Медицина • Бүгін, 17:40

Астанада МӘМС арқылы көзге оталар жүргізіліп жатыр

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадағы медициналық ұйымдарда, оның ішінде жекеменшік клиникаларда пациенттер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында сапалы офтальмологиялық көмек ала алады. Бұл тек мамандардың кеңестерін ғана емес, көзге жасалатын жоғары дәлдіктегі операцияларды да қамтиды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Астанада МӘМС арқылы көзге оталар жүргізіліп жатыр

Желтоқсан айының басында қала клиникаларының бірінде 69 жастағы пациентке ота жасалды. Ота алдында оның көз бұршағының байланыстырғыш тіндерінде әлсіздік анықталған, бұл операцияны қиындатуы мүмкін еді. Бұдан бөлек, катарактамен қатар пациенттен глаукома да анықталған. Соған қарамастан операция сәтті өтті.

Офтальмохирург Әсия Әбілхакімованың айтуынша, мұндай операциялар әдетте ауыртпалықсыз өтеді, небәрі 15-20 минутқа созылады және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүргізіледі.

«Көбінесе жасы үлкен науқастар катаракта бойынша жүгінеді. Сонымен бірге МӘМС бойынша тәулік бойы стационарда витреоретиналды операциялар, яғни торқабықтың ажырауы немесе жыртылуы кезінде медициналық көмек көрсетеміз», деді Әсия Әбілхакімова.

Дәрігердің айтуынша, катарактаны мына белгілер арқылы анықтауға болады: адамның бұрын анық әрі жарық көрген заттарды кейінірек тұман немесе буланған әйнек арқылы көргендей қабылдауы.

Оның сөзінше, алғашқы белгілер байқалған сәтте-ақ маманға қаралу қажет, себебі катарактаны бастапқы кезеңде ота жасау хирург үшін де, пациент үшін де әлдеқайда жеңіл, әрі қалпына келу уақыты тез болады.

Кемінде жылына бір рет диагностикадан өтіп, көру қабілетін тексертіп тұру қажет.