Аймақтар • Бүгін, 08:25

Камера бақылап тұр!

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс орталығында жол ережесін бұзып, камераның қырағы көзіне түсіп қалғандарға айыппұл келе бастауы мүмкін. Шаһар бойынша 14 қарашадан бастап 100 аппараттық-бағдарламалық кешен іске кірісті.

Камера бақылап тұр!

«Қауіпсіз қала» үш жылдық жобасы аясында Павлодарда 14 қарашадан бастап көше қиы­лысында орнатылған аппа­раттық-бағдарламалық кешендер жұмыс істей бастады. Жоспар бойын­ша қала көшелерінде алғашқы 100 аппараттық-бағдар­ламалық кешен (АБК) іске қосылды. Сондай-ақ қоғам­дық тәртіпті бақылайтын 3 мың жалпы бейнебақылау камерасы біртіндеп жүйеге жалғанып жатыр.

«Облыста жалпы саны 420 АБК орнату көзделген еді. Соның 240 данасы Павлодарда орнатылды. Алғашқы 100-і іске кірісті. Көлік жүргізушілер жол ережесін бұзбай, абайлап жүргені абзал. Себебі АБК-нің барлығы полицияның жедел басқару орталығына жалғанған. Әрі Ішкі істер министрлігіне, проку­ратура органдарына тіке­лей көрсетілім жүргізіледі. Сон­дықтан жол ережесін бұзған көлік иелеріне полиция органдары тарапынан айыппұл келе бас­тауы мүмкін», деп хабарлады өңірлік цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.

Басқарма басшысының айтуын­ша, әр көше қиылысында 5-тен 10-ға дейін әлгіндей АБК бар. Олардың саны жолдың екі немесе одан да көпжолақты болуына байланысты алдын ала белгіленіп орнатылған. Қазіргі уақытта еліміздің автожолдарындағы автоматты бейнебақылау жүйе­ле­рінде ең жиі тіркелетін заң бұзушылық – жүргізушілер тарапынан жыл­дамдықты шамадан тыс асыру. АБК әуелгі кезекте жыл­дам­дықты асырғандарды, бағ­даршамның қызыл түсіне өткен­­дерді, тыйым салынған жол жолағын басқандарды, басқа да заң бұзушылықтарды тіркейді.

Бұған дейін жауапты бас­қарма барлық камера биылғы 1 қа­рашада іске қосылуы мүмкін екенін айтқан. Бірақ жүйелерді мердігер компания белгілі себептермен кеш орнатуға мәжбүр болған.

«Бейнебақылау жүйесі бойынша жобаны ұтып алған «Antarium Group» ЖШС-дан бөлек, алдындағы конкурсқа тағы 3 компания қатысқан. Олар конкурс нәтижелерімен келіспей, бізді сотқа берді. Салдарынан сот ісі біраз уақытқа ұласып, Алматы соты жабдықтарды орнату жұмысына тыйым салып қойды. Осы жақында ғана соттың оң шешімі шығарылып, жұмыс қауырт түрде қайта жал­ғасты. Мердігердің жобаны кеш тапсыруының өз себебі бар. Біз камераларды орнатқаны үшін мердігерге ақша төлемейміз. Тек сервистік қызмет көрсеткені үшін жүйе толық іске қосылып жұмыс істей бастағанда ғана төлей бас­таймыз. Жалпы, «Antarium Group» ЖШС-мен
3 жылға сервистік модель бо­йынша жалпы сомасы 8,5 млрд теңгеге шарт жасалды», дейді А.Әмірин.

Барлық бейнекамера өңір­лік полиция департаменті мен төтенше жағдайлар депар­тамен­­тінің ұсынысымен белгілі бір көше қиылыстарына, көше бойларына орнатылған. Оларды қуат көзіне қосу кезінде бірқатар мәселе туындаған. Жергілікті энергия таратушы ұйым техникалық шарттарды кезең-кезеңімен беріп, соған орай бүгінде кейбір көшедегі камералар әлі де қуат көзіне жалғанбағаны анықталды.

«Камералар мен АБК-ні сертификаттау ісі әлі де жалғасып жатыр. Әрбір камера сертификаттаудан өтеді, тексеріледі. Жауапты комитетке барлық камера жіберілген, оларды қарау біраз уақытты алады. Ай соңына дейін бейнекамералар тиісті тексеруден өткізіліп, сертификаттар беріледі деп күтіліп отыр», дейді басқарма басшысы.

Билік өкілдері Павлодар қаласындағы барлық 240 АБК мен қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға арналған 3 мың бейнебақылау камерасы қараша айының соңында толық іске қосылады деп уәде етіп отыр.

 

Павлодар облысы