Қоғам • Бүгін, 08:23

Ауылдың Жұлдызы

110 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Спорт пен шаруашылықты қатар игеріп, жібек баулы алтын қазығын ауылға қағып, өрісін қаладан тапқан Жұлдыз – жаңа заманның жасы. Төрт түліктің пайдасын түсініп, бабын табу – кез келгенге бұйдасын ұстатпайтын тірлік. Ал әр таңын түйе сауудан бас­тайтын Жұлдыз үшін мал шаруашылығы – өмірінің өзегі.

Ауылдың Жұлдызы

2005 жылы қаңтар айында Бекі ауылында туған Жұлдыз Өтепберген дзюдо шебері, ел чемпионы. Дзюдомен 6-сыныптан бастап айналысқан ол Ақтаудағы «Асмет Ұлас» жоғары педагогикалық колледжін дене шынықты­ру маман­дығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда жалындаған жас – Ақтаудағы «TAIQOT» спорт клубында бапкер. Жас бапкер әр шәкіртінің болашағына үмітпен қарайды әрі спортшы ретінде өзі де әлем чемпионы тұғырына көтерілуді армандайды.

Отбасында бір әпке, бір іні, екі сіңлісі бар Жұлдыз қаладағы жаттығудан қолы босай сала, Бекіге қарай жол тартады. Мұнда оны төрт түліктің жағдайын жасау дейтін хоббиі күтіп тұрады. Мотоцикл мен көлік жүргізетін шаруа қызға атқа міну де аса қиындық туғызған емес. Саумал сауып, малды өріске жіберу, ауыл­да қалған боталардың бабын жасау, қора тазалау, кешкі өрістен келер төрт түлігін түгендеп ауылға әкелу, қора­лау сынды жұмыс – мал шаруашылығын кәсіп еткен Жұлдызға қиын емес, қызық іс. Дала қызының шаруадан тынысы кеңейіп, жаны тыныштық табады.

«Ауылдағы еңбек адамды шыдам­дылық, жауап­кершілік пен табандылыққа тәрбиелейді» деп санайтын Жұлдыз Сауалбекқызы: «Мұн­дағы өмір маған ең ал­дымен – тыныштық. Ауыл­дың таза табиғатынан энергия аламын, ал мал баптау, төрт түлікті жайғау секілді жұмыс күш береді, ойды тазартады. Таңғы ас ішпестен бұрын түйе сауамын, себебі үйімнің берекесін арттырған төрт түлігім – мен үшін бі­рінші орында», дейді.

Спортзалда шәкіртте­рімен бірге жаттығып, ауыл­да ата-анасының кө­мекшісі болған қыз әлеу­мет­тік желіде де бел­сенді. Instagram, TikTok желі­лерін­де ауылдың тыныс-тірші­лігі, малды күтіп-бап­тау, жаю, көлік жүргізу, мал өнім­дерін да­йындау бағы­тын­да әсерлі жазбалары мен түсірілімдерін жиі жариялап, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Көктем – табиғаттың қайта түлеп, төрт түліктің төлдеп, қораның қозы-лақ пен бота-бұзауға толатын кезі. Мал шаруашылығының машақаты қай мезгілде де аз емес, әйтсе де көктемнің малшыларға қат-қабат тосатын қиындығы тағы бар. Осы қиындықтың өзін қызықты әрі тартымды контентке айналдыру Жұлдыздың қолынан келді. Шаруаны дөңгеленте жүріп, тартымды сәтті әдемі кадрмен желіге жүктеп, оқырманын қуантуға да уақыт тапты.

– Ауыл өмірі – жан-жақ­ты қалып­тасудың бастауы. Оны желіге жүктеудегі мақса­тым – ауыл тұрмысының мазмұнды әрі қызықты екенін көрсету. Мұндағы әр күн жаңа тәжірибе мен еңбекке толы, – дейді ол.

Арманы асқақ, мақсаты мол жас болашақта ауыл тұрмысы, мал шаруашы­лы­ғына қатысты этно­туризм­ді дамытып, жеке кәсіп­пен айналысқысы келеді. Болашағын туризм саласымен байланыстырған Маңғыстау өңірінде бұл қажетті әрі ұтымды жоба болары анық.

«Інілеріміз бар еді, өзің сияқты шаруаның жайын білетін қыз болса жақсы ғой», дедім әңгіме соңын әзілге бұрып. «Желіге ауыл өмірін саламын деп осындай ұсыныстан бас көтере алмай қалдым», деп сәл жымиған Жұлдыз ішкі сырының шетінен жайлап хабар беріп құтылды. Ал біз іштей ұлттық болмысымызды заманауи жаңғыртып қана қоймай, алға жетелейтін Жұлдыздай қазақы құндылыққа қанып өскен жастарымыз көп болсын деп тіледік.

 

Маңғыстау облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жылқы көбейсе – ел ырысы

Шаруашылық • Бүгін, 09:15

Жазатайым оқиға азаймай тұр

Мәселе • Бүгін, 09:00

Айтыс саңлағы

Руханият • Бүгін, 08:53

Өндіріс дамуының өзегі

Өндіріс • Бүгін, 08:43

Шығыны аз, шығымы мол

Аймақтар • Бүгін, 08:40