Кәсіпқой бокс • Бүгін, 08:10

Тарихи жекпе-жек өтпейтін болды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстан орта салмақта IBF және WBO чемпио­ны Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) 7 желтоқсанның таңында кезекті жекпе-жегін өткізуі керек еді. Тәжірибелі кубалық Эрисланди Ларамен тартысқа түсіп, үш бірдей белбеудің чемпиондық атағы үшін айқасқа сақадай-сай әзір де болды. Бірақ...

Тарихи жекпе-жек өтпейтін болды

Доданың дүбірі құлақ түбінен естіліп, сайыстың мезеті таяғанда тосын хабар шықты. Жер астынан жік шығарған – WADA ұйымы. Жәнібек Әлімханұлын допинг тесттен өткізген компания тыйым салынған дәрмек қолданды деген қорытынды шығарды. Кәсіпқой бокста WBA чемпиондық белбеуіне ие Эрисланди Ла­раның (31-3-3, 19 KO) «есін екеу, түсін төртеу етемін» деп төрт ай бойы тынымсыз әзірлік жүргізген жерлесімізге бұл жайт оңай соққан жоқ.

«Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Оны насихаттап жүргенімді де жақсы білесіздер. Жаңалықты оқып, таңғалып отырмын. VADA бірінші рет анализ алып бәрі таза деп еді. Мен дәрумендерге де, тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет тесте неге мұндай болғанын түсінбей отырмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтеміз», деді Жәнібек Әлімханұлы.

Қазақ боксшысының қаны­нан тұтынуға тыйым салынған мельдоний препаратының табылғанын «The Ring» журналы жариялады, артынша Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) да ақпаратты растады.

«Біз бұл тарихи жекпе-жекке төрт ай ауылдан жырақ кетіп, АҚШ-та жаттығу өткердік. Жәнібек кәсіпқой бокста үш бірдей чемпиондық белбеуге ие тұңғыш қазақ боксшысы атанатын сәт жақын қалып еді. Бұған мойымаймыз, осы биігімізге жету жолында қаншама қиындық, кедергіні еңсердік. Кәсіпқой бокстың майталман мамандарының аузында қазақ баласы Жәнібек жүр. Біздің саңлағымыз туралы толғана айтады. Өйткені Qazaq style әлем назарында. Қазақ елінің бокс­шыларын әлем түбінде мойын­дайтын күн туады», дейді боксшының промоутері Берік Сұлтан.

Әлімханның ұлы халық­аралық ұйымның бұл айыптауымен келіспейтінін айтты. WADA-дан тағы да сынама алуды талап ететінін жеткізді. Әрдайым қолдау көрсететін жанкүйерлеріне разылығын білдірген боксшы қандай сынақ кесе көлденеңдесе де сынбайтынын айтты.

42 жастағы кубалық бокс­шы Эрисланди Лара кәсіпқой бокстың көрігінде 17 жылдан бері шыңдалып келеді. Тәжі­рибелі саңлақ әуесқой бокста бағын сынағанда да әлем чемпио­ны атанды. Лара 6 желтоқсанда колумбиялық Йохан Гонсалеске қарсы жекпе-жекке түсетін болды. Өкінішке қарай, жер­лесіміздің төрт ай уақытын сарп етіп, қажыр-қайратын сарқыған еңбегі еш кетті.

Соңғы жаңалықтар