
Оның айтуынша, бұрынғы 170 мың теңгенің орнына қазір аула сыпырушылар 350 мың теңгеге дейін жалақы ала алады. Сонымен қатар, қала аудандарын тазалау ісіне тартылған мамандардың саны екі есеге артып, 3 175 адамға жетті.
Жаңа жүйе бойынша әрбір ауданға бір ғана мердігер жауап береді. Ол көше, тротуар, арық, аялдама және жасыл аймақтардың тазалығын толық қамтамасыз етпек. Бұрын бір аумақта бірнеше компания қатар жұмыс істеп, жауапкершіліктің нақты бөлінбеуі мен қосымша шығындардың туындауына әкелетін.
«Фасадтан фасадқа дейін» қағидатының енгізілуі жұмыстарды үйлестіруге және бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Қала әкімдігі ресурстары жеткілікті бес мердігер компаниямен ғана жұмысын жалғастырады. Қалғанымен келісімшарттар тоқтатылады. Бұдан бөлек, сапалы санитарлық тазалық жүргізу үшін үш ауысымды тәулік бойғы жұмыс кестесі енгізіліп, қосымша 300-ден астам арнайы техника сатып алынбақ.