Фото: Ашық дереккөз
Сенаттың жалпы отырысында сөз сөйлеген депутат Геннадий Шиповских жастардың қаржылық ұйымдарға қарызға бату деңгейі алаңдатарлық деңгейге жеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, көптеген жастар микроқаржы ұйымдарының бірнеше минутта рәсімделетін пайыздық мөлшерлемесі жоғары несиелерге жүгінуге бейім.
Сенатордың сөзіне қарағанда, бұл жағдай әлеуметтік тұрақтылыққа қауіпті тенденция қалыптастырып отыр. Жастар арасында қарыз жүктемесінің артуына қаржылық сауаттылықтың төмендігі, микроқаржы ұйымдарының бақылаусыз жарнамасы және несиені өте жеңіл рәсімдеу мүмкіндігі негізгі себепке айналған.
«Сонымен қатар, микрокредиттік ұйымдарды реттеудегі кемшіліктер де жағдайды ушықтырып жатыр. Жеке деректерді енгізу арқылы бірнеше минут ішінде несие рәсімдеу мүмкіндігі жастарды ойланып-толғанбастан қаржылық міндеттеме қабылдауға итермелейді. Бұл олардың психологиялық жай-күйіне теріс әсер етіп, күйзеліс пен әлеуметтік оқшаулануға әкелуі мүмкін. Өмірлеріне балта шабылады десек те артық болмайды», деді Геннадий Шиповских.
Депутат салалық агенттіктің жастар арасындағы микрокредит алу статистикасын жүргізбейтінін де сынға алды. Оның айтуынша, бұл мәселенің нақты ауқымын бағалауға кедергі келтіріп отыр.
Осыған байланысты сенатор микронесиелер беру шарттарын қатаңдатуды ұсынды. Ол 18 жастан бастап тексерусіз несие рәсімдеу тәжірибесін тоқтатып, микронесиені кемінде 21 жасқа толған азаматтарға ғана беру мәселесін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, жас қарыз алушылардың қаржылық жағдайын бағалау және мектептер мен колледждерде қаржылық сауаттылықты міндетті пән ретінде енгізуді қарастыруды ұсынды.