
Атырау облысы Индер ауданында туған Татьяна Любинаның ұлты орыс болса да, жаны қазақ. Бала күнінен қазақша өлең-жырларды жаттап өсіп, Абай шығармаларын сүйіп оқыған.
Кейіпкеріміз көпбалалы отбасында дүние есігін ашқан. Анасы 13 баланы өмірге әкелген. Татьяна – сегізінші бала. Сондықтан өте балажан. Мейірімді. Жүзінен нұр төгіліп тұрады. Бүгінде бауырларының бәрі жоғары білімді. Қазір әр салада еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр.
Бір қызығы, олар қазақы ауылда тұрған жалғыз орыс отбасы еді. Соның әсері болар, кішкентайынан ауыл балаларымен бірге өсіп, қазақ тілін еркін меңгерді. Ата-анасы да жергілікті жұртпен жақын сыйласып, етене араласты. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын өте жақсы білді.
Ол 1984 жылы сол кездегі Атырау педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін туған ауылына оралып, өзі білім алған орта мектепке мұғалім болып орналасты. Сөйтіп, өзіне сабақ берген аяулы ұстаздарымен бірге қызмет істеп, олардан үлгі-өнеге алды. Тәжірибе жинады. Біліктілігін жетілдірді. Қазір Татьяна Любина Атырау қаласындағы №3 мектеп-гимназияда еңбек етеді. Оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ізденімпаз ұстаздың әр сабағы қызықты. Мән-мазмұнға толы. Оны оқушылары да жақсы біледі. Сондықтан сабағынан қалмайды. Өз пәнін сондай жақсы көреді. Көп ізденеді. Өзге ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілінің қыр-сырын үйретеді. Оған түрлі оқу-әдістеме пайдаланады. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын оқып береді. Бір ерекшелігі, сабақ үстінде оқушыларымен қазақша ғана сөйлеседі.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мен оны насихаттау туралы жақсы ойлар айтты. Осы сөздер мені қанаттандырды. Біздің мектепте біраз ұлт өкілінің балалары білім алады. Бір жағынан, олардың қазақ тілін үйренуге деген ынтасы өте зор. Өйткені олар мемлекеттік тілді білмей, қоғамнан өз орныңды табу қиын екенін түсінеді. Меніңше, еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі қажет. Біздің мектебімізде жеткіншектерге қазақ тілін үйретуге барлық жағдай жасалған. Әрбір сынып оқушылары топтарға бөлінген. Мұнда әр баламен жеке жұмыс істейміз», дейді үлгілі маман.
Татьяна Любина білім саласында ұзақ жылдан бері істейді. Біраз жетістікке де қол жеткізген. Бір дипломмен шектелмей, екінші жоғары білім алған. Оның сыртында ғылыми жұмыстармен айналысады. Бүгінге дейін бірқатар ғылыми материалы жарық көрген. 2006 жылы Атырау облысының «Үздік мұғалімі» атанды. Сондай-ақ «Білім беру ісінің үздігін» иеленді. Бірақ кейіпкеріміз ең басты марапаты шәкірттері екенін айтады.
«Шынымен солай бағалаймын. Биыл жетінші мәрте өз оқушыларымды білім ұясынан ұшырдым. Солардың әрқайсының орны мен үшін бөлек. Өте қымбат. Енді болашағы жарқын болсын деп тілеймін. Былтыр оқу бітірген шәкірттерімнің дені ҰБТ-дан жоғары балл алды. Бұған қатты қуандым. Қазір олар Астана мен Алматыда ғана емес, шетелдегі танымал жоғары оқу орындарында оқиды. Кейбір шәкірттерім университетті тәмамдап, еліміздің жетекші компанияларында қызмет істейді. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш», дейді ағынан жарылып.
Білікті педагогтің шаңырағы да шаттыққа толы. Бақытты отбасы. Өмірлік жолдасы – қазақ. Екеуінің бір ұл, бір қызы бар. Қазір олардан төрт немере сүйіп отыр.
«Марқұм енем бір ауыз орысша білмейтін. Ол кісі қайным үйленгеннен кейін біздің еншімізді беріп, бөлек шығарды. Өзім енемнен көп дүние үйрендім. Сондықтан қазақтың келіні екенімді ешқашан ұмытпаймын. Қазір біз – көпэтносты тату отбасымыз. Қызым кореялық жігітке тұрмысқа шыққан. Ал келінім – қазақ. Балаларым мен немерелерім қазақша жақсы сөйлейді», деді ол.
Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Татьяна Любина Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Бұл марапат озат мұғалімнің абыройын асырып, мерейін көтерді.
Қайсар Құсайын