Идея бастауы
«SuGuard» жобасы кездейсоқ пайда болмаған. Оның негізінде нақты медициналық және әлеуметтік мәселе жатыр. Жоба авторларының жақын досы қант диабеті ауруына шалдыққан. Оның күнде ине салып, қиналатынын көрген олар жаңа глюкометр ойлап табуды көздейді. Сөйтіп, олар әуелі қант диабетімен ауыратын адамдар арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, көп науқастың қандағы қант деңгейін тұрақты бақылау кезінде қиналатыны анықталған.
Негізгі себептер – құрылғылардың қымбаттығы, тест-жолақтардың тұрақты қажет болуы, ең бастысы ауырсыну мен психологиялық қолайсыздық.
«Біз адамдардың көпшілігі глюкозаны тек қажет кезде ғана өлшейтінін байқадық. Ал тұрақты мониторингтің болмауы асқынуларға алып келуі мүмкін», дейді жобаның негізін қалаушы, Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Бекарыс Махсот.
Осыдан соң команда қолжетімді, ауыртпалықсыз және заманауи технологияға негізделген шешім әзірлеуді мақсат етіпті.
Жобаның ерекшелігі
«SuGuard» жобасының басты артықшылығы – инвазивті емес тәсіл қолдануында. Яғни құрылғы қан алмай-ақ, ағзадағы физиологиялық көрсеткіштер арқылы глюкоза деңгейін анықтай алады. Стартап авторларының оқушылар екені жобаның құнын одан сайын арттыра түседі. Өйткені олар күрделі медициналық мәселені ерте байқап, соған қал-қадерлерінше нақты әрі пайдалы шешім ұсына алған.
«Жүйенің жұмысы жарық арқылы өлшеу әдісіне негізделген. Құрылғыдағы арнайы сенсор теріге инфрақызыл сәуле жібереді. Қандағы қант мөлшері көбейген сайын, ағза бұл сәулені сәл өзгеше қайтарады. Яғни шағылған жарықтың күші қант деңгейіне байланысты өзгереді. Құрылғы осы жарықты қабылдап қана қоймай, тері температурасын да өлшейді. Өйткені ағзадағы зат алмасу үдерісі температураға әсер етеді, ал бұл көрсеткіш нәтижені дәлірек анықтауға көмектеседі. Жиналған барлық мәлімет құрылғы ішіндегі шағын басқару жүйесіне түседі де, арнайы есептеу үлгісі арқылы өңделеді. Бұл үлгі жарық пен температура арасындағы байланысты саралап, қандағы қант деңгейінің шамасын шығарады», дейді Бекарыс Махсот.
Тағы бір маңызды ерекшелік құрылғыға жасанды интеллект енгізілген. Жүйе уақыт өте келе пайдаланушының жеке көрсеткіштеріне бейімделіп, нәтижелердің дәлдігін арттыра түседі.
Қосымша қалай жұмыс істейді?
Құрылғыдан алынған барлық мәлімет мобильді қосымшаға жіберіледі. Қосымша тек нәтижені көрсетумен шектелмейді, сонымен қатар толық аналитикалық платформа ретінде жұмыс істейді.
Пайдаланушы біріншіден, глюкоза деңгейінің өзгеріс динамикасын бақылай алады, екіншіден, графиктер мен статистиканы көреді, үшіншіден, денсаулық жағдайына қатысты ұсыныстар алады.
Жасанды интеллект алгоритмдері жиналған деректерді талдап, қауіп факторларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл – симптомдар айқын байқалмай тұрып, алдын алу шараларын қабылдауға жол ашады.
Жоба медициналық құрылғыларды толық алмастыруды көздемейді, керісінше оларды толықтыратын көмекші құрал ретінде қарастырылады.
Қазір «SuGuard» құрылғысы жетілдіру кезеңінде. Жоба командасы өлшеу дәлдігін арттыру мақсатында деректер қорын кеңейтіп, алгоритмдерді дамыту жұмысын жүргізіп жатқан көрінеді. Стартап авторларының айтуынша, алдағы уақытта құрылғыны ықшамдап, функционал көлемін кеңейту, мобильді қосымшаны толық жетілдіру, сондай-ақ медициналық мекемелермен бірлескен тестілеуді жалғастыру жоспары бар. Стартаптың ұзақ мерзімді мақсаты – қант диабетін бақылауды баршаға қолжетімді етіп, адамдардың өмір сапасын
жақсарту.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар отандық ғылым мен технологияның дамуына жаңа серпін береді. Мектеп оқушыларының осындай күрделі мәселеге шешім ұсынуы жас буынның әлеуетін көрсетеді. Егер жоба толық жетілдіріліп, тәжірибеде кеңінен қолданылса, ол тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де сұранысқа ие болуы мүмкін.