Президент энергетика, көлік, цифрландыру және өнеркәсіп салаларында қызмет ететін 4 мыңнан астам еуропалық компанияның экономикамызға қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның еуропалық бизнеске тұрақты әрі ашық инвестициялық климатты қамтамасыз етуге бейіл екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев гуманитарлық ынтымақтастыққа айрықша назар аударып, Еуропа Одағының білім беру бағдарламаларына ризашылығын білдірді. Оның аясында 5 мыңнан астам қазақстандық студент пен оқытушы Еуроодақ елдерінде білімін жетілдіріп, тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.
Мемлекет басшысы визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялар туралы келісім жасауға дайындық жұмыстары басталғанын құптады.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропа Одағы мен Орталық Азияның С5+ЕО форматындағы белсенді диалогын қуаттайды. Аталған платформа орнықты өсім және өзара байланыс саласындағы ортақ мүдделерді ілгерілетуге жол ашты.
Мемлекет басшысы С5+ диалогы аймақты дамытудағы басымдықтарды жүзеге асырудың тиімді тетігіне айналғанын жеткізді.