Фото: Overclockers.ru
Депутаттың айтуынша, балалар мұндай автоматтарға түскі асқа берілген ақшасын жұмсайды. Ойын автоматтарының салдары ауыр болмас үшін «Ойын бизнесі туралы» заң аясында реттелмейтін аталған құрылғыларды орналастыру мәселесін қарау қажет.
«Соңғы жылдары «Кран» немесе «Ұстап ал» деп аталатын автоматтардың кеңінен таралуы алаңдатып отыр. Мұндай аппараттарда ақшалай ұтыс қарастырылмағандықтан, құмар ойындары санатына жатпайды. Заң мұндай автоматтардың жұмыс механикасы, ұтыс алгоритмі, жас шектеулері немесе орналастыру талаптарына қатысты нормаларды қамтымайды. Санитариялық нормалар, сауда ережелері, техникалық регламенттері мен басқа да талаптар белгіленбеген. Олардың қауіпсіздігін, шыққан жерін немесе балаларға арналған санитариялық талаптарға сәйкестігін тексерудің міндетті механизмі жоқ. Бұл автоматтарға жеке құқықтық мәртебе беру, міндетті сертификаттау мен механикалық тексеруді енгізу, жас шектеулерін белгілеу, оларды балалар мекемелері маңында орналастыруға тыйым салу мәселесін қарау қажет», деді Ғалиасқар Сарыбаев.
Сондай-ақ сенатор аталған автоматтарға бақылаудың болмауы заңсыз қолма-қол ақша айналымын арттыруы мүмкін екеніне де назар аударды.