Сауда • Бүгін, 09:55

Базардағы жаңа тәртіп: Баға айқындалып, бақылау тетіктері күшейеді

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде базарлардағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және тауар өткізу тізбектерін ашық қалыптастыру бағытындағы жұмыс күшейтілді. Бұл ретте өнімсіз делдалдарды қысқарту, көлеңкелі айналымды азайту және әділ бәсекелестікті орнықтыру негізгі басымдыққа айналып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Базардағы жаңа тәртіп: Баға айқындалып, бақылау тетіктері күшейеді

Фото: Ашық дереккөз

Сауда және интеграция министрлігі Премьер-министр тапсырмасы шеңберінде елдегі базарларда өнімсіз делдалдарды қысқарту жұмысын жандандырды. Басты назар бағаның негізсіз өсуіне әсер ететін факторларды жоюға және ашық тауар өткізу тізбектерін қалыптастыруға бағытталған.

16 сәуір күні Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Түркістан қаласында Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының базар иелері және сауда нысандары әкімшіліктерінің қатысуымен кеңес өткізді.

Ішкі сауда қағидаларын жетілдіру аясында заңнамалық деңгейде бөлшек сауда жүзеге асырушылар мен көтерме жеткізушілердің аражігі ажыратылды. Осылайша сатып алу-сату үдерісіне қатысушылар жүйеленіп, қосылған құн қалыптастырмайтын, бірақ соңғы бағаға әсер ететін өнімсіз делдалдардың қатысуы шектелді.

Комитет төрағасы базар иелерінің заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті. Негізгі талаптардың бірі – ақпараттық жүйелерді міндетті түрде қолдану. Бұл жүйелерде сатушылармен жасалған барлық шарттар, жалдау төлемдері мен сауда талаптары толық тіркелуі тиіс. Ашық цифрлық есептің болмауы нақты айналымның бұрмалануына, бейресми есеп айырысуларға және өнімсіз делдалдардың пайда болуына жол ашады. Осыған байланысты бақылау шаралары ең алдымен ақпараттық жүйелерді қолданбайтын субъектілерге бағытталып отыр.

Авиаотын нарығында делдалдар азайды

Ернұр Жәутікбаевтың айтуынша, еліміз бойынша базарлар қызметіне, әсіресе көтерме сауда сегментінде кешенді жұмыс басталды. Бұл жұмысқа Мемлекеттік кірістер органдары, ішкі істер органдары, антимонополиялық орган және жергілікті атқарушы органдар тартылған. Үйлестіру Сауда министрлігі тарапынан жүзеге асырылып жатыр.

Сонымен қатар салықтық әкімшілендіру құралдары күшейтілді. Оның ішінде сауда қызметіне хронометраж жүргізу тетігі енгізіліп, нақты айналым мен декларацияланған көрсеткіштерді салыстыру арқылы көлеңкелі айналым белгілерін анықтауға мүмкіндік беріліп отыр.

Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарады. Ақпараттық жүйелерді міндетті түрде қолдану талаптары орындалмаған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады, ал қажет болған жағдайда заңнамаға сәйкес неғұрлым қатаң шаралар қолданылып, іс сот тәртібімен қаралады.

«Базар – бұл жасырын схемалар орны емес. Әрбір қатысушы заң аясында жұмыс істеуі тиіс. Кез келген сауда қызметі ашық әрі цифрлық форматта жүргізілуі қажет. Ақпараттық жүйелерден тыс жұмыс істеу – жасырын экономика мен баға бұрмалаушылықтарының тікелей тәуекелі. Егер нарық қатысушылары белгіленген талаптарға сай жұмыс істеуге дайын болмаса, мемлекет барлық заңды тетіктерді дәйекті түрде қолданады», деді Сауда комитетінің төрағасы.

Әр өңірде облыс әкімдерінің орынбасарлары төрағалық ететін өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. Олар тауар өткізу тізбектерін талдап, өнімсіз делдалдарды анықтап, оларды тізбектен шығару бойынша шешім қабылдайды. Сонымен қатар кейбір өңірлерде бұл жұмыстың формалды сипатта жүргізіліп отырғаны да айтылды.

Жыл басынан бері елімізде 316 өңірлік комиссия отырысы өтіп, нәтижесінде сауда тізбектерінен 76 делдалдық буын шығарылған. Сауда комитеті әкімдіктерге бұл жұмыстың нақты нәтижелілігін қамтамасыз етіп, ашық әрі тиімді жеткізу тізбектерін қалыптастыруды күшейтуді тапсырды.

Жалпы, қабылданып жатқан шаралар жасырын экономиканың үлесін азайтуға, адал бәсекелестікті дамытуға және халық үшін әділ баға қалыптастыруға бағытталған.

Жұмыс сапары барысында Ернұр Жәутікбаев Түркістан облысындағы тұрақтандыру қорын, әлеуметтік дүкендерді және бірқатар базарды аралады. Мұндай кеңестер алдағы уақытта өзге өңірлерде де жалғасып, әр аймақтағы жағдай жеке қаралады.

15%-дық межеден асқан: Азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерге айыппұл салынды

Соңғы жаңалықтар

Кітап апталығы басталды

Руханият • Бүгін, 09:25

500 команда білім жарыстырды

Қоғам • Бүгін, 09:22

Бостандық жолы бұралаң...

Әдебиет • Бүгін, 09:20

Он мың ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:18

Бибісараның тағы бір белесі

Шахмат • Бүгін, 09:15