– Қазақстан мен Еуропа Одағы өзара тәжірибе алмасу және технологияларға инвестиция салу арқылы анағұрлым инклюзивті әрі заманауи цифрлық экономиканы құруға кірісті. Елдеріміз Team Europe Initiative on Digital Connectivity («Еуропа командасының» цифрлық байланыс жөніндегі бастамасы) аясында жерсерік арқылы интернетке қауіпсіз қосылу, әсіресе, ауылдар мен шалғай елді мекендердің ғаламторға қол жеткізуі бойынша әріптестікті жолға қойды. Сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа Одағының алғашқы инновациялық кампусын Astana Hub аумағында орналастыру мүмкіндігін қарастыруға келістік. Бұл стартаптар, технология зерттеушілері және цифрлық сала кәсіпкерлері бас қосатын алаң болмақ. Қазақстан Еуропа Одағының дүние жүзінде қауіпсіз әрі сенімді цифрлық байланысты қамтамасыз етуге бағытталған Horizon Europe бағдарламасы мен Global Gateway тұжырымдамасын жоғары бағалайды. Біз осы үдеріске белсенді атсалысқанымызды мақтан тұтамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ұзақмерзімді әрі табысты серіктестік үшін адамдар арасындағы байланысты нығайтудың маңызы зор екеніне назар аударылды.
– Білім, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларында бізге ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Еуропа Одағына ризашылығымды білдіремін. Мыңдаған қазақстандық жастар ЕО бағдарламаларына қатысып, соның ішінде Erasmus+ аясында білім алып жатыр. Еуропа Одағы осындай байланыстарды одан әрі кеңейтуге бейіл. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Қазақстан университеттер арасындағы серіктестікті тереңдету, бірлескен бағдарламаларды іске асыру және біліктілік деңгейін өзара мойындау арқылы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға әзір. Сонымен қатар азаматтарымыз үшін визалық рәсімдерді жеңілдету бойынша Еуропа Одағындағы серіктестермен ықпалдастық жалғасады деп үміттенеміз. Өзара барыс-келісті оңтайландыру білім, ғылым және мәдениет салаларындағы байланыстарымызды кеңейтуге, іскерлік белсенділікті жандандыруға оң септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.