Инфляция • Бүгін, 09:52

Инфляцияға әсер ететін ТОП-30 өнім: қайсысы әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енуі мүмкін?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдын ала жасалған талдау нәтижесі Қазақстанда инфляцияға айтарлықтай ықпал ететін кемінде 23 тауар барын көрсетті. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімін кеңейту кезінде қарастырылуы мүмкін, деп хабарлайды Үкімет.

Инфляцияға әсер ететін ТОП-30 өнім: қайсысы әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енуі мүмкін?

Сенбі күні Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі жиында әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейтуге қатысты азық-түлік себетіне жүргізілген алдын ала талдау таныстырылды.

Қарашаның үшінші аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өзгеріссіз қалды. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, қазан айында инфляцияға ең үлкен үлес қосқан тауарлар мыналар болды: қызанақ – 15,8%, тартылған ет – 3%, сүйексіз сиыр еті – 2,2%, сүйекті жылқы еті – 1,5%, қияр – 7,4%, балық – 2,6%, банан – 2,8%. Алайда былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда, қызанақ 36,6%-ға, қияр 43,4%-ға арзандаған.

– Инфляцияға барлық өңірлер бойынша жүргізілген талдау қорытындысы ТОП-30 тауарды анықтады. Олар бағаның өсуіне ең көп ықпал етеді, бірақ әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізіміне кірмейді. Бұл – ет түрлері, балық, алма, алмұрт, лимон, шай, сыр, қақталған скумбрия, банан, қызанақ, қияр және өзге де тауарлар. Олардың ішінде импорты жоғары өнімдер де, негізінен айлық инфляцияға ғана әсер ететіндері де бар. Осы тізімнен әлеуетті түрде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына ене алатын 23 позицияны іріктедік. Енді бұл ұсыныстарды бизнес өкілдерімен талқылаймыз, – деді Айжан Бижанова.

Кәсіпкерлер үшін тізімнің кеңеюі бірқатар міндеттемені білдіреді: мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз ету, келісімшарттарды рәсімдеу, шот-фактуралар мен фискалдық чектерді рәсімдеу, сондай-ақ заңда белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтау.

Бұл шаралар кең тұтынылатын азық-түліктің айналымын ашық етуге және делдалдардың негізсіз ықпалын шектеуге бағытталған.

Жиын қорытындысында Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне бизнес қауымдастықпен, салалық бірлестіктермен, «Атамекен» ҰКП-мен әр ұсынылған позицияны талқылауды, импорт құрылымын қосымша зерделеуді тапсырды. Барлық консультациялар аяқталғаннан кейін ғана түпкілікті шешім қабылданады.