Экономика • Кеше

Азия даму банкі Қазақстанға 7 млрд доллардан аса қарыз берді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Азия даму банкінің (АДБ) Орталық және Батыс Азия бойынша бас директоры Лея Гутьерреспен кездесті. Серік Жұманғарин ынтымақтастық кезеңінде банк қаржыландырған көлік, энергетика, цифрлық даму және әлеуметтік жобалардың ел дамуына айтарлықтай әсер еткенін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Азия даму банкі Қазақстанға 7 млрд доллардан аса қарыз берді

Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Кездесуде Серік Жұманғарин Лея Гутьерресті осы жылғы шілдеде қызметке тағайындалуымен құттықтап, 1994 жылдан бері жалғасып жатқан әріптестіктің маңызын атап өтті.

«Азия даму банкі біз үшін стратегиялық әріптес. Ынтымақтастық кезеңінде Банк көлік, энергетика, ШОБ, цифрлық даму, әлеуметтік бірқатар маңызды жобаны қаржыландырды. Бүгінгі кездесу әріптестігімізді одан әрі нығайтуға, жаңа перспективалық бастамаларды жүзеге асыруға ықпал ететініне сенімдіміз. АДБ-ның Қазақстан бойынша 2023–2027 жылдарға арналған елдік стратегиясының негізгі басымдықтары біздің ұлттық басымдыққа толық сәйкес келетінін атап өткім келеді. Қазақстан бұдан әрі де осы стратегияны тиімді жүзеге асыруды қолдамақ», деді Серік Жұманғарин.

Өз кезегінде Лея Гутьеррес АДБ Жарғысына түзету бойынша дауыс беру кезінде Қазақстанды қолдаудың маңыздылығын ерекше атады. Аталған түзету банктің кредиттік әлеуетін 50%-ға – 36 млрд доллардан асыруға мүмкіндік берген.

«Біздің ынтымақтастығымыздың барысында 1994 жылдан бастап АДБ Қазақстанға 7 млрд доллардан көп қаражат берді. Біз дәстүрлі бағытта да, жаңа секторда да әріптестікті одан әрі арттыруға сенеміз», деп атап өтті ол.

Гутьеррес сондай-ақ АДБ биыл стратегиялық минералдар мен аса маңызды шикізаттар тізбегін қолдауға арналған жаңа саясатты жүзеге асыруға кіріскенін айтып, Қазақстанда осы салада әлеуеті жоғары жобаларды зерттеуге дайын екенін жеткізді.

Серік Жұманғарин Қазақстан Үкіметі АДБ, ЕАДБ, ЕҚДБ және Дүниежүзілік банкті қосқанда, халықаралық қаржы ұйымдарының үздік тәжірибесін ескере отырып, МЖӘ саласындағы заңнаманы жаңғыртып жатқанын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, энергетика, цифрлық технологиялар, тұрғын үй құрылысы және критикалық материалдар саласындағы перспективалық жобаларды бірлесе жүзеге асыру жөнінде пікір алмасты.

Соңғы жаңалықтар