Ұлттық бояу мен табиғаттың тылсым үйлесімін тоғыстырған «Жанымның бақтары» көрмесі көрерменді суретшінің ішкі әлеміне жетелейді. Кенеп бетінде туған жердің тұмса табиғаты, қазақы болмыс пен адам жанының нәзік иірімдері көркем тілмен өрнектелген. Бір ұққанымыз – қылқалам шебері адам жанының тазалығына үңілуге шақырады.
«Көрменің тұтас экспозициясы суретшінің жан дүниесіндегі гүлденген бақтай әсер қалдырады. Мұндағы әр картина өзінше сыр шертіп, әр бояу өзінше сөйлейді. Қазақы дүниетаным, табиғаттың көркем келбеті мен ұлттық құндылықтар бір арнаға тоғысып, көрерменге эстетикалық ләззат сыйлайды, сол арқылы туған елдің рухани байлығын тереңірек сезінуге жетелейді», дейді өнертанушы Балжан Заманбекова.
Көрме залына енген сәттен-ақ келушіні алуан бояуға көмкерілген өзгеше әлем қарсы алады. Қабырғаға қатар ілінген картиналарда қазақ даласының тынысы, асқар Алатаудың айбыны, ұлттық салт-дәстүрдің мәйегі мен адам жанындағы нәзік сезімдер тоғысқан. Әр туынды – суретшінің өмірден түйген ойы мен жүрек сырын бояу тілімен сөйлеткен өзінше бір әлем іспетті.

Көрменің ашылу салтанатында Ұлттық орталық музейдің қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Анна Кущенко құттықтау сөз сөйлеп, музейдің тарихи-мәдени мұраны және бейнелеу өнерін насихаттаудағы, сондай-ақ жастарды еліміздің заманауи суретшілерінің шығармашылығымен таныстырудағы рөлін атап өтті.
Көрме барысында суретшінің өнердегі қанаттас-қаламдастары сөз алып, оның туындыларында қазақ этнографиясы мен табиғат көріністері дара мәнге ие екенін, Рысбек Ысқақов өз еңбектерінде ана, отбасы, махаббат тақырыптарын жырлай отырып, жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін лирикалық образдарға басымдық беретіні айтылды.
Өнер жәрмеңкесі 19 маусымға дейін жалғасады.
АЛМАТЫ