
Құнанбай Өскенбайұлы Меккеге барып, қажылық парызын өтегеннен кейін халық оны пірадар деп танып, ізет-құрметін арттыра түседі. Алайда Мұхтар Әуезовтің романынан кейін оқырман Құнанбай болмысына әлі толық кемелденбеген жас Абайдың көзімен қарап, әулиелік табалдырығында отырған әке һәліне тым ерте баға беріп қойды. Социалистік санадағы қоғам мүмін, діндар Абайдан гөрі, өнер, ғылымды олардан артық көретін ойшыл дидарын жақсы көргісі келді. Рас, Абай көзқарасының эволююциясында мұндай да пікірлер болды. Алайда хакім ғұмырының соңғы жылдарында жазылған өлеңдердің мазмұнына қарасақ, әуелде айтқан діндар Құнанбайдың орнына өзі келіп жайғасқанын көреміз.
Польшадағы азаттық көтерілісіне қатысқаны үшін қазақ даласына жер аударылып келген поляк Адольф Янушкевичтің күнделігінде Құнанбай бейнесі былай суреттеледі: «Қарапайым қара халықтан шыққан Құнанбай жаратылысынан ақыл-парасат дарыған, керемет зерек, қара тілге шешен, байыпты, тыңғылықты кісі, халқының қамын ойлайды, оған жақсылық жасасам дейді, елінің ежелгі жол – жобасына, Әл құранда жазылған шариғат жолына аса жүйрік, Ресей өкіметінің қырғыздар жөніндегі заң ережелеріне өте жетік, қара қылды қақ жарған әділ, адал азамат. Құнанбай халқының қамқоры, оны жұрт пайғамбардай көреді, сондықтан одан ақыл-кеңес алуға тіпті бір қиырдағы ауылдардан жас пен кәрі, бай мен кедей ағылып келіп жатады. Тобықты деген мықты рудың қалауымен ол болыстық қызметке сайланып қойған, елден ерек білгіштігінің арқасында бұл қызметті тасқаяқтай қағыстырып, тамаша жақсы атқарады, оның айтқаны екі болмайды, қабағын қақса, іс орнына келіп жатады», дейді Құнанбай Өскенбайұлы туралы.
Абайтанушы Тұрсын Жұртбай А. Янушкевичтің бұл пікірі заман ағымына ықтап айтылған «Құнанбай сауатсыз, оқымаған, дін ісін шала білген, Ресейдің басқару жүйесін мойындамаған, елді, феодализмнің ескі заңымен басқарған», деген сияқты тиянақсыз тұжырымдарға тойтарыс бергенін жазады. Сонымен қатар Құнанбай қажының аса діндарлығы да оның «Құранның тұтқасы – «Бәдуамды» оқып отыратыны және айтылады. Оның шариғат, тариқат, мағрифат, хақиқат мақамдарына жеткеруші баспалдақ екені ескертіледі. Бірде Абай әкесінің үздіксіз бір дұғаны қайталап отырғанын байқап, «Бәлі, тәте, мен сізді дүниенің сырын біліп, ақиқатқа кетті ғой десем, «бәдуам» деген тіл сындыруға арналған шағын ғана дүние емес пе? Сіз беріде қалған екенсіз ғой» дейді әкесінің оқып отырғанын жеңілге балап. Сонда Құнанбай: «Әй, қап-ай, обалыңа мен қалыппын Абай. Кезінде үш ай медресседе оқытып, тастамай алып кетіп ем. Обалыңа қалған екенмін ғой. Жетпеген екенсің, жеңіл оқыған екенсің ғой. Мен сені түбіне жетті ме десем, тоқымай оқыған екенсің ғой. Бәдуам деген шариғат, тарихат, мағрифат арқылы ақиқатқа қол жеткізетін кітап емес пе? Соның әр сөзін ойлап, іштей қорытып отырамын. Қап, обалыңа қалыппын ғой Абай, жетпей оқыған екенсің ғой» деген екен. Артынша Абай басын шайқап, орнынан тұрып есіктен шығып кетіп бара жатқанда: «Үлкендермен байқап сөйлесу керек екен. Мына қара шалың қандай терең еді. Расында да үстірт оқыппын ғой. Кемшін екенмін ғой» деп айтқанын жеткізеді Тұрсын Жұртбай.
Расында құдайға бел байлаған адам үшін дін бірінші орында. Өмірінің ақырын құдайшылықа арнаған Лев Толстой да «Дін кімге екінші орында тұрса, оған ол мүлде жоқ» деп кесіп айтады. Хакім Абай да кейіннен «Мекен берген, халық қылған ол – ләмакан, Түп иесін көксемей бола ма екен» деп әкесі Құнанбайдың һәлінде күрсінеді. Сондықтан Абайдың жас кезіндегі жырларын үстірт оқып, оның ғұмырлық көзқарасы түбегейлі осы болды деп кесіп айту – әбестік. Құнанбайдың діндарлығын да ұшқарылықпен шатастырмау керек.
Келесі ескеретін дүние – Құнанбайдың Кенесары ханға қатынасы. Қазақтың соңғы ханы туралы кейбір батырлық жырларда аға сұлтанның патшадан шен алғанын алға тартып, Кенесары әскеріне қарсы шапқаны айтылады. Алайда бұл бұқара халықтың ақылына келетін алғашқы ой екенін, жырлаушы ақынның эмоционалды көңіл-күйінен туған баға екенін қаперге ұстау қажет.
Расында Құнанбай Кенесарыға қарсы болды ма? Оған қарсы әскер жіберді ме? Ақ патшаға қаншалықты адал болды? Бұл сұрақтардың жауабын Мұхтар Әуезовтың мына бір естелігінен табуға болады: «Құнанбайдың бұдан соңғы ел ісінде қалған бір ісі – орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғаны. Старшина күнінде Кенесарыны қуа шыққан орыс отрядымен бірге қазақтан кісі алып, қоса қуысқан. Қуған қол Кенесарының көшіне жетіпті. Көшінің жанында Кенесары атынан түсіп намаз оқыпты. Сонда орыс бастықтары шабайық дегенде, Құнанбай «намаз уақытында шаппаймыз», деп шапқызбай қойыпты. Сол жолда Құнанбай қолмен келе жатқан қазақтарды жиып алып, құр құдықтың маңында кеңесіп Кенесарыны ұстамауға, қас қылмауға уәделесіпті. Кейін атыс болғанда жуантаяқ Төбет деген батыр Кенесары қолының бір батырын қуып, найзаламақшы болған, соны Құнанбай сабапты», деп жазады.
Міне, осыдан-ақ Құнанбайдың қайткен күнде де «қазаққа болсын» деген ел үшін туған ер екені, құдайшылықты басты орынға қоятын хас мұсылман екені анық аңғарылады. Құнанбай болыс болмаса, оның орнына бәрібір басқа адам келіп, ел билеуші еді. Сондықтан ақыры орнайтын билік болған соң, Құнанбай сол биліктің низамына бағынып, өз халқының мүддесін көздеді. Құнанбай болмысын тану қиын да күрделі болатыны осы себепті.