
Фото: admaer.ru
Қарбалас шақта елордада еңсеріліп жатқан еңбек туралы айтуға «Астана су арнасы» мекемесінің жетекші жылу инженері Маулет Абдрахманов аз-кем уақытын арнады. Саналы ғұмырының 38 жылын жылу желілерінің қауіпсіз әрі қалтқысыз қызмет етуіне арнаған маман тармақталған құбырларды біртұтас адам ағзасына балайды. Саланы тамыршыдай тап білетін жетекші жылу инженерінің пайымдауынша, тәннің бір тұсы сыздаса, тұтас жан қалыпты тынысынан айырылатынындай, бір жылу желісінен ақау шықса, өзге арналарға да кері әсерін байқатпай тұрмайды. Сондықтан, адам баласы денсаулығын әр минутта қуатпен қамтып, аурудың алдын алу үшін қамданса, жылу мамандары жыл он екі ай құбырлардың қысымын, су температурасын ыждағатпен бақылайды.
«Қарапайым тұрғындар жылу мамандарының жұмысы тек қыста ғана қызады деп жаңсақ ойлап жатады. Бұл әсте шындыққа жанаспайды. «Қыстың қамын жазда ойлайтын» бір сала болса, ол жылумен қамту саласы. Себебі көктемде жылу маусымы тоқтатылғанда-ақ әр құбырдың жайын бағамдау, келесі маусымға жарамдылығын бажайлау іле-шала басталады. Қазандықтар мен негізгі жабдықтардың жұмыс ритмі де тиянақты тексеріледі. Ал жазда анықталған ақауларды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына білек сыбана кіресеміз», деген Маулет Айсанұлы қыста тұрғындарға қолайсыздық тудырмау әр жұмысшының мақсаты екенін тілге тиек етті.
«Ала жаздай теккен төрдің жемісі қыста анық көрінеді. Сондықтан бізге жөндеу жұмыстарын жазда 100 пайыздық деңгейде аяқтау жүктеледі. Ал қыста құбырдағы су температурасының шамадан тыс қызып кетпеуін, олардың үздіксіз жұмыс істеуін қадағалаймыз. Жұмыс барысында қыста құбырлардан ақау шыққан кездер де кездесті. Мұндай сәтте тұрғындарды дереу құлағдар етіп, сол аумақтағы құбырларды бекітіп, су температурасын түсіруге күш саламыз. Уақыт-сағатпен санаспай жылу берілгенше тер төгеміз», деді «Астана су арнасы» мекемесінің жетекші жылу инженері.
Маулет Айсанұлы Астанадағы жаңадан бой көтеріп жатқан нысандарын жылумен қамту бағытындағы есеп тобында да қызмет атқарады. Кейіпкеріміз нысанның аумағына қарай қазандықтардың орналасу арақашықтығын анықтайды. Ол бұған дейін Жезқазан, Қарағанды қалаларында тәжірибесін толыстырған жылу инженері ретінде саланың қыр-сырын меңгеру көбірек талаптанумен уысқа түсетінін айтты.