Қоғам • Бүгін, 17:02

Қазақстанда 10 жылдан асқан көліктерге салынатын салық төмендетіледі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, жаңа Салық кодексінде азаматтар мен бизнес үшін бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Солардың ішінде көлік иелеріне пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан автокөліктерге салынатын салық мөлшері төмендетіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда 10 жылдан асқан көліктерге салынатын салық төмендетіледі

Фото: freepik.com

Министрдің сөзінше, реформаның тағы бір басты қадамы – банктік шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту. Оның орнына кәсіпкерлерге өз қызметін тоқтатпай-ақ қателіктерін түзетуге мүмкіндік беретін алдын ала камералдық тексеру енгізіледі. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді цифрландыру мен сервистік модельге көшу көзделіп отыр. Мұндағы мақсат – бақылаудан гөрі бизнеске кеңес беріп, қолдау көрсету.

«Қарастырылған өзгерістер кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Салық есептілігін азайту және салықты азайту бизнеске қағазбастылыққа емес, дамуға назар аударуға мүмкіндік береді. Шоттарды автоматты түрде бұғаттаудан бас тарту – бұл әділ және ашық қарым-қатынасқа қарай жасалған маңызды қадам. Онда мемлекет компаниялардың жұмысын тоқтатудың орнына мәселені шешуге көмектеседі. Мұндай шаралар мемлекет пен кәсіпкер арасындағы диалогты нығайтып, қолайлы инвестициялық ахуал туғызады», деді Мәди Такиев.

Жаңа кодексте сараланған салық ставкалары, прогрессивті жеке табыс салығы және сән-салтанат салығы енгізілмек. Зейнетақы төлемдері ЖТС-тен босатылады, мүгедектігі бар адамдарға қосымша салықтық шегерімдер беріледі, әлеуметтік маңызды медициналық қызметтер ҚҚС жеңілдіктерімен қамтылады.

Бизнес үшін арнайы салық режимдері оңтайландырылып, енді тек үш түрі қалады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, жеңілдетілген декларациямен жұмыс істейтін шағын бизнес үшін және фермерлер үшін. Сонымен қатар ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 70 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін төмендетіліп, салық төлеушілердің шеңбері кеңейтіледі.

«Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталов та бизнес пен мемлекет арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтіп, қажет болған жағдайда Салық кодексіне жедел түзетулер енгізуге дайын екендерін жеткізді.

​«Біз кәсіпкерлермен және уәкілетті органдармен пікір алмасамыз. Мәселенің бір бөлігі ішкі нормативтік құжатпен реттеледі. Егер тәжірибе Салық кодексіндегі кейбір тармақтың есепке алынбағанын және оның бизнеске теріс әсер ететінін көрсетсе, онда ҰКП Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен бірге НҚА-ға қажетті түзетулерді жедел енгізе алады», деді ол.

Соңғы жаңалықтар

2,4 миллиард несие берілген

Шаруашылық • Кеше