Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Британдық жазушы Джордж Оруэллдың саяси астары терең, аллегориялық «Мал қора» хи-каятын қайыра оқығанда әділетке ұмтылған қоғамның асқақ арманының қалай сағымға айналып, қабырғасы қақырай күйрегенін көзбен көріп, қолмен ұстағандай сезімде болдық. Артур Шопенгауэр: «Қоғамды сырттай қарасаңыз, комедиялық қойылым көргендей боласыз. Адамдарды бетперде тағып, әртүрлі рөлді сомдап жүрген актерлерге ұқсатуға болады. Тек озық ойлы таланттар ақымақтың, ал қауақ бас ақымақтар данышпанның рөлін иеленетіні өкінішті», дейтіні бар емес пе? Сол айтпақшы, Оруэлл ақпараттың күшімен ақымақтардың қалай данышпанға айналатынын қарапайым тілмен жеріне жеткізе өрнектейді.
1945 жылы жарық көрген хикаяттың сырт пішіні қарапайым ертегіге ұқсас болғанымен, оның астарындағы ой ағындарынан ХХ ғасырдағы саяси оқиғаларды әңгімелеп жатқанын, сол себепті де бұл туындыны кеңес одағында оқуға тыйым салынғанын түйсінесіз. Жазушының шеберлігі сол, «Мал қорадағы» сансыз образдардың кескін-келбетіне қарап отырып, баяғы заманды ғана емес, ат жалына қазан асқан қазіргі геосаяси ахуалды да жазбай танытады. Ішкі азалы үні булығып, азаттыққа ұмтылған үй жануарларының арпалысты тағдырына тереңдеп үңілсеңіз, данышпан рөліндегі «ақымақтардың» ел ойлағандай ақымақ еместігін, олар үздіксіз насихат жүргізіп, сананы улап, шым-шымдап ақиқаттың өңін өзгертіп жіберуге қауқарлы екенін сезесіз. Әлемдік демократия, адам теңдігі, әйел бостандығы деген сынды жылы ұғымдарға имандай иланып, жаңа заман танымын қоғамға орнықтыру жолында қасық қаны қалғанша күресетін қарашаның да түбі әділетсіз күштерге жем болуы мүмкін екені жаныңызды жабырқатады. Қазақтың «соқыр тауыққа бәрі бидай» дейтін тәмсілінің дәл айтылғанын мойындайсыз.
Әлем оқырмандарын өз магиясымен баурап, санаға ауыр ой арқалатқан шығарманың мазмұнын әңгімелеп беруден аулақпыз. Десе де, көркем туындыны әлі де оқи қоймаған оқырманға түсінікті болу үшін сәл-пәл спойлер жасауға тура келеді. Үй жануарлары адамның астамшыл билігінен құтылмақ болып, ферма басшысына қарсы бас көтереді. Амалы құрыған қожайын мал-мүлкінен бас тартып, басы ауған жаққа безіп кетеді. Осылай малшыдан азат болған жануарларға жаңа өмірдің қақпасы ашылып, үмітке толы мамыражай заман туады. Жануар атаулының құқығы теңеліп, өз еңбегінің жемісін өздері иеленіп, шуақты күндердің бал дәмін сезеді. Бірақ уақыт өте келе ұлы өзгерістің күнгейі күңгірттеніп, бақытқа бөлеген құшағы қатайып, билік тізгіні біржола қабандардың қолына ілігеді. Қабандар бастапқыда әділет жолын берік ұстанғанымен, біртіндеп өздерін басқа жануарлардан зор санай бастайды. Ең қиыны сол, бір кездері бостандық жолында күресіп, мал қораның тізгінін қолға алғандар хақ жолдан тайып, құбыласын өзгертіп, өзгелердің еркін шектеуге көшеді. Яғни қаламгер кеңестік кезеңдегі әділетсіздікті әшкерелеп қана қоймай, қызыл-жасыл ұрандардың, қызыл кеңірдек уәделердің мәңгілік емес екенін, бұқараға Тәуелсіздік пен Егемендік аспаннан түсіп, оңайдан бұйырмайтынын, халықтың атымен ту ұстағандар уақыт өте келе жеке мүддені күйттеп кету кәдік екенін ащы мысқылмен әжуалайды.
Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, қай заманда болсын қоғам көне салттардан қажып, жаңа құндылықтарға құлаш сермеуге бейім тұратыны бар. Сондай сындарлы сәттерде Оруэллдың еркіндік пен теңдікке ұмтылған кейіпкерлері сынды утопиялық сағымға арбалып, «скотизмнің» құшағына құламасақ екен дейсің. Өйткені сіз бен біз ұлы идеялары майысқақ, қадым қағидалары күнде өзгеретін қым-қиғаш заманда өмір сүріп жатырмыз.