
Депутат өз сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына айрықша мән беріп отырғанын атап өтті. Ол 2019 жылдан бастап атқарылған жұмыстарды еске салды: білім саласының бюджеті үш есе артқанын, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылғанын, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 жаңа мектептің салынатынын, оның 128-і пайдалануға берілгенін, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 60-тан астам мектеп ашылғанын айтты.
Сонымен бірге, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілгенін, бүгінде 74 мұғалім осы құрметке ие болғанын, екі ұстаздың «Қазақстанның Еңбек Ері» атанғанын жеткізді.
Сонымен қатар, Қайрат Балабиев білім сапасын жетілдіру үшін Үкіметке мынадай ұсыныстарын білдірді:
-
Бастауыш сыныптарда «Әліппе», «Ана тілі» мен математика пәндерін негізгі ретінде қалдырып, дамыту. Баланың оқу сауаттылығы 1-сыныптан бастап «Әліппемен» әріп үйрену, буынға қосып оқу арқылы қалыптасуы тиіс.
-
Жоғары сыныптарда кәсіби бағдар негізінде қазақ тілі, қазақ әдебиеті, математика, жаратылыстану, тарих, құқық, шет тілдері сияқты пәндерді тереңдетіп оқыту. БЖБ мен ТЖБ сияқты формалды бағалау жүйелерін алып тастап, бағалауды құндылыққа және жеке даму прогресіне негіздеу.
-
Балабақшадан бастап мектепке дейінгі бағдарламада еңбекке баулу, шығармашылыққа үйрету және тұлғалық дамуға бағытталған бірыңғай әдістемені енгізу. Бірыңғай мектеп формасын бекіту арқылы ата-аналардың артық шығынға ұшырамауын қамтамасыз ету. «Әлеуметтік әмиян» жүйесін тиімді іске қосып, мұқтаж отбасыларға автоматты қолдау тетіктерін енгізу.
-
Мұғалімдерді артық есеп беруден босатып, тек оқыту мен тәрбиеге көңіл бөлуіне жағдай жасау.
-
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын тәжірибеге негізделген және нақты құралдармен жабдықталған жүйеге көшіру.
Депутат бұл шаралар білім беру сапасын арттыруға, ұстаздардың кәсіби әлеуетін күшейтуге, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге ықпал ететінін айтты.