Фото: pexels.com
Нарын-Сырдария сарқырамасына келіп түсетін су көлемі айтарлықтай төмендеген. Бұл келесі жылғы вегетациялық кезеңде су тапшылығын тудыруы мүмкін. Осыған байланысты кездесуде Су ресурстары министрлігі су қоймаларының жұмыс режимдеріне қатысты бірнеше болжамдық нұсқа әзірленгенін атап өтті.
Су тым аз келген жағдайда ресурстарды қайта бөлу және лимиттерді түзету мәселесі қаралады.
Қалыптасып отырған жағдайға қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі ылғалды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын қысқартып, құрғақшылыққа төзімді, суды аз қажет ететін дақылдарды енгізу арқылы егіс алқаптарын әртараптандыруды ұсынып отыр.
Сондай-ақ Сырдария өзенінің төменгі ағысында төтенше жағдай туындамауы үшін өңірде келер жылы күріш алқабы 70 мың гектардан аспауы тиіс.
«Егіс алқаптары жыл сайын оңтайландырылып жатқанына қарамастан, орташа өнімділік өсіп келеді (2024 жылы 85 мың гектар алқаптың гектарынан – 58 центнер, 2025 жылы 80 мың гектар алқаптың гектарынан – 58,1 центнер өнім алынды). Бұған жаңа күріш сұрыптарын енгізу және заманауи техниканы пайдалану сынды шешімдер септесіп отыр. Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологияларын қолданатын егістік көлемі артып келеді. Егін алқаптарында судың ысырап болуының алдын алу үшін лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл әдіс суды 20%-ға дейін үнемдеп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Биыл 60 мың гектар күріш алқабы тегістелді», делінген Үкімет таратқан хабарламада.
Заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу тәуекелдерді азайтып, аграрлық-өнеркәсіптің орнықты дамуын қамтамасыз етеді. Бүгінде бұл технологиялар республика бойынша 500 мың гектардан астам жерде қолданылуда. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін (суармалы жерлердің шамамен 70%-ы) жеткізу жоспарланған. Аталған мақсаттарға жету үшін Үкімет кешенді шаралар қабылдап, соның ішінде субсидиялау мәселелерін де шешуді көздеп отыр.
2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттің шеңберінде инвестициялық шығындарды өтеуге бағытталған жалпы трансферттер көзделген, ал қаржыландыру көлемі 215 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
«Алдағы вегетациялық маусымда жоғарыдан келетін су көлемі айтарлықтай азаюы мүмкін. Ондай жағдайда су үнемдейтін технологиялар тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау құралдарымен қатар өсімдік шаруашылығы жүйесінің міндетті элементі болуы тиіс. Қызылорда облысының әкімдігі Су ресурстары және ирригация министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, инновациялық препараттарды қолдану үшін кемінде 100 гектар жер телімін анықтап, оларды жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржылық қолдауды қамтамасыз етуі қажет», деді Қанат Бозымбаев.
Кездесуде фермерлерге суды пайдалану ашықтығын қамтамасыз ету және су ресурстарын есепке алуды одан әрі цифрландыру үшін енгізіліп жатқан цифрлық платформа туралы да айтылды. Аталған платформада өтінім беру және келісімшарт жасасудан бастап, нақты тұтынуды есепке алу және төлем жасауға дейінгі функциялардың барлығы қамтылған. Жүйе процестерді оңтайландырады, суды бөлу мен есеп айырысудың ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ нақты көлемдерді дәл есепке алуға мүмкіндік береді.
Вегетациялық кезең басталғанға дейін Қызылорда облысының әкімдігіне диқандар арасында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Ал «Қазсушар» РМК-ға ылғалды көп қажет ететін дақылдарға бекітілген лимиттерге қатаң сәйкес келетін су беру шарттарын жасасу, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірлесіп, алдағы вегетациялық кезеңде «қара су нарығымен» күресті күшейту тапсырылды.
Су шаруашылығындағы ахуал өзгерген жағдайда Су ресурстары және ирригация министрлігіне 2026 жылғы вегетациялық кезеңге арналған өңірлер бойынша су тұтыну лимиттерін 2026 жылдың 1 ақпанына дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдау жүктелді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2026 жылдың 1 наурызына дейін ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егістік құрылымын нақты қолжетімді суару суының көлеміне сәйкес түзету тапсырылды.