Спорт • 22 Сәуір, 2025

Балуандар Бангкокта белдеседі

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

24 сәуірде Таиландтың астанасы – Бангкокта дзюдодан Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Бес тәулікке созылатын бәсекелер барысында 30-дан аса мемлекеттен келген 300-ге тарта балуан бақ сынайды. Олардың қатарында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттары, басқа да дүбірлі додаларда дараланған дарабоздар да бар.

Балуандар Бангкокта белдеседі

Еліміздің татами ше­бер­лері Азия чемпионатында тұңғыш рет 1993 жылы бой көрсетті. Осындай ірі дүрмекке алғаш рет қатысып отырғанына қарамастан, Макаода еліміздің ерлер құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 3 қола олжалады. Ба­луандарымыздың арасы­нан Иван Каразелиди (65 кг) қарсылас шақ келтірмесе, Игорь Пешков (+95 кг) финалда ұтылды. Серік Адығанов (60 кг), Сергей Әлімжанов ­(85 кг), Сергей Шәкімов (95 кг) қола жүлдені қоржынға салды.

Келесі жарыс 1995 жылы Нью-Делиде ұйымдастырылды. Үн­дістанның бас шаһарында С.Шә­кімов (95 кг) шашасына шаң жұқ­тырмады. С.Әлімжанов (85 кг) күміспен күптелсе, Ахат Әші­ров (71 кг) қолаға қол созды. Әйел­дер құрамасына да үш жүлде бұ­йырды. Евгений Богунова (72 кг) екінші орын алса, Валентина Камсулева (61 кг) мен Мәншүк Дәулеткереева (+72 кг) үшінші сатыға табан тіреді. Осы нәтиже жерлестерімізге жалпы есепте озық үш команданың қатарынан көрінуге жеткілікті болды.

1996 жылы Хошиминде С.Шә­кімов (95 кг) топ жарса, А.Әшіров (71 кг) шешуші тұста сүрінді. Кенді Алтайдың қос арланы – Ержан Омарбаев (60 кг) пен Руслан Сейілханов (78 кг) қола медальды мойындарына ілді. Қыздарға қос қола бұйырды. Оның иегерлері – Жанат Нұртазина (66 кг) мен Е.Богунова (72 кг).

1997 жылы Манилада Павло­дар дзюдо мектебінің түлегі Сер­гей Шәкімов (95 кг) үшінші рет Азияның бас балуаны атанды. Вячеслав Бердута +95 кг, абсолютті салмақта қола жүлдені қанжығасына байлады. Тариэль Қазиев (60 кг), Р.Сейілханов (78 кг), Мұса Зайпуллаев (86 кг) та дәл сол межеден көрінді.

1999 жылы Қытайдың Вэнч­жоуында Алексей Аляпин (90 кг) мен В.Бердутаның (+100 кг) қола медалін қанағат тұттық.

2000 жылы Осакада үш дюдошымыз финалға шыққанымен бірде-біреуіне бас жүлде бұйыр­мады. Финалда Асхат Шахаров (73 кг) жапониялық Кензо Нака­мурадан, В.Бердута (+100 кг) Ясую­ки Мунэтадан, Р.Сейілханов
(78 кг) ирандық Казем Сариханиден ұтылды. Елдос Ықсанғалиев (абсолют) пен Гүлнәр Көшербаева (+78 кг) үшінші орынды иеленді. Тағы бір айта кетерлік жайт, 60 кг салмақта Қырғызстанның туы астында өнер көрсеткен қазақтың ұлы Айдын Смағұлов күміс ме­дальды еншіледі. Арада бірер ай өткен­нен соң Сиднейде алауы тұтанған Олимпия ойындарында дәл сол Смағұлов қола жүлдені ол­жалады.

2001 жылы Ұланбатырда Еркін Тұяқов (абсолют) пен Нұргүл Та­ғаева (63 кг) күміс алса, Рауан Ина­тиллаев (63 кг), Дастан Пірімқұлов (100 кг), Е.Ықсанғалиев (+100 кг), Шолпан Қалиева (52 кг) қолаға қол жеткізді.

2003 жылы Чеджуде Асхат Житкеевтің (100 кг) алдына ешкім түсе алмады. Варвара Масягина (78 кг) екінші, Ерлан Слямбаев (66 кг) пен Е.Ықсанғалиев (+100 кг, абсолют) үшінші сатыға жайғасты.

2004 жылғы сары құрлықтың басты додасын Алматы қаласы қабылдады. Балуан Шолақ атын­дағы спорт сарайында дүркіреп тұрып өткен жарыста үш балуанымыз – Базарбек Донбай (60 кг), Мұратбек Қыпшақбаев (66 кг), Асхат Житкеев (100 кг) елі­міздің әнұранын шырқатты. Сағдат Садықов (73 кг) пен Е.Ық­санғалиев (абсолют) финалда қар­сыластарына жол берді. Е.Ық­санғалиев (+100 кг), Татьяна Шиш­кина (48 кг), Сағат Әбікеева
(70 кг), В.Масягина (78 кг) қоланы қанағат тұтты. Сөйтіп, бірер жылға созылған үзілістен соң еліміздің құрамасы жалпы есепте қайта үздік үштіктің қатарына қосылды.

2005 жылы Ташкентте Айдар Қабимоллаев (73 кг), А.Житкеев (100 кг), С.Әбікеева (+78 кг) екін­ші, Саламат Отарбаев (60 кг), Е.Ықсанғалиев (+100 кг), В. Бердута (абсолют), Қалжат Тайжанова (70 кг) үшінші орынды иеленді.

2007 жылы Әл-Кувейтте Жа­нар Жанұзынованың (70 кг) алтын тұғырға көтерілуге жақсы мүмкіндігі болды. Алайда финалда ол жапониялық Асука Окадан жеңілді. Б.Донбай (60 кг), Максим Раков (90 кг), Мариям Ордабаева (63 кг), С. Әбікеева (78 кг), Гүлжан Исанова (абсолют) үшінші орынды иеленді.

2008 жылы Чеджуде А.Житкеев (100 кг) үш дүркін Азия чемпионы атанды. Ринат Ибрагимов (73 кг) күміс, С.Отарбаев (60 кг), Ш.Қа­лиева (52 кг), Ж.Жанұзынова (70 кг), Г.Исанова (+78 кг) қола медальды мойындарында жар­қыратты.

2009 жылы Тайпейде Максим Раков (100 кг) пен Гүлжан Иса­нованың (+78 кг) мерейлері үстем болды. Тимур Болат (90 кг), Ұлан Рысқұл (+100 кг), Ленария Мең­ғазова (52 кг), Зарина Әлдікова (63 кг) қола медальды еншіледі.

2011 жылы Әбу-Дабиде Ислам Бозбаев (81 кг) ең үздік нәтиже көрсетті. Финалда Оңтүстік Корея­ның даңқты балуаны Ким Джэ Бомға есе жіберген ол күміс алды. Еркебұлан Қосаев (60 кг), Т.Болат (90 кг), Ержан Шынкеев (+100 кг), Г. Исанов (+78 кг) қолаға қол созды.

2012 жылы Өзбекстанның астанасында Сергей Лимге (66 кг) тең келер ешкім табылмады. Г.Исанова (+78 кг) финалда сүрінді. Виктор Демьяненко (100 кг) үшінші сатыға тұрақтады.

2013 жылы Бангкокта бес жер­лесіміз үшінші тұғырға көте­рілді. Олар – Елдос Сметов (60 кг), Азамат Мұқанов (66 кг), И. Бозбаев (90 кг), Е.Шынкеев (+100 кг), Л.Меңғазова (57 кг).

2015 жылы Әл-Кувейтте М.Раков күміс, Елдос Жұмақанов (66 кг), Е.Шынкеев (+100 кг), М.Ордабаева (63 кг), Г.Исанова (+78 кг) қола медальды олжалады.

2016 жылы Өзбекстан астанасы – Ташкентте өткен жарыста балуандарымыздың қарқыны күшті болды. Е.Сметов (60 кг), Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг), М.Ор­дабаева (63 кг) теңдессіз деп танылды. Хамза Дидар (73 кг) мен Г.Исанова (+78 кг) жеңіс тұғырының ең биік сатысына бір қадам қалғанда сүрінді. Е.Жұмақанов (66 кг), Әзиз Қалқаманұлы (81 кг), М.Раков (100 кг), Е.Шынкеев (+100 кг) үшінші орынды еншіледі.

2017 жылы Максим Раков (100 кг) Азия чемпионы атанды. Е.Жұмақанов (66 кг), И.Бозбаев (90 кг), О.Галбадрах (48 кг) вице-чемпиондық атаққа қол жеткізді. Жансай Смағұлов (73 кг), Зере Бектасқызы (70 кг), Г.Исанова (+78 кг) үздік үштікті түйіндеді.

2019 жылы Әл-Фуджайрада Ерлан Серікжанов (66 кг) алтыннан алқа тақты. Финалда Ерлан өзінің командалық әріп­тесі Е.Жұма­қановты жеңді. О.Гал­бадрах (48 кг) күміспен күп­телді. Ғұсман Қырғызбаев (60 кг),­ И.Бозбаев (90 кг), Севара Ны­шанбаева (57 кг) қола медаль алды.

2021 жылы Бішкекте Әбиба Әбужақынова (48 кг) ғана финалға шықты. Шешуші тұста қазақ қызы қытайлық Ли Янаньге жол берді. Е.Жұмақанов (66 кг) мен С.Нышанбаева (57 кг) қола иеленді.

2022 жылғы Азия чемпионаты Астанада ұйымдастырылды. Елорда төрінде 73 кг салмақ дәре­жесінде күш сынасқан қан­дасымыз Данияр Шамшаевқа төрт қарсыласын жолынан ығыс­тыру үшін небәрі 149 секунд жет­кілікті болды. Осындай өрелі өнерінің арқасында есімі көп­шілікке беймәлім Даниярдың ерлігі әп-сәтте төрткүл дүниеге танымал болды. И.Бозбаев (90 кг) пен Ә.Әбужақынова (48 кг) шешуші бәсекеде есе жіберді. Мағжан Шамшидин (60 кг), Ғ.Қырғызбаев (66 кг), Д.Хамза (90 кг), Нұрлыхан Хамза (100 кг), Аруна Жанкелдина (78 кг) жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Соңғы Азия чемпионаты 2024 жылы Гонконгта өтті. Балуандарымыздың арасынан Жанырыс Рақметқали (66 кг), Ғалия Тынбаева (48 кг), Есмигүл Куюлованың (63 кг) ғана жеңіс тұғырына көтеріле алды. Олардың бәрі қола медальды иеленді. Өзге балуандар алғашқы айналымдардан аса алмады.

Санаулы күндерден кейін Бангкокта шымылдығы түрілетін Азия чемпионатында еліміздің намысын мына дзюдошылар қорғайды: ерлер – Нұраділ Әл­жан (60 кг), Шерзод Давлатов (60 кг), Ержан Еренқайыпов (66 кг), Есет Қуанов (73 кг), Мәди Амангелді (81 кг), Азат Күмісбай (81 кг), Ермахан Әнуарбеков (90 кг), Максим Мейірлан (90 кг), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг); әйелдер – Ғалия Тынбаева (48 кг), Диана Буркеева (48 кг), Толғанай Әбеуова (52 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Эсмигүл Куюлова (-63 кг), Кристина Сотникова (70 кг), Назгүл Маратова (+78 кг), Ақерке Рамазанова (+78 кг). Сондай-ақ қосалқы құрамда Талғат Орын­басар (60 кг), Ердәулет Бозша (66 кг), Бақытжан Әбдурахманов (73 кг), Марат Байқамұров (100 кг) сынды балуандар бар.

Азия чемпионы атанған елі­міз­дің дзюдошылары: Сергей Шәкімов – 3 рет (1995, 1996, 1997), Асхат Житкеев – 3 рет (2013, 2014, 2018), Максим Раков – 2 рет (2009, 2017). Сондай-ақ Иван Каразелиди (1993), Базарбек Донбай (2014), Мұратбек Қыпшақбаев (2014), Гүлжан Исанова (2009), Сергей Лим (2012), Елдос Сметов (2016), Отгонцэцэг Галбадрах (2016), Мариям Ордабаева (2016), Ерлан Серікжанов (2019), Данияр Шам­шаевқа (2022) бұл белес бір-бір реттен бағынды.

Азия чемпионатында ең көп жүлде алған жерлестеріміз: Гүл­жан Исанова – 8 жүлде (1 алтын+2 күміс+5 қола), Елдос Ықсанғалиев – 7 жүлде (1 күміс+6 қола), Асхат Житкеев – 4 жүлде (3 алтын+1 күміс), Сергей Шәкімов – 4 жүлде (3 алтын+1 қола), Елдос Жұмаханов – 4 жүлде (2 күміс+2 қола), Вячеслав Бердута – 4 жүлде (1 күміс, 3 қола), Ержан Шынкеев – 4 жүлде (4 қола).