Шымкент • Кеше

Шымкенттегі ұзақ өмір сүру орталығына 130 адам барып жүр

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев қаладағы бірқатар әлеуметтік мекеменің қызметімен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкенттегі ұзақ өмір сүру орталығына 130 адам барып жүр

Атап айтқанда, ол 240 орынға есептелген №2 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын аралады. Мұнда 18 жастан асқан психоневрологиялық сырқаты бар азаматтарға стационарлық қызмет көрсетіледі. Бүгінде ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге және инженерлік желілерді жаңартуға қажеттілік туындап отыр. Бұл мәселе тиісті мемлекеттік органдар мен сарапшылардың қатысуымен жұмыс тәртібінде қаралады.

Сонымен қатар Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына ерекше назар аударылды. Аталған орталық аға буын өкілдері арасында үлкен сұранысқа ие. Мұнда зейнеткерлерге медициналық және психологиялық кеңестер, спорттық және шығармашылық үйірмелер, компьютерлік сауаттылық пен шет тілдерін үйрету сияқты кең ауқымды қызметтер көрсетіледі. Бүгінде орталықтың мүмкіндіктерін 130-ға жуық адам пайдаланып жүр.

Сапар барысында Ермек Көшербаев зейнеткерлермен тілдесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдады. Шымкент қаласының тұрғыны Айнагүл Мырзаева орталыққа келгеннен кейінгі өз әсерімен бөлісті.

«Бұрын көп уақытты үйде жалғыз өткізетінмін. Мұнда жаңа достар таптым, түрлі қызықты істермен айналысамын. Көңіл-күйім көтеріліп, өмірге деген құлшынысым қайта оралды. Біз билейміз, әңгімелесеміз, мұнда денсаулығымызға да мұқият қарайды», — деді ол.

Сол күні орталықта әуен ойнап, зейнеткерлер вальс билеп, жастық жігер мен өмірге деген құлшыныс адамның жасымен өлшенбейтінін көрсетті.

«Қарт адамдардың денсаулығын сақтау ғана емес, оларды қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау аса маңызды. Шымкентте біз медициналық қызмет, мәдени даму және жылы қарым-қатынас ортасын үйлестірген үлгіні көріп отырмыз. Мұндай орталықтар – аға буын үшін нағыз тірек. Еліміздің әр өңірінде осындай мекемелер ашылып, бірде-бір қария қамқорлықсыз қалмауы үшін жұмыс істейміз», — деп атап өтті Ермек Көшербаев.

Бүгінде Шымкент қаласында 99 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың ішінде 1 482 тыл ардагері мен Ұлы Отан соғысының 1 ардагері бар. Оларға қамқорлық көрсету – тек қоғамның ғана емес, мемлекеттің де басты міндеті. Үкімет мұндай орталықтардың дамуын жүйелі түрде қолдап келеді. Себебі олар аға буын өкілдеріне құрмет пен сенімділік сезімін беріп, лайықты өмір сүруіне мүмкіндік жасайды.

Соңғы жаңалықтар

Семей-Астана тасжолы тазаланды

«Таза Қазақстан» • Кеше

Жылумен қамту - жауапты міндет

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Алматыда дәмхана өртенді

Төтенше жағдай • Кеше