Спорт • 12 Наурыз, 2025

Қола жүлде – көңілге медеу

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Норвегияның Тронхейм қаласында шаңғы спорты түрлерінен әлем чемпионаты аяқталды. Жер-жаһанның жүйріктері жиналған жарыста 25 жүлде жиынтығы сарапқа салынды.

Қола жүлде – көңілге медеу

Жалпы есепте Норве-гия құрамасына тең келер команда табылмады. Алаң иелері ерлер арасында сарапқа салынған алты бас жүлденің барлығын иеленді. Жалғыз Йоханнес Хёсфлот Кле­боның өзі жеңіс тұғырына төрт мәрте көтерілді. Сонымен қатар классикалық тәсілдегі командалық спринт пен 4х7,5 шақырымдық эстафетада да жерлестерінің жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты. Сөйтіп, Клебо алты бірдей алтын медальды мойнында жарқыратты.

Әйелдер сайысында Швеция шаңғышылары шашасына шаң жұқтырмай, алты алтынның бар­лығын еншіледі. Эбба Андерсон мен Йонна Сундлинг үш, Фрида Карлссон екі реттен топ жарды.

Скандинавия түбегіндегі сайыс­та еліміздің бірде-бір өкілі жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Бұл жайт елімізде осы спорт түрінің жағдайы қаншалықты мүшкіл екенін аңғартады. Аталған салаға жауапты азаматтар олқылықтың орнын толтырып, тығырықтан шығудың жолын қарастырып, шұғыл түрде шешім қабылдамаса, онда жеңіспен өрілген дәстүрі бар еліміздегі шаңғы спорты жетістікке жете алмасы анық.

Тәуелсіздіктің таңы атқаннан қейін еліміздің өрендері тұңғыш рет 1993 жылы Швецияның Фалун қаласында бой көрсетті. Сол кезде жасы 30-ға таяп қалған атақты спортшымыз Владимир Смирнов екі күміс, бір қола медальды ие­леніп, барша жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. 10 шақырымға классикалық тәсілмен жүгіруде норвегиялық Стуре Сивертсеннен қалып қойса, 15 шақырымдық бәсекеде даңқы жер жарған норвегиялық Бьорн Делиге есе жіберді. Смирнов сол Дели мен тағы норвег спортшысы Вегард Ульванға 20 шақырымдық сайыста да жете алмады.

1995 жылғы жарыс Канаданың Онтарио штатындағы Тендер-Бей­де ұйымдастырылды. Бұл жолы төрткүл дүние жұртшылығы Вла­димир Смирновтың теңдессіз өнеріне тамсанды. Көкше өңірінің тумасы өзінің оң жамбасына ке­летін сайыс түрлерінде (30, 10, 10+5 шақырым) алдына жан салмай, алтын медальдың үшеуін мойнын­да жарқыратты. Сонымен қоса тағы бір қоланы (50 шақырым, еркін тәсіл) қоржынға салды. Отан­дасымыздың осы орасан зор табысының арқасында еліміздің құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік үштіктің қатарына қосылды. Тек Ресей (5+3+2) мен Норвегияны (3+5+1) алға жібердік.

В.Смирнов үлкен спорттан қол үзгеннен кейін елімізде оның деңгейінде өнер көрсете алатын бірде-бір шаңғышы табылмады. Соның салдарынан 1997 жылы Тронхейм (Норвегия), 1999 жылы Рамзау (Аустрия), 2001 жылы Лахти (Финляндия), 2003 жылы Валь-ди-Фьемме (Италия), 2005 жылы Оберстдорф (Германия), 2007 жылы Саппоро (Жапония), 2009 жылы Либерец (Чехия), 2011 жылы Ослодан (Норвегия) қоржынымыз бос қайтты. Тек арада 18 жыл өткенде ғана қайта медальдың сыңғырын естідік. 2013 жылы Валь-ди-Фьеммеде 50 шақырымдық масс-стартта швециялық Юхан Ульсон мен швейцариялық Дарио Калониядан қалып қойған Алексей Полторанин қола медальды иеленді. Полторанин мен Николай Чеботько жұбы командалық спринте де үшінші орынға табан тіреді. Бірақ одан кейінгі бес байрақты бәсекеде бағымыз жанбады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Тронхеймде парашаңғышылар да өнер көрсетті. Бұл сайыс­та еліміздің құрамасына бір жүлде бұйырды. Оның иегері – Ер­бол Хамитов. Қазақтың қай­сар ұлы отырып сынға түскен спринт­шілердің сайысында қола медальды еншіледі.