– Халық әртісі атағын алған алғашқылардың бірісіз, құттықтаймыз! Бұл – үлкен мәртебе. Халық сізді бұрыннан жақсы көреді, еңбегіңізді мойындайды, бірақ ресми түрде мойындалудың жөні бөлек қой. Осы атақты алғаннан кейінгі көңіл күйіңіз, әсеріңіз қандай? Жалпы, атаққа деген көзқарасыңызды білгіміз келеді...
– Рахмет! Шынымды айтсам, атақ алғаннан кейін өмірімде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Бұрын қандай болсам, қазір де сол қалпымдамын. Бірақ, әрине, ресми түрде мойындалу – ерекше сезім. Бұл – мен үшін үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Бір кездері елімізде «Халық әртісі» атағы мүлде берілмей қалған кезең болды. Сонда біз, өнер адамдары, бұл шешімге біраз қынжылдық. Себебі «Еңбек сіңірген қайраткер», «Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» сияқты атақтар көбейіп кеткенімен, ең биік атақ – «Халық әртісі» жойылып кеткен еді. Өнердегі жетістігіміздің шыңы осы «Еңбек сіңірген әртіспен» қалған шығар» деп ойладық. «Халық әртісі» атанудан күдерімізді үзген едік. Тура он жылдан кейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта енгізілді. Бұл жаңалық барша өнер қауымын ерекше қуантты. Мәртебелі атақты ең алғаш алған Димаш Құдайберген болды. Бәріміз, әріптестері мен ұстаздары, Димаштың жетістігіне шын жүректен қуандық. Себебі ол – біздің өнер ордамыз Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Екінші курста жүргенде халықаралық байқауға қатысып, еліміздің атын әлемге танытқан болатын. Димаштың жеңісі арқылы қазақ эстрадасы әлемдік деңгейге көтерілді десек, артық емес. Келесі жылы мен де «Қазақстанның халық әртісі» атағын алдым. Сол жылы Майра Мұхамедқызы, актриса Лидия Кәденова, күйші Секен Тұрысбеков те марапатталды. Халық әртісі атағы – үлкен жауапкершілік пен салмақты атақ. Алу ғана емес, оны лайықты көтеріп жүру де оңай емес. Өйткені халықтың алдында жүрген әртістің ендігі миссиясы бұрынғыдан да ауыр, ендігі жерде өнеріңмен ғана емес, жүріс-тұрысыңмен, мәдениетіңмен үлгі болуың қажет. Төсбелгіні кеудеме таққан сәтте жүрегім ерекше толқыды. Себебі сөнген үміттің қайта жанғанын сезіну – баға жетпес қуаныш, ал еңбегіңнің еленуі – ең үлкен бақыт. Ақын Қадыр Мырза Әлі: «Талантты бағалаңдар тірісінде», демеп пе еді? Өкінішке қарай, талай дарынды тұлғалар жоғары атаққа дер кезінде жете алмай кетті. Сол себепті өнер иелерін уақтылы бағалау қоғамның мәдени жауапкершілігі деп ойлаймын.
– Өнер жолыңыздың басталуы көптеген әріптестеріңізден өзгеше екені белгілі. Сол кезеңдер туралы айтып беріңізші...
– Иә, мен өнерге сәл кештеу, жиырма тоғыз жасымда келдім. Ал менің құрбыларым – Роза да, Мақпал да он сегіз жасында сахнаға шыққан. Мысалы, Роза Рымбаева Семейде алғаш жарқ етіп, кейін Алматыға «Арай» ансамбліне әнші болып келді. Кейін әйгілі «Алтын Орфей» фестиваліне қатысып, он сегіз жасында-ақ танылды. Мақпал Жүнісова Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектепте оқыды. Ол да бойжеткен шағынан өнерге ерте араласты. Ал менің жолым мүлде бөлек. Өкінішке қарай, үш жасымда анамнан айырылдым. Ол кезде үлкен әпкем небәрі он төрт жаста еді. Шешем Қазына біраз құрсақ көтеріпті, солардың ішінде көзге көрінгені –төртеуміз. Менен үлкен Қайниса, Сәния, Әсия сынды әпкелерім бар. Әкем Әлімғазы да жетінші сыныпта оқып жүргенімде бақиға озды. Сөйтіп, әпкеміздің қамқорлығында қалдық. Балалық шағымызда бірде бар, бірде жоқ өмір сүрдік. Кейін әкемнің інісі мен жеңгеміздің қолына өттік. Олардың да жеті-сегіз баласы бар еді. Соған қарамастан, бәріміз бірге өстік, адам болдық. Құдайға шүкір, сол қиындықтың бәрі артта қалды. Ата-бабаларымыздың ата қонысы туған жерім – қасиетті Семей облысы (қазіргі Абай облысы) Ақсуат селосы. Әпкемді оқуға жіберіп, өзім ауылда қалып, жұмыс істедім. Үш жылдан кейін Алматыға келдім, бірақ алғашқы жылы оқуға түсе алмадым. Бір қызығы, бала кезімде өзімді ешқашан әнші болам деп ойлаған емеспін. Есесіне, әкем менен үлкен үміт күтті ме екен, «Осы қызым әйгілі әнші болады, көрерсіңдер әлі», – дейтін. Әнге әуестігім болғанымен, болашағымды экономикамен байланыстырған едім. Ол кезде «НарХоз» – бәріміз армандайтын жоғары оқу орны. Мен де сол университеттің экономика факультетіне түсемін деп дайындалып жүргенмін. Сабақты да өте жақсы оқыдым. Бірақ тағдырдың бұйрығы басқа екен...
– Ән мені өзі іздеп тапты дейсіз ғой...
– Солай десе де болады. Алматыға келгенде нағашы ағамның үйінде тұрдым. Жазушы кісі еді. Ол кезде жетпістен асқан, байсалды адам болатын. Мен үй шаруасымен айналысып жүріп ән салады екенмін. Ал ағам ескі жазу мәшіңкесімен бірдеңе теріп отырады. Бір күні маған қарап: «Сенің даусың жақсы екен. Ән айтқанды ұнатасың ба?», деді. Мен ұялып, жымия төмен қарадым. «Дауысыңды бір кісіге тыңдатып көрейік», деп, музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрімге айтыпты. Ол кезде Жарқын ағамыз Әміре Қашаубаевтың дауысын Парижден тауып, елге үлкен жаңалық әкелген еді. Сөйтіп, ағам маған: «Үйдегі домбыраны ал да, мына мекенжайға бар. Дауысыңды тыңдатып көр», деді. Ол уақытта үлкендердің айтқанын бұлжытпай орындайтын едік. Не үшін, неге баратынымызды сұрамаймыз да. «Бар» деді ме, барамыз. Күннің ыстығына қарамай, домбырамды алып, айтқан жерге жеттім. Міне, сол күннен бастап өнер жолым басталды.
– Кездейсоқ кездесу өміріңізді түбегейлі өзгерткен екен ғой…
– Иә, дәл солай. Ән әлеміне қалай келгенімді өзім де білмей қалдым. Кейде өмірде кішкентай сәттер үлкен тағдырдың бастамасы болады. Егер сол күні ағамның сөзін елемесем, бәлкім, өнер жолына мүлдем түспес те едім. Сондықтан да өмірімді тағдырдың өзі жазған сценарийі дер едім. Сөйтіп, Жарқын аға: «Айналайын, маған бір-екі ән айтып берші», деді. Ойланбастан домбыраны алып, екі-үш ән шырқап жібердім. Сонда аға: «Ойбай, бұл қыздың даусы қандай керемет! Саған әнші болу керек», деп мені бір үйге ертіп әкелді. Үй деп отырғаным – сол кездегі Алматы эстрадалық цирк студиясы, қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі болатын. Ғимараттың іші у-шу: бірі фортепианода ойнап жатыр, екіншісі домбыра тартып, тағы біреуі ән салып әлек. Екінші қабатқа көтерілсек, аппақ көйлек киген, қияқ қара мұртты, сымбатты аға отыр екен. Қасында алты ұл, бір қыз бар. Сөйтсем, ол атақты әнші Қайрат Байбосынов болып шықты. Қайрат аға жылы жымиып: «Атың кім, айналайын?», деді. «Майра!» дедім имене. «Ендеше, бір-екі ән айтып берші», деді. Домбыраны алып, Нұрғиса Тілендиевтің «Аралдағы жеңеше-ай» әнін орындадым. Даусым дайын емес еді, бірақ барымды салдым. Әнді айтып болған соң, бәрі үнсіз қалды. Сәлден кейін бетіме қарап: «Жәке, сізге рахмет, маған әнші келді!» деді де: «Документіңді өткіз, екі турдан да мүдірмей өттің», деді. Сол кезде мен тіпті неге құжат өткізуім керектігін түсінбеймін. Бірақ тапсырдым. Осылайша, бес-алты күннің ішінде мүлде басқа әлемге ендім. Қайрат ағаның әр сабағына құлақ түріп, әрбір әнді жаттап, үйрендім. Әрбір сабақ, әрбір әуен мені баурап әкетті. Қасымда Семейден келген Бисара Мәкенова деген қыз болды. Өте салмақты, байсалды, жақсы қыз еді. Екеуміз тез араласып кеттік. Кейін аудиторияда отырған жетеудің қасына сегізінші болып қосылып, алты ұл, екі қыз болып оқуға түстік. Сол екі жыл ең ғажайып кезең болды. Қазір артқа қарасам, бәрі бір сәттік шешімнен басталыпты. Сонда ағам: «Дауысыңды тыңдатып көрші» демегенде, бәлкім, мен мүлде басқа салада жүрер ме едім? Жалпы, маған ұстазым Қайрат ағаның еңбегі ерен. Ол кісі тек ұстаз емес, жол көрсетуші де болды. Алғашқы қадамдарыма үміт артып, қолдау көрсетті. Домбыраға үйретіп, өнерге баулыды. Бірінші курста қысқы сессиядан кейін Дінмұхаммед Қонаевтың алдында ән шырқадым. Ол да ұстазымның арқасы деп білемін. Мені Мәскеуге домбырамен алып барды, сол кезде үлкен сахнадағы алғашқы қадамдарымды жасадым. Қайрат аға өте салмақты, талапшыл адам ғой, бірақ әрқашан маған қамқор болып, үміт артты. «Халық әртісі» атанғанда қуанып, ең бірінші сүйінші сұраған адамым да осы ұстазым болды. Көзі тірісінде Қайрат Байбосынов атындағы дәстүрлі әншілер байқауын өткізсем деймін. Қазіргі арманым сол.
– Сіздің тек әнші ғана емес, кәсіби театр әртісі екеніңізді бірі білсе, бірі білмейді...
– Иә, оқуды бітірген соң, мені филармонияға қалдырды. Отыз шақты әншінің ішінен жалғыз қалдым. Ол кезде домбырамен ән айтатын сирек орындаушылардың бірі едім. Қайрат аға: «Бізде домбырамен ән айтатындар аз, сен қаласың», деді. Үкіметтік концерттерден көрсе керек, кейін Кәукен Кенжетаев ағамыз келіп: «Майра, сені екі жыл бақылап жүрмін. Бізде театр және көркемсурет институтының жанынан (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) «Музыкалық комедия» бөлімі ашылып жатыр, он төрт адам қабылдаймыз. Соның бірі – Роза Рымбаева, енді бірі сен боласың», деді. Мен әкемнің арманын орындағым келді. Ол кісі үнемі: «Біз оқи алмадық, сендер оқыңдар», дейтін. Сондықтан оқуға түстім. Роза Рымбаева, Құдайберген Бекіш, Гүлбаушан Тілеубекова, Әсел Мәмбетова бастаған кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылармен бірге Қазақстанның халық әртісі, профессор Кәукен Кенжетаев пен Рахилям Машурованың шеберханасында оқыдық. Керемет ұйымшыл едік. Әлі күнге дейін сондаймыз. Жиі бас қосып, сырласып тұрамыз. Актерлікке алғаш түскен жылы бәріміз қара жаяу студентпіз, ішімізде ең танымалы да, жұлдызымыз да – Роза еді. «Алтын Орфейді» алған кезі. Ұзын көйлек, биік өкше төпли киіп, қуыршақтай болып жүретін. Соған қарамастан өте қарапайым еді. Бәрімізді үйіне ертіп апарады. Қанша жерден жұмысбасты болса да, Розаның тоңазытқышында үнемі ашытылған қамыр тұратын. Келе сала алжапқышын байлап жіберіп, ыстық бауырсақ, шелпек, бәліш пісіріп, ашқұрсақ студенттерді бір қарық қылатын. Ол күндерді ұмыту мүмкін емес. Сол қамқорлық, бір-бірімізге деген жанашырлық күні бүгінге дейін бізді бауыр етіп келеді. Кездесе қалсақ, туғанымызды көргендей бір жасап, жасарып қаламыз.
– Есіміңіздің Майра болуы әкеңіздің сізді Майра Уәлиқызындай әнші болады деген тілегімен байланысты ма? Білгіміз келгені – Махира қалай Майра болды?
– Ол рас. Менің азан шақырып қойған атым – Майра емес, Махира. Бірақ бала күнімде «Р» әрпіне тілім келмеді. «Майа» болып жүріп, кейіннен Майра болдым ғой (күлді). Кішкентайымнан өте алғыр болдым. «Әпкеммен бірге сабаққа барамын» деп жылап жатып алыппын. Содан әкем: «Бір-екі күн барып көрсін, әлі кішкентай ғой, қызығы басылған соң, өзі-ақ жалығып қояр», дейді. Бірақ айтқанынан қайта қоятын Майра байқалмайды. Жалғыз ғана мінім – «Р» әрпіне шорқақтығым. Сол үшін сыныптастарым күлгенде әпкем қатты намыстанып, «Майрамен бір сыныпта оқымаймын» деп үйге жылап келеді екен. Содан тағы да әкем араласып, мұғалімге айтып жүріп, екеумізді екі сыныпқа ауыстырды. Қазір әпкеме: «Кезінде мені сақау деп менсінбеуші едің, көрдің бе енді, сені ғана емес, балаларыңды да мен оқыттым», деп әзілдеп күліп айтып отырамын. «Ол кезде сенің мұндай әнші болатыныңды қайдан білейін?» деп әпкем де жымиып қояды. Әпкем – өте әдемі, мінезі жайлы адам. Төрт қыздан қазір үшеуміз ғана аманбыз, ал үлкен әпкем өмірден ертерек өтті.
– Бір сұхбатыңызда: «Алдымда таңдау тұрды. Бірақ мен отбасын емес, өнерді таңдадым», деген екенсіз. Бұл шешіміңізге өкінбейсіз бе?
– Өмірімде таңдау көп болды. Иә, соның бірі отбасыма қатысты. Оңай болған жоқ. Қалай десек те, бұрынғы жұбайым, қызымның әкесі Бақытжанмен жастай табысып, бірінші курстан кейін үйлендік қой. Екінші курстың аяғында қызымыз Тоғжан дүниеге келді. Күйеуім өте жақсы адам болды. Екеуміз Алматы эстрадалық цирк студиясында бірге оқыдық. Мен – вокал, ол цирк және акробатика саласында білім алды. Спортқа жақын, өте келісті жігіт-тұғын. Ал мен әдеттегіше өнермен өмір сүрдім. Енем өте қатал кісі еді, жарықтық. Ол кісімен біраз жыл бірге тұрдық. Сол уақытта қас қылғандай гастроль де көбейіп кетті. Сондай сәттің бірінде Бақытжан: «Осы концерттеріңді қойсаң қайтеді? Мына балаға көңіл бөлінбей қалды ғой», деді. Үндемедім. Бірақ көңілімде қалып қойды. Біздің кезімізде гастрольге шықсақ, айлап кететінбіз. Бірде өнер сапарымен 40 күнге Мәскеуге кеттік. Қазіргідей жылдам хабар алғызатын ұялы телефон жоқ, мүлдем байланыссыз қалдық. Ұшақтан түссем, қызым мен әкесі әуежайда күтіп тұр. Жақтары ішіне кіріп, өте қатты жүдеп кеткен. Соны көріп жүрегім ауырды. Бір шешімге келу керек екенін түсіндім. Ойлана келе: «Мен өнеріммен қала берейін, сен үнемі жаныңда болатын жақсы жар жолықтырып, қалауыңша өмір сүр. Мен саған ұл сыйлай алмадым. Ал ер адамның ұрпағы жалғасуы керек. Ешқандай өкпе-ренішім жоқ. Ортада қызымыз бар, сыйластықта қала береміз, байланысымыз үзілмейді», дедім.
Әрине, ол екі жылдай көнбеді. Өзіне білдірмей сіңлімнің құрбыларының ішінен жақсы қызды көріп, күйеуіммен таныстырдым. Сөздері жарасып, араға уақыт салып бас қосты. Өзі аңсағандай ұлды болды. Қазір бақытты өмір сүріп жатыр. Екі бөлек отбасы болсақ та, қарым-қатынасымыз жақсы, жиі араласамыз. Мұның бәрін қызымның болашағы үшін жасадым. Тоғжаным әкесімен керемет қарым-қатынаста, оны қатты жақсы көреді. Осы тұста мені сөгетіндер де табылар. Алайда өнерсіз өмір сүре алмайтынымды түсіндім. Егер дауысы орташа, қатардағы әнші болсам, мүмкін үйде отырар ма едім. Бірақ өйте алмадым, ол шешіміме өкінбеймін. Өйткені өмірдегі әрбір таңдауым өз мәнін тапты. Алланың қалауымен ата-анамның арманын орындадым, ұстаздарымның сенімін ақтадым, халықтың махаббатын сезіндім. Өнер маған тек жұмыс емес – өмірдің мәні, жүрекпен сүйген ісім. Әрине, кейін де сезімін білдірген азаматтар болды. Бірақ Тоғжанымның көңіліне бола бәрінен бас тарттым. Себебі қызым ешкімді жақтырмайтын. Оның үстіне, үнемі концерт, жұмыс дегендей, іш пысатын да, өткенге өкінетін де уақыт болмапты. Қызым отбасылы, жар, ана атанғаннан кейін: «Мама, менікі сол кезде дұрыс болмапты», деп айтады. Бірақ бұл өмір ғой, әркімнің өз таңдауы бар. Менің ендігі бақытым – немерелерім.
– Ал әншінің бақыты неде?
– Өнерде ізденіс пен адалдық аса маңызды. Әнші өз дауысына сай ән таңдап, оны жүрегімен айтуы керек. Сонда ғана халық қабылдайды, сонда ғана өнер өміршең болады. Меніңше, атақ мақсат емес, ол – еңбектің нәтижесі. Десе де халықтың әншісі атану – өнерге адалдықтың ең биік бағасы. Сол адалдықты өмір бойы сақтай білу – әрбір өнерпаздың парызы. Әнші тек өзі үшін емес, ел үшін еңбек етуі керек. Жалпы, өзімді бақытты әншімін деп санаймын. Өнерге адасып жүріп келдім, бірақ ұстазым Қайрат Байбосыновтың арқасында дамып, ән әлемінен өз орнымды таптым. Қазір қолымнан келгенін жасап, халқыма еңбек етіп жүрмін, өнерге деген махаббатымды сақтап келемін. Ендігі арманым – қазақ өнерін тек қана ұлттық емес, халықаралық деңгейде таныту. Сол үшін жобаларымды жасаймын, шығармашылықпен айналысамын. Ең бастысы – өнерді сүйіп, оны халыққа жеткізу.
– Көпшілік сізді жастарды үнемі қолдайтын, өнерде ұстаздық жолы қалыптасқан тұлға ретінде біледі. Қазіргі жас әншілерге көзқарасыңыз қалай?
– Жастарды өте жақсы көремін. Олардың жаңашыл көзқарасы, заманауи үні, тың ізденістері мені қуантады. Бірақ бір нәрсені ұмытпау керек, әнді бұзбау, оның рухын сақтау – қасиетті міндет. Менің «Сағындырған әндер-ай» атты авторлық жобам бар. Бұл бағдарламаға үлкендер де, жастар да қатысады. Он сегіз жылдан бері үздіксіз өтіп келеді. Сол сахнада тәжірибелі әншілер мен жас орындаушылар бірге өнер көрсетеді. Бұл – дәстүр сабақтастығының көрінісі. Жастар үлкендердің қасында жүріп сахна мәдениетін үйреніп, орындаушылық шеберлігін шыңдайды. Әлі есімде, осыдан біраз жыл бұрын сыңғырлаған үні бар талдырмаш қыз хабарласып: «Апа, Маңғыстаудан келіп едім, сіздің концертке қатыссам бола ма?» деп сызылып хабарласқан Тамара Асар бүгінде «Халық әртісі» атанып отыр. Мен бұл жаңалыққа ерекше қуандым. Тамара – нағыз ізденімпаз, ақылды, еңбекқор жан. Өмірдің талай сынағын бастан өткерсе де, мойымай, өз жолын жалғастырып келеді. Еңбегімен, талантымен, өмірге деген сүйіспеншілігімен елге үлгі болды. Сонымен қатар Әлішер Кәрімовті де бұл атаққа лайық деп білемін. Ол – он беске жуық тілде ән орындайтын, шынайы еңбекқор, кәсіби деңгейі жоғары әнші. Мұндай жастар – өнеріміздің болашағы. Десек те, өнер әлемінде елге елеулі еңбек сіңіріп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан әншілердің ішінде Бағдат Сәмединованың «Халық әртісі» атанатын жөні де, жолы да әбден лайық деп ойлаймын. Алдағы уақытта Бағдат Сәмединова «Халық әртісі» атанса, ең әділ шешім сол болар еді.
– Өзіңіз айтпақшы, «Сағындырған әндер-ай» концерті халықтың сүйікті жобасына айналды ғой. Құпиясы неде деп ойлайсыз?
– Құпиясы – халықтың жүрегіне жақын әндерде. Біз әр концертімізде халық әндері мен қазақ композиторларының туындыларын орындаймыз. Қазірдің өзінде билет тез сатылып кетеді, көрермен залды толтырып келеді. Бұл – өнерге деген халықтың үлкен сүйіспеншілігі.
– «Сағындырған әндер-ай» дегеннен шығады. Сіз тек қана әнші емес, ұстаз, үлкен жобалардың ұйымдастырушысы, продюсерсіз. Осындай ауқымды жауапкершілікті арқалай жүріп әйелдік әдемі қалпыңыз бен нәзіктігіңізді, әртіске тән зиялылығыңызды сақтап қалуыңыздың сыры неде?
– Өнер адамдарына баға беретін – халық. Халқымның көңілінен шығып жатсам – мен үшін ең үлкен бақыт. Өмірімде тек ән салып қана қоймай, түрлі ұйымдастырушылық істермен де айналысып келемін. Бір жағынан сахнада өнер көрсетіп, екінші жағынан үлкен жобаларды қолға алып, бәріне үлгеруге тырысамын. Кейде жұрт сен сияқты: «Майра апай, сегіз қырлы, бір сырлы болмысыңыздың құпиясы неде?» деп сұрайды. Меніңше, бұл – тектіліктің көрінісі. Қазақ «Көріп алсаң, көріктіні ал, көрмей алсаң, тектіні ал» дейді ғой. Тектілік – әке-шешемнен дарыған қасиет. Атам Ыбырай сері адам болған екен. Ел аралап, думан құрып, ән салған. Сол серілерді халық қуана қарсы алып, өнерге құрмет көрсеткен. Атам бір айлық сапардан үйге бірнеше жылқы, сиыр, қой айдап қайтатын көрінеді. Барлығын ауыл адамдарына, өнерлі жастарға таратып жібереді екен. Сол серілік пен әнге адалдық бізге қанмен берілген деп ойлаймын. Әкем сері, анамның да үні ерекше нәзік еді, сол қасиеттер бойыма сіңді. Кейінгі жылдары жастардың өнерге көзқарасы мен дәстүрлі әндердің бұзылып айтылуы мені алаңдатады. Сол себепті «Сағындырған әндер-ай» жобасын бастадым. Онда жас өнерпаздар елімізге белгілі әншілермен бір сахнада жанды дауыста халық әндерін орындайды. Соның арқасында талай ән халыққа жетті, жастардың көңіл түкпірінде жатталды. Кейін «Жұлдыз болғың келсе» атты жас таланттарға арналған республикалық фестиваль ұйымдастырдық. Сонымен қатар «Бабалар үні», «Алтын домбыра» сияқты дәстүрлі ән жобаларына да ұйытқы болдым. «Майра» өнер мектебінің жұмысы да негізінен осы мақсатпен тоқайласады. Себебі дәстүрлі ән – қазақ рухының тірегі. Өнерге адал болып, жастарға жол көрсету – менің парызым. Әнші тек өзі үшін емес, елі үшін еңбек етуі керек. Мен әр концертіме осы оймен шығамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»