Фото: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы (архив)
Қаржыландыру шарттары нақты
Облыс орталықтарында жүзеге асырылатын жобалар үшін несие сомасы 3 млрд теңгеден аспауға тиіс. Ал моноқалаларда, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде бұл шек 1,5 млрд теңге деңгейінде белгіленген.
Субсидияланатын сыйақы мөлшерлемесі 10,75 % болып бекітілді. Инвестициялық мақсаттарға берілетін несиелерді субсидиялау мерзімі 5 жылға дейін, ал айналым қаражатын толықтыруға арналған қаржыландыру 3 жылға дейін қарастырылған.
Шетелдік маркетплейстерде сауда жасау: ел азаматтары үшін не өзгереді?
Қарсы міндеттеме – отандық өнімге басымдық
Мемлекеттік қолдау тек қаржылай жеңілдікпен шектелмейді. Кәсіпкерлерге нақты қарсы міндеттемелер жүктеледі. Атап айтқанда, қолдау алған нысандар сауда сөрелерінде отандық тауар өндірушілердің өнімін орналастыруға міндетті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша отандық өнімнің үлесі кемінде 20%, ал азық-түлік тауарлары бойынша 50%-дан төмен болмауы тиіс. Оның 30%-ы қолданыстағы ішкі сауда қағидалары шеңберінде, қосымша 20%-ы мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы қамтамасыз етіледі.
Министрлік отандық өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыруға бағытталған қосымша өзгерістерді де пысықтап жатыр. Егер кәсіпкер айналым қаражатын толықтыруға қаржы алса, ол тиісті тізілімге енгізілген отандық өндірушілерден тауар, шикізат және материалдар сатып алуға міндеттеледі.
Сондай-ақ тіркелгеніне 3 жылдан аспаған бастаушы отандық өндірушілердің өнімін олардың жазбаша өтінімі негізінде кемінде 3 ай мерзімге сауда алаңдарына тегін орналастыру талабы енгізіледі.
Бағаны негізсіз өсірген сауда орындарына 481 030 теңге айыппұл салынды
Тұрақтылық пен ашықтық талап етіледі
Қолдау алған кәсіпкерлер үшін тағы бір маңызды шарт бар: субсидиялау немесе кепілдендіру шарты жасалған күннен бастап 1 жыл ішінде жалдау ақысының мөлшерін өзгертуге тыйым салынады. Бұл талап нарықтағы тұрақтылықты сақтауға бағытталған.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге statgov.kz цифрлық жүйесі арқылы Ұлттық статистика бюросына есептілікті уақтылы тапсыру міндеті жүктеледі.
Alibaba мен Baidu акциялары Қазақстан қор биржасында саудаланады
Өңірлік сауданы жаңғыртуға бағытталған қадам
Жалпы алғанда, өткен жылы бөлінген 4,3 млрд теңге ішкі сауда инфрақұрылымын жаңғыртуға, жаңа форматтағы нысандар ашуға және өңірлік кәсіпкерлікті жандандыруға серпін берді.
Мемлекеттік қолдау тетіктері енді тек қаржыландыру құралы емес, отандық өндірісті қолдаудың және ішкі нарықты нығайтудың нақты тетігіне айналып отыр.