Суретте: ғасырлық тарихы бар ағаш үй.
«Бұл үйдің құрылысында бірде-бір шеге жоқ. Шыршалардың сайлары арқылы қобыланып салынған көне жәдігер. Өздігінен құламайтын берік үй. 1928 жылы тұрғызылған. 1932 жылы Қарадала өңіріндегі Қырғызсай ауылындағы балалар үйін осы жерге көшіріп әкелген. Мектеп-интернатта балалар жатып оқыған. Бұл қара шаңырақта ауылымызда дүниеге келген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ республикасының Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрі Молдан Әлдербаев, тарихшы-академик Кеңес Нұрпейісов сауат ашып, білім алған. Осындай киелі шаңырақты сақтап қалуға ауылымыздан шыққан қалталы, жанашыр азаматтар әрекет етіп жатыр. Алдағы уақытта ауылдық музейге айналдырып, ел игілігіне жаратуға ниеттіміз», дейді ауыл азаматы, өнер жанашыры Ержан Қожахметұлы.
Жалпы аумағы 100 шаршы метрді құрайтын ағаш үйдің іші 3 бөлмеге бөлінген. Алғаш қаланғаннан бастап ауыл балаларының білім алуына есігін ашқан ағаш үй 2020 жылға дейін балабақша ретінде пайдаланылып келген. Одан бергі жылдары есік-терезелері бүлінгенімен, қабырғасы әктеліп, едені сырланған күйі тұр.
Алматы облысы,
Қарабұлақ ауылы