Елдің атын шығарған ерлердің ерлігі – мемлекетіміз үшін маңызды белес. Қазақстан жасағының қажырлы қайраты мен өр рухын, таптырмас тактикалық әзірлігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жоғары бағалады. Ел мерейін биіктеткен құрама қатарында «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкері Ислам да бар. Бүркеніш есімін «Темір» деп таңдаған снайпер KAZAKHSTAN А сапында сайыс барысында 2 рет рекорд орнатып көзге түсті. Әскерилер арасында екінің бірінің уысына түспейтін «күрең берет» иегері дайындық барысы мен алпауыттар арасында алға жетелеген күш туралы бізге әңгімелеп берді.
– Ислам, UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысындағы жеңіс құтты болсын! Дубайдағы доданың Қазақстан құрамасы үшін маңызы қандай болды?
– Кез келген ел үшін айбынды әскер – қауіпсіздік пен тәуелсіздік тірегі. Біздің еліміз әскерилердің әл-ауқатын жақсарту, техникалық-базалық қажеттіліктермен қамту, әскери жүйеге заманауи технологияларды енгізу мәселесіне байыппен қарап, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Жаһанда геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгі кезеңде күштік құрылымның жауынгерлік әзірлігі мен материалдық базаның жоғары деңгейде болуы маңызды. Біз, алдымен осы мақсатта тынымсыз тер төгеміз. Ал халықаралық аренада мемлекетіміздің әскери құрылымының даярлығын лайықты деңгейде паш ете алу – жауапты міндет. Сондықтан дүниенің әр бұрышынан жиналған арнайы жасақ бас қосатын SWAT Challenge-дері – қанымызда бар жауынгерлік рухты дәлелдейтін алаң. Сондай-ақ тәжірибе алмасып, қарым-қабілетімізді бағамдайтын жарыс болғандықтан ел намысын абыроймен қорғауға күш салдық.

– Әлем жұртшылығының жанары ауған бәсекеге іріктеу қалай өтті, дайындық барысы қалай ұйымдастырылды?
– Халықаралық дода болғандықтан құрама қатарына Қазақстанымыздың қауқарын шынайы көрсете алатын өкілдің қажет екені айдан анық. Осы миссия негізінде құраманы іріктеу жарты жыл бұрын өтті. Алдын ала арнайы әзірленген тапсырмалардан тосылмай өткен, шеберлігімен көзге түскен ең мықты жігіттер қатарға қосылды. Ал дайындық жүйелі жоспар негізінде өрбіді. Нұсқаушылар физикалық, атыс және тактикалық даярлық тұрғысынан қабілетімізді шыңдады. Әр әскеридің қауқарын жеке бағалап, олқы тұстарын оңалтуға күш салды. Жылдамдықты жетілдіруге арналған жаттығулар жиыны ұсынылып, нысана көздеу бойынша да дәлдік шеберлігімізді арттыруға көңіл бөлінді. Дайындық барысында нұсқаушылар әр сырғыған секундты өз пайдамызға асыруды үйретті. Нәтиже айқындағандай, тиянақты дайындық ақталып қана қоймай, Қазақстан қарулы күштерінің әскери-тактикалық әзірлігі халықаралық стандарттарға сай екені айқындалды.
– Кез келген командалық сында жеңіс тұғырынан табылу үшін құрама мүшелерінің әзірлігімен қатар міндеттерді өзара бөлісу, тапсырманы таусыла орындау мақсаты орындалуы керек екені түсінікті. KAZAKHSTAN С құрамасында аталған функциялар қалай жіктелді? Топты жеңіске жетелеген ұстанымды айтып беріңізші.
– Дұрыс айтасыз, жеңіс жүйелі жоспар сәтімен, сапалы орындалғанда ғана қанжығаға түседі. Біздің құрама міндеттерді дайындық барысында-ақ қамдады. Мерген және шабуылшы міндеті әскеридің қызмет етіп жүрген лауазымына сәйкес бөлінді. Ал кімнің, қандай тапсырманы орындайтыны дайындық кезінде әр адамның мүмкіндігіне қарай жүктелді. Меніңше, біздің топтың жеңіске жетуіне физикалық және функционалдық дайындықтың жоғары деңгейде болуы септесті. Сондай-ақ психологиялық тұрақтылық пен кәсіби шеберлік, команда мүшелері арасындағы сенімді тактикалық үйлесімнің үлесі де жеңіс үшін маңызды мәнге ие. Құрама арасындағы жанкештілік, бірін-бірі сөзсіз түсіну, қолдау, еліміздің көк байрағын әлемдік аренада жетілдіруге деген құлшыныс та үздік нәтижеге жетеледі деп ойлаймын.

– Жарыстың сіз үшін күрделі болған тұсы мен жарқын сәттері туралы пікіріңізді де білгіміз келеді...
– Жасыратыны жоқ, сайыс барысында қауіпті жаттығулар болды. Топ мүшелері өз міндетін мүлтіксіз атқара алғанының арқасында мұндай сәттерді еңсере білдік. KAZAKHSTAN С сапында үшін жарыстың екінші күніндегі тапсырмаларды 2 минутта орындап, рекордтық уақыт көрсеткішімен мәреге жетуіміз естен кетпес әдемі әсер сыйлады. Сондай-ақ сайыс барысында 18 секунд ішінде 5-қабатқа көтеріліп, нысананы жойғаным, өз кезегінде бұл нәтиже тобымыздың жеңіске жетуіне елеулі үлес қосқаны қуантады.
– Арнайы жасақтар арасында өтетін «олимпиадаға» теңелген бұл бәсекеде басты қарсыластарыңыз қай мемлекеттер болды?
− Бәсеке бар жерде нәтиже де жақсара түседі. Сондықтан мен бәсеке ұғымының жағымды тұстарын қаперге аламын. Бәсекелесу команданы өзара ұйыстырып, мақсатқа бір бағытта қарауға мүмкіндік береді. Ал UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысында Қытай Халық Республикасынан келген арнайы жасақ ерекше қабілеттілігімен назарымызды аударды. Сондықтан осы елден келген құрама лайықты қарсылық көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша аталған құрамадан озып, екінші орынға тұрақтадық. Қытай арнайы жасағы үздік үштікті түйіндеді.
– Ал жеңіске жеткендегі күйіңіз бен әсеріңіз қандай болды?
– Жеңіске жеткендегі әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ең алдымен, еліміздің абыройын асқақта алғанымыз үшін кеудемді мақтаныш кернеді. Бұл ғажайып сәттің артында уақытпен санаспай жасалған әзірлік, еңбек және маңдай тер тұр. Біз кәсіби қызметімізді атқара жүріп, халық пен Мемлекет басшысының үмітін ақтай алдық. Осы сезім жанымызды жадыратты.

– 16 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жүлделі оралған командаларды Ақорда резиденциясында қабылдап, салтанатты түрде марапаттады. Жоғары деңгейдегі қолдауды сезіне алдыңыздар ма, сондай-ақ Мемлекет басшысы алда тағы қандай міндеттер жүктеді?
− Президентіміз өткен жылы нәтижені жақсарта түсуді тапсырған. Біз жүктелген тапсырма үдесінен шыға білдік. Ал аталған рәсімде Президент «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін кеудемізге тақты. Еңбектің еленгені кімді де болсын шабыттандырады. Ал Президенттің қолынан марапат алу – аса зор мәртебе. Біз өз кезегімізде Дубай төрінде олжалаған кубокті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстадық. Сондай-ақ жоғары қолдауды сезініп, келер жылғы мақсатымызды тағы бір рет шегеледік. Асылында, чемпион болу мен чемпиондық атақты қорғап қалу табандылықты талап етеді. Келер жылы биылғы жеңістің кездейсоқ бұйырмағанын, нағыз чемпион атағына лайық екенімізді дәлелдеу міндеті тұр.
– Әңгімеңізге рақмет!