«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:18

Он мың ағаш егілді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Жалпыұлттық сипат алған науқанға барлық сала өкілдері мен қала, аудан, ауыл халқы атсалысып отыр. Облыс орталығы Тараз қаласын абаттандыру да жүйелі іске асып келеді.

Он мың ағаш егілді

Өңірде ұйымдас­ты­рылған жалпы­ха­лықтық сенбілікке шаһар жұрты бір кісідей бел­­сенді қатысты. Ауқымды шараға облыс әкімі Ербол Қара­шөкеев те үлес қосып, облыс жұртшылығының экологиялық мәдениетін қалыптастыруда аталған акцияның орны ерекше екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде патриотизм нақты істен, әркімнің жеке жауапкершілігінен көрініс табады. «Таза Қазақстан» эко­логиялық акциясы тұрғын­дардың бойында туған жерге деген құрметті арттырып, қоршаған ортаға жауап­кер­шілікпен қарауды қалып­тас­тырады», деді Е.Қара­шөкеев.

Жалпы саны 600-ге жуық адам қатысқан экологиялық акция аясында Тараз қаласына қарасты «Қызылабад» тұрғын алабында 10 мың қара тал егілді. Жауапты тұлғалардың айтуынша, мұндағы жұмыс бірреттік іс-шарамен тоқтап қалмақ емес. Биыл бұл аумақта 20 мың түп көшет отырғызу жоспарланған. Қалған 10 мың көшет күз мез­гілінде егіледі. Бұдан бөлек, Тараз жұрты «Қарасу-2» кана­лының бойындағы тазарту жұ­мысына қатысып, тұрмыстық қалдықты жинады.

ж

Тазалық жұмысы Жамбыл, Сарысу аудандарында да өтті. «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өткізілген сенбілікке жергілікті тұрғындар белсенді қа­тысты. Акцияның мақсаты – табиғи су көздерін қорғау, бұлақ пен өзен-көлді қоқыстан тазарту, сондай-ақ жас­тардың бойында табиғатқа жанашырлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Сарысу ауданындағы сенбілік Түркістан ауылдық округіне қарасты «Көсегенің көк жоны» аумағында ұйымдастырылды. Іс-шараға Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңес мүшелері, этнос өкілдері мен жас­тар атсалысты. Қатысушылар алдымен «Қамыр әулие» кесенесіне зиярат етіп, Құран бағыштады.

Жамбыл ауданында эколо­гиялық акция Айша бибі ауыл­дық округіне қарасты Әулие­көл аумағында өтті. Іс-шара барысында бұлақ көзі ашылып, айналасы абаттандырылды, сондай-ақ ағаш отырғызылды. Дереккөздерге жүгінсек, бұл аумақта ілгеріде 11 бұлақ көзі болған. Соның бірі қайта ашылып, ел игілігіне берілді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл бастама өңірді көгалдандыруға, төрт түліктің жайылымын жақ­сартуға оң ықпал етеді.

«Экологиялық іс-шараға әсіресе жастардың белсенділік танытып жатқаны көңіл қуан­тады. Еліміздің, өңіріміздің таза әрі жасыл аймаққа айналғанын бәріміз құптаймыз. Осы ба­ғыт­тағы жұмыстың үздіксіз жалға­сатынына сенеміз. Бұл қадам тұрғындардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға айтарлықтай ықпал етеді», дейді белсенді жас­тың бірі Жақсылық Гау­харбек.

Сондай-ақ дәл осындай акция Жуалы ауданында да ұйым­дастырылды. Аудан тұрғындары Ш.Мұртаза атындағы саябақта, Жастар саябағында, Талапты ауылында көгалдандыру, таза­лық жұмысын жүргізді. Жалпы,­­ ауданда санитарлық таза­лықты қамтамасыз ету бағы­тында жүйелі жұмыс қолға алынған. Жыл басынан бері Жуалы ауданында бірнеше сенбілік ұйымдастырылды. Елді мекендердегі арық жүйелері тазартылып, 460 тонна күл-қоқыс шығарылды.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар