Бұл білім бәйгесі ғарыштық суреттерді талдайтын бағдарлама әзірлеуге арналды. Қатысушылар жер бедеріндегі нысандарды автоматты түрде анықтап, оларды GIS-қабаттарға айналдыру бағытында жұмыс істеген. GIS-қабат дегеніміз – картадағы әр деректің жеке-жеке жүйеленген цифрлық нұсқасы. Мысалы, жолдар бір қабатта, ғимараттар екінші қабатта, ал жер бедері үшінші қабатта көрсетіледі. Мұндай технологиялар қазір қала жоспарлау, төтенше жағдайларды бақылау, ауыл шаруашылығы, логистика және экологиялық мониторинг салаларында кеңінен қолданылып жүр.
Басқаша айтқанда, бұл байқауда қатысушылар жай ғана бағдарлама жазып отырған жоқ. Олар спутниктен алынған үлкен көлемдегі деректерді адамның көмегінсіз сараптай алатын жүйелер әзірлеген. Өйткені қазір ғарыштан түсетін ақпарат көлемі өте көп. Оны қолмен өңдеу ұзақ уақыт алады. Ал автоматтандырылған жүйелер қажетті нысандарды бірнеше минут ішінде анықтап, нақты картаға айналдыра алады.
Байқау қатысушыларына өндірістік тапсырманы «KazAeroSpace» компаниясы ұсынған. Компания 2015 жылдан бері геоақпараттық жүйелер әзірлеумен, ғарыштық суреттерді өңдеумен және 2D, 3D модельдеу жұмыстарымен айналысады. Бүгінде ол осы саладағы жетекші компаниялардың біріне айналған. Сөйтіп, байқау қорытындысына сәйкес «Terra Scope» және «GeoForce» командалары жеңімпаз атанды. Әр команда 500 мың теңгеден иеленді.
«GeoForce» командасы спутниктен алынған күрделі деректерді көзге көрінеу цифрлық картаға айналдыратын жүйе әзірледі. Жобаның басты ерекшелігі – суреттегі нысандарды автоматты түрде танып, оларды талдауға дайын күйде ұсынуы. Ал «Terra Scope» командасының шешімі геосуреттерден көлік түрлерін, ғимараттар мен жолдарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл спутниктік деректерді өңдеу уақытын қысқартып қана қоймай, талдау дәлдігін де арттырады. Соның арқасында белгілі бір аумақтағы өзгерістерді жедел бақылауға мүмкіндік туады.
Байқауға еліміздің әр өңірінен 35-тен астам өтінім келіп түскен. Соның ішінен тек 6 команда финалға жолдама алған. Байқау барысында финалистер өз жобаларын сарапшылар алқасына, индустрия өкілдеріне және серіктестерге таныстырды. Қатысушылар өз жобаларын қорғап қана қоймай, сала мамандарының ұсыныстары мен пікірін тыңдады.
Университет жанындағы «Astana Business Campus»-ының инновациялар жөніндегі басқарушы директоры Абзал Дәрібай мұндай байқаулар университет пен өндіріс арасындағы байланысты күшейтетін маңызды алаң екенін айтты. «NURIS Hardware Challenge 6.0» – университеттегі ғылым мен өндірістің байланысын көрсеткен жоба. Байқау барысында студенттер мен жас мамандар ойдан шығарылған тапсырмамен емес, өндірісте кездесетін нақты мәселемен жұмыс істейді. Соның арқасында олар теориялық білімін тәжірибеде қолданып, жобалардың алғашқы үлгісін жасап, сала мамандарынан кәсіби пікір алды», деді ол.
Оның айтуынша, мұндай бастамалардың басты мақсаты тек жеңімпаз анықтау емес. Ең маңыздысы – инженерлік және технологиялық ойлауды дамытатын ортаны қалыптастыру. «Біз үшін мұндай бастамалардың тек жарыс деңгейінде қалып қоймағаны маңызды. Осындай жобалар дарынды жастарды анықтап, инженерлік ойлау мен технологиялық қабілетті дамытуға жол ашады. Ең бастысы – мұнда жасалған шешімдер болашақта жетілдіріліп, нақты өмірде қолданылуы мүмкін. Бұл жүйенің құндылығы да осында», деді Абзал Дәрібай.
Айта кетейік, байқауды «NURIS Fab Lab» цифрлық прототиптеу зертханасы ұйымдастырды. Бұл орталық жас инженерлер мен зерттеушілердің жобаларын қолдап, технологиялық идеяларды тәжірибеде сынауға мүмкіндік береді.