Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясының президенті болып сайланса, тек қазақ боксы ғана емес, әлемде осы спорт түрінің өркен жаюына зор еңбек сіңіретінін газетіміздің өткен нөмірінде жазған едік.
Рим қаласында өткен Конгресте отандасымыз халықаралық федерацияның президенті лауазымына үш жыл мерзімге сайланды.
«Мен бокстың барлық өткелінен өттім, әуесқойлар арасында Олимпиада додасына қатысып, күміс медаль иелендім, әлем чемпионы атандым. Ал бүгінде спорт саласында жауапкершілік арқалап, басшылық қызмет атқарып келемін. Бала күнімнен жүрегіммен қалаған, көңілім ерекше құлаған спорттың болашағы үшін Халықаралық бокс федерациясына үлесімді қосып еңбек етуге келдім. Бұған дейін Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) Olympism365 комиссиясының мүшесі ретінде, сонымен қатар «World Boxing» ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы лауазымын атқарғанда аңғарғаным, әділ басшылық ету – боксты, боксшыларды қорғайтын қалқан. Біз бүгін тарихи маңызды жиынға жиналдық. Халықаралық бокс федерациясы боксшылардың сенімін күшейтетін, Олимпиадалық қауымдастық санасып, құрметтейтін ұйымға айналуы қажет», деді Г.Головкин.
Халықаралық ұйымның екі тізгін, бір шылбырын қолына алған жерлесіміз боксты дамытуда әділеттілік орнатып, бұра тартушылыққа жол бермеуге күш салатынына тоқталды. ХОК-тің барлық құндылығына құрметпен қарап, әділдік орнатуға барын салатынын, зор жауапкершілік жүктеп, сенім артқан көпшілікке алғысын айтты.
Халықаралық бокс федерациясының конгресінде ұйымның өзге де басқару органдарының жауапты тұлғалары сайланды. Федерацияның регламентінде қатталған түйткілді мәселелер, күнтізбедегі халықаралық ауқымды шаралар, ұйымды дамытудың өзекті тақырыптары талқыланды. Жарғыға сай қабылданған шешімдер делегаттардың дауыс беруі арқылы бекітілді. Конгресте дауыс беруге 58 елдің бокс федерацияларының өкілдері қатысты.
2023 жылы сәуірде құрылған «World Boxing» ұйымының көздегені – боксты жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасындағы орнын сақтап, болашағын бекемдеу. Әйтпесе ХОК 2022 жылы бекіткен Олимпадалық спорт түрлерінің тізіміне боксты қоспай қойды. Кілтипан халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) тарапынан туындады. 2019 жылдың жазында Халықаралық бокс қауымдастығының ішінде тұтанып, жемқорлық мәселесі ушыққанда, ХОК бұл қауымдастықпен жұмыс істеуді тоқтатты. 2023 жылы маусымда Халықаралық олимпиада комитеті бұл ұйымды мойындаудан түпкілікті бас тартып, іргесін аулақ салды. Мұның салқыны алдымен боксқа тиіп, 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпия ойындарынан тыс қалуы да мүмкін еді. Былтырғы Париж Олимпиадасында бокс додасын ХОК арнайы жұмыс тобын құрып, солардың басқаруына беріп өткізді.
Бокс спорты Олимпиада бағдарламасымен бірге жасай беруі үшін ХОК жаңа ұйым құру қажеттігін ескертті. Көп өтпей 2023 жылдың көктемінде «World Boxing» ұйымы құрылып, жер-жаһанға сауын айтылды. Алайда халықаралық бокс федерациясы жұмысына сол жылдың күзінде кірісті. Германияның Франкфурт қаласында алғашқы конгресін өткізіп, президенті, комитет басшылары сайланды. Келешекте атқарылар жұмысы жазылып, жарғысы бекітілді. Тұңғыш президенті болып сайланған нидерландық Борис ван дер Ворспен қанаттаса Райан О’Ши (Канада), Мэтт Холт (Англия), Дина Гликидис (Аустралия) вице-президент болып еңбек етті. Штаб-пәтері Швейцарияның Лозанна қаласындағы ұйымның беделін арттыру жаңа командаға сын. Бүгінде ұйымға 136 елдің бокс федерациясы мүше.
Отандасымыз әлемдік ұйымның президенті болып сайланғанын жаһандық ақпарат құралдары да сүйіншілей жарыса жазып жатыр. ВВС, Reuters агенттіктері Головкин халықаралық бокс ұйымының президенті болып сайланғанын, жаңа президенттің жанкүйерлердің бокс спортына деген іңкәрлігін күшейтіп, сенімін арттыруға күш саламын деген пікірін жариялады.
«World Boxing» ұйымының биылғы конгресіне төрағалық еткен халықаралық бокс федерациясының вице-президенті Дина Гликидис болашақта атқарылар жұмысқа қатысты келелі мәселелер айтылғанын атап өтті. «Конгресс – «World Boxing» ұйымының ең жоғары билік органы саналады. Осындай алқалы басқосуда боксты өрістетудің түйткілді мәселелері талқыланып, шешімі айтылады. Құрылғанына екі жыл болған ұйым бірқатар табысқа жетті. Біз әрқашан ашықтық пен қатаң басқару қағидасына сүйеніп, өз міндетін лайықты атқаруға ұмтыламыз. Жаңа сайланған президент Г.Головкин атқарушы кеңеспен тізе қосып, 2028 жылы өтетін Олимпиада додасына әзірлікті күшейте түсетінімізге сенімдімін», деді Д.Гликидис.
Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқарған білікті маман Тұрсынғали Еділов Геннадий Головкиннің халықаралық ұйымға жетекшілік етуі қазақ спортының беделі жоғары екенін айқындай түседі дейді.
«Бәріміз үшін де бұл ақжолтай жаңалық болды. Қазақ боксының жаңа дәуірі туады деп сенемін. Генаны 2000 жылдары жастар сапына өткен шағынан жақсы білемін, өте ізденімпаз, еңбекқор азамат. Әуесқойлар арасында, кейін кәсіпқой боксқа ауысқанда да еліміздің абыройын асқақтатты. Ал бүгінде әлемдік тұлғаға айналып, дүниежүзінің боксына бас ие болып сайланды. Енді біздің боксшыларға, бапкерлерге де жауапкершілік жоғарылайды деп сенемін. Өйткені қазақ боксы әлемде теңдессіз екенін дәлелдеу бар да, сол биіктен төмендемеу де оларға серт. Бокс деген бекзада спорттың дәрежесін көтеріп, мерейін асыруға жерлесіміз зор үлес қосатынына сенімдімін», дейді Т.Еділов.
Олимпиаданың бағдарламасында бокс спорты орнын нығайта түсуіне жаңа ұжым күш салады деп әлем сеніп артып отыр.
Римдегі конгресте Халықаралық бокс федерациясының вице-президенті болып Дина Гликидиспен өзге канадалық Райан О Ши, британдық Мэтт Холт сайланды. Ұйымның атқарушы кеңесіне Майкл Мюллер (Германия), Викторико Варгас (Филиппин), Тацуя Накама (Жапония), Маркос Кандидо де Брито (Бразилия) бекітілді.