
Доллар неге өсті?
Сарапшының айтуынша, доллар бағамының көтерілуіне бір ғана себеп емес, бірнеше ішкі және сыртқы факторлар қатар әсер еткен.
«Ең әуелі, бұл АҚШ-тың ақша-несие саясатына, дәлірек айтсақ, АҚШ Федералды резерв жүйесінің (ФРС) базалық мөлшерлемеге қатысты шешімдеріне байланысты. Қазір нарық ФРС-тің мөлшерлемені көтеруі мүмкін деген күдікпен жүр. Мұндай жағдайда доллар халықаралық аренада нығая түседі», дейді ол Digital Business-ке берген сұхбатында.
Сонымен қатар Ұлттық банк ұстанып отырған еркін айырбас бағамы саясаты да өз әсерін тигізіп отыр. Бүгінде теңге бағамы нарықтық жолмен қалыптасып келеді. Яғни, мемлекет жасанды түрде ұстап отырған жоқ. Бұған қоса рубль мен юань бағамдары да маңызды рөл атқарады. Өйткені еліміз Ресеймен де, Қытаймен де тығыз сауда жасайды.
«Жаз мезгілі маусымдық өзгерістер кезеңі. Демалыс, шетелге сапар, импорттық тауарларға сұраныс сияқты себептерге байланысты шетел валютасына деген сұраныс артады. Бұдан бөлек, шілде айы салық, несиелер мен сыртқы төлемдер кезеңі. Компаниялар шетелдік жеткізушілерге төлем жасап, есеп беретін уақыт. Көп жағдайда нарықтағы ойыншылардың психологиялық көңіл-күйі де шешуші рөл атқарады. Үкіметтің «біз теңге бағамын еркіндікке жібереміз» деген мәлімдемесі көпшілік тарапынан «доллар әлі де өседі» деген белгі ретінде қабылданған болуы мүмкін», дейді сарапшы.
Бұл жағдай алдын ала болжанды ма?
Бекнұр Кисықов доллар бағамын болжау түбірімен күрделі нәрсе екенін айтады. Өйткені оған әсер ететін фактор өте көп. Оның ішінде кейде күтпеген мәлімдемелер, айталық, премьер-министрдің сөйлеген сөзі немесе Ұлттық банктің үнсіздігі де үлкен реакция тудыра алады. Қазір нарық өте құбылмалы. Бүгін бір жаңалық шықса, ертең баға өзгеріп кетуі мүмкін.
«Қазіргі бағам өсімі уақытша құбылыс. Оны нақты экономикалық негіз емес, көбірек эмоциялық және маусымдық факторлар қозғап отыр. Егер алдағы аптада мұнай бағасы 90-100 долларға жетсе, теңге нығаюы мүмкін. Керісінше, мұнай арзандаса, доллар одан әрі өсуі ықтимал. Сондықтан қазір нақты баға беру қиын», деп түсіндірді сарапшымыз.
Ұлттық банк неге әрекет етпей отыр?
Экономист Бекнұр Кисықов бас банктің интервенция жасамауын әлсіздік емес, керісінше, дұрыс стратегиялық шешім деп бағалайды.
«Ұлттық банк араласуы мүмкін, бірақ тек аса қажет жағдайда. Интервенция дегеніміз валюталық резервтерді нарыққа шығару арқылы доллар ұсынысын арттыру. Бұл уақытша шара. Ал ұзақ мерзімде Ұлттық банк еркін нарықтық бағамды ұстануға тырысады. Себебі оның бәрі ашық әрі тиімді жүйе», дейді ол.
Алайда сарапшының ойынша, Ұлттық банк халықпен ашық әрі түсінікті тілде сөйлесуді күшейтуі керек. Шынында да, интервенция жасау бір бөлек іс, ал халыққа не болып жатқанын түсіндіру одан да маңызды. Қазір ақпарат аз. Адамдар арасында алып-қашпа сөздер, жалған үрей көбейеді. Сондықтан Ұлттық банк тарапынан тұрақты түсіндіру жұмыстары, ашық брифингтер қажет-ақ.
Қарапайым халық не істегені дұрыс?
Сарапшы отандастарымызды дүрбелеңге салынбауға шақырады. Қазір бар ақшаны долларға ауыстырып, асығыс шешім қабылдау – тәуекел. Егер сіздің алдыңызда нақты шетелге шығу, шетелдік келісімшарт төлеу сияқты жоспар болмаса, асықпаңыз. Керісінше, ең ақылды шешім – активтерді әртараптандыру. Яғни, қаражаттың бір бөлігін теңгемен, бір бөлігін доллармен, мүмкін басқа валютамен сақтау. Доллар бағамының өсуі қазіргі экономикалық жағдайдың жиынтық көрінісі. Оған сыртқы факторлар да, ішкі шешімдер де әсер етіп жатыр. Бірақ сарапшы бұл жағдайдың уақытша екенін айтады.