
Суретті түсірген – Жұмабеков
Бұл Ласло Кёвердің Қазақстанға жасаған үшінші сапары. Бұл жайт Мажарстан тарапынан Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге деген ерекше ықыласты көрсетеді. Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Будапештте болып, екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған еді. Қазіргі сапар сол келісімдердің жалғасы болып отыр.
Ерлан Қошанов өз сөзінде Қазақстан мен Мажарстан парламенттері ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниетті екенін айтты.
«Кейінгі жылдар қазақ-мажар қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерудегі маңызды кезеңге айналды. Бұл қос ел көшбасшыларының мызғымас достығының, ерен еңбегінің арқасы деп білеміз. 2023 жылы Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбан Қазақстанда ресми сапармен болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Мажарстанға мемлекеттік сапары нәтижелі өтті. Стратегиялық келісімдерге қол қойылып, маңызды уағдаластықтар жасалды. Енді осы келісімдерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз», деді Мәжіліс төрағасы.
Кездесу барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты арттыруда достық топтарының рөліне және заң шығару тәжірибесін бөлісудің маңызына тоқталды. Ерлан Қошанов парламентшілер арасындағы диалогтың жоғары қарқынына назар аударып, Ласло Кёвердің сапары екі жақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ, тараптар халықаралық ұйымдардағы өзара қолдаудың маңызын атап өтті. Қазақстан мен Мажарстан депутаттары Парламентаралық Одақ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеялары аясында тұрақты түрде әріптестік орнатып келеді. Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы шеңберіндегі ықпалдастық та нәтижелі екені айтылды.
Ерлан Қошанов мажар әріптестеріне Қазақстанда қолға алынып жатқан реформалар туралы кеңінен әңгімелеп берді. Ол Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған бастамаларға тоқталып, парламенттік реформаларды жүзеге асыру үшін қабылданып жатқан заңнамалық шараларды түсіндірді. Әсіресе цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы жаңа заң жобаларына назар аударды.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс Жасанды интеллект туралы заңды екінші оқылымда қабылдайды. Заңда оны барлық деңгейде қолданудың құқықтық принциптері мен тәсілдері айқындалған. Мажарстан осы салада нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Қазақстан бұл бағытта ынтымақтастықты дамытуға және осындай жобаларды іске асыруда тәжірибе алмасуға мүдделі.
Өз кезегінде, Ласло Кёвер қазақ пен мажар халықтарының тарихи тамырластығына тоқталып, парламентаралық қарым-қатынастың елдер арасындағы серіктестікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Ол Қазақстанда жоспарланып отырған бір палаталы парламент моделіне қатысты Мажарстанның тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.
«Құндылықтарымыз, дәстүрлеріміз бен ортақ тарихымыздан бөлек, бізді бүгініміз бен болашағымыз да байланыстырып, жақындатып отыр. Сіз Қазақстанда келешекте бір палаталы парламентке көшу жоспарланып жатқанын атап өттіңіз. Қажет болған жағдайда біз Мажарстанның осы процестегі тәжірибесімен бөлісуге дайынбыз», деді Ласло Kёвер.
Бұдан бөлек, тараптар сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит, энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестіктің келешегін сөз етті.
Кездесу соңында Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының атынан Ласло Кёверге Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан еңбегі үшін «Достық» орденін табыс етті.