Ақтау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылы «New Level» компаниясымен мемлекеттік мерекелер қарсаңында қаланы безендіру жұмыстарына қатысты келісімшарт жасалған.
«Келісімшартқа сәйкес, мердігер ұйым жыл басынан бері әр мемлекеттік мереке алдында орталық көшелердегі билбордтарға баннерлер орнату, жылтырақтар ілу, тақырыптық жалаушалар салынған себеттер дайындау, сондай-ақ шағын сәулеттік нысандарды орналастыру жұмыстарын жүргізіп келеді», – деді әкімдік.
«New Level» компаниясы қаланы Жаңа жылға дайындаумен де айналысады. Биыл бұрын сатып алынған биіктігі 20 метр болатын екі жасанды шырша орнатылады. Оларды жаңартылған шамдар мен ойыншықтармен безендіру жоспарланған. Шыршалар дәстүр бойынша 15А шағын аудандағы амфитеатр жанында және 19А шағын ауданындағы Әбіш Кекілбаев атындағы музей аумағында қойылады.
«Орындалатын жұмыстар аясында шыршалар маңында жаңажылдық тақырыптағы шағын сәулеттік нысандар қойылады, фотозоналар жабдықталады. Сондай-ақ көшелер, ағаштар, гүлзарлар мен бұталар жаңа гирляндалармен жарықтандырылады», – деп мәлімдеді қала әкімдігі.
Ақтауды мерекелік безендіру 17-24 желтоқсан аралығында жүргізіледі. Ал шамдар мен әшекейлерді алу 2026 жылғы 15 қаңтарға жоспарланған.
Әкімдік биыл қолданылатын жаңа жылдық әшекейлердің басым бөлігі жаңадан сатып алынғанын, себебі бұрынғыларының тозғанын атап өтті. Жалпы шығын көлемі шамамен 80 млн теңгені құрайды.