Қоғам • Кеше

Доллар бағасы 500 теңгеден төменге құлдырады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазан айынан бері теңге 9 %-ға нығайды. Бұған мұнай бағасының тұрақтылығы, экономиканың қолдауы және шетелдік инвесторлардың қызығушылығының артуы әсер етті. Қазан-қараша айларында резидент еместер Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына 1,1 млрд доллар құйған, жалпы инвестиция көлемі 3,6 млрд долларға жетті. Бұл Қаржы министрлігінің қарыз алу шығындарын азайтып, теңге бағамын қолдауға ықпал етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Доллар бағасы 500 теңгеден төменге құлдырады

Фото:depositphotos.com

Қазақстан қор биржасында доллар – 499,6 теңге

Теңгенің нығаюы – «дауыл алдындағы тыныштық» па? Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің неге нығайып жатқанын және алдағы уақытта бағамнан не күту керектігін түсіндірді.

Соңғы апталарда теңге доллармен салыстырғанда күшейіп келеді, оған қарамастан, шетел валютасына сұраныс жоғары. Ұлттық банк мұны екі негізгі фактордың үйлесімімен байланыстырады: ішкі нарықтағы белсенділік пен базалық мөлшерлеменің 18 пайызға дейін көтерілуіне байланысты ірі портфельдік инвестициялардың келуі.

«Көптеген кәсіпорындар мен үй шаруашылықтары ҚҚС 16 пайызға көтерілмей тұрып, алдын ала сатып алуға тырысып жатыр. Импорт долларлық келісімшарттар арқылы қаржыландырылады, сондықтан долларға сұраныс өте жоғары», деді Т.Сүлейменов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, мөлшерлеменің өсуі теңгемен шығарылатын қаржы құралдарын шетелдік инвесторлар үшін тартымды етті.

«Лондон, Нью-Йорк, Абу-Дабидегі инвестициялық қорлар долларды теңгеге айырбастап, біздің облигацияларымызды сатып алып жатыр. Бұл нарықтағы доллар ұсынысын арттырады», деді ол.

Ұлттық банктің мәліметінше, портфельдік инвестициялар көлемі айтарлықтай өсіп, нарыққа қосымша доллар беріп, теңгенің нығаюын күшейткен.

Жаңа жылдан кейін доллар өседі ме?

Т.Сүлейменов 1 қаңтардан бастап ҚҚС өссе де, доллар бағамы күрт қымбаттайды деген күдіктерді жоққа шығарды.

«Жоқ, әрине. Бағам мәселесі көбіне сыртқы факторларға байланысты. ҚҚС-ның өсуі бағаларға әсер етуі мүмкін, бірақ бұл ішкі мәселе – нан, сүт, бірінші қажеттілік тауарлары. Бұл валюта бағамына қатысты емес», деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, саудагерлер мен өндірушілердің едәуір бөлігі бағаны алдын ала көтеріп қойған, әрі «сұраныс шексіз емес».

«Сыртқы макроэкономикалық орта қазір біз үшін тұрақты. Мұнайдың күтілетін бағасы – барреліне шамамен 60 доллар. Бағам бойынша қандай да бір күрт өзгерістерді күтіп отырған жоқпыз», деді Ұлттық банк басшысы.

28 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады – ол 18 пайыз деңгейінде сақталды.

Соңғы жаңалықтар