін, әуенін қайталап сұрап жатқандар болды. Тіпті ішінде үнтаспаға жазып үлгергендер бар-ау деймін. Әрине, тосынсыйға біз де қуандық. Бірақ кейін мұның елге кең таралып кететін әуен екені туралы ойлаған жоқпыз. Бертініректе, анығырағы, 1990 жылдың басында «Жас Алаш» газетінде жұмыс істейтін кезім еді, бір әріптес інішек үйленіп, соның тойына Шымкенттің Шаян ауылына бардым. Сонда репредуктордан осы әнді тыңдап, қайран қалдым. Магнитофонға жазылған таспа екен. Орындаған кімдер деп сұрағанымда, білетіндер: «Мұны Дәрібаевтар отбасылық ансамблі біраз­дан бері орындап жүр», деді. Олар Шымкент қаласында тұратын көрінеді. Жақсы орындады, бірақ әннің сөзін бірталай бұзыңқырап айтады екен. Әйтеуір, қалай болғанда да біздің тойы­мызда бірінші рет орындалған әуен осылайша арада жылдар өткенде алдымнан шығады деп күтпеппін. Алматыға келген соң, кейбір курстастарыма хабарласып, әсерімді айтқаным есімде. Ән осылайша біртіндеп кең таралып кетті ғой. 2017 жылы Шыңжаңның Үрімжі қаласындағы мейрамханада отырып, сондағы әншілердің орындауында «Жас жұбайлар» жырын тағы бір тыңдап қайран қалғаным бар. Кейін біреулер мұның Түркияда да кең таралып кеткенін айтты», дейді жазушы Құлтөлеу Мұқаш.

Әннің сөзін жазған ақын екі жылдан кейін табылыпты. Оның өзі бір қызық жағдай көрінеді. Бірде ҚазМУ қалашығындағы №5 жатақханаға «Ленин­шiл жастың» жiгiттерi кездесуге шақы­рылады. Болашақ журналистер мен осы шақтың журналистерi бiр-бiрiне түр­лi сұрақ қойып, сұхбаттасып, сырласып, мәре-сәре болып отырады. Кеш аяқтала бергенде журфактың студенттерi қонақтарға арнап ән айтатын дәстүр бар. Сол ізбен сазгер Бекжігіт курстастарымен «Жас жұбайларды» заулатады. Ән аяқтала бергенде «Лениншiл жастың» сол кездегi әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi, ақын Өтеген Оралбаев орнынан атып тұрып: «Бұл менің өлеңiм ғой!», деп айғай салыпты. «Жас жұбайлардың» қос авторы арада екi жыл өткенде осылай табысыпты.

«1984 жылдың тамыз айының аяқ кезі болса керек. «Лениншіл жас» газеті­нің Мәдениет бөлімінде «Ақ отау» атты жұбайларға арналған бет болатын. Мен осы бөлімнің меңгерушісі кезім. Жұмыс­қа Панфилов паркі арқылы өтіп келе­тін едім. Алаңға жақындағанда гүлзар­дың ортасында тұрған жас жұбайлар­ды көрдім, ақ көйлекті қалыңдық, кеуде­сіне гүл таққан жас жігіт. Тез жақындап келіп, сол жерде тұра тұруларын сұрап, телефон-автоматтан газеттің фототілшісі Рахымбай Ханалыны шақырдым, суретке түсіріп алдық. Арада екі-үш күн өткенде «Ақ отау» арнаулы бетін дайын­дап, бет ортасына сол суретті бердік. Газеттің кешкі редакциясында беттер­дің алғашқы нұсқасы дайын болғанда редакторға көрсетуге алып келеді. Сағат бестен кете бет қарап жатқанда редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов: «Мынау бір тамаша сурет екен, Өтеген, қазір 2 шумақ өлең жазып, текстовка ретінде беріп жібер, жан бітсін», деді. Кабинетіме келіп, жарты сағаттың ішінде 2 шумақ осы өлеңді жазып, кезекші редактордан беріп жібердім. Баспаханада оны теріп болып, сурет астына қойып, маған көрсетіп, нөмірге қол қойылып кетті. Сөйтіп, редакциялық тапсырма әнге айналды», дейді ақын
Өтеген Оралбаев.

Ән осылайша әлем қазақтарына тарады. Осы жылдарда шамамен екі миллионнан астам қазақ осы ән аясында үйленді. Талай жерде мұны халық әні деп те хабарлап жүр. Қытай қазақтары үйлену тойларын осы әнмен ғана бас­тайды екен. Бұл әнді қырғыздың ел әртісі Саламат Садықова қырғызшаға аударып, үйлену тойларын ашып жүр. Өзбектер де, татарлар да, түріктер де, елден қоныс аударған немістер де айтады. Моңғолиядағы қандастар да айта бастапты.

«Ән мәтінінде қателіктер бар екенін көптеген басылымда айттық, сұхбат бердік, мәтінін жарияладық, бірақ оған мән беріп жатқан әншілер аз», дейді ән авторы.

Қысқасы, Ақшатау ауылында алғаш шыр­қалған ән қазақ тойының төл­құжа­тына айналды десек, айып жоқ шығар.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар