Спорт • Бүгін, 09:05

71 жасында Азия чемпионы атанды

80 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үндістанның Ченнаи қаласында өткен Азия чемпионатында (Asia Masters Athletics) жерлесіміз, жеңіл атлет Төлеген Қожахметов өз жас санатында толайым табысқа қол жеткізді.

71 жасында Азия чемпионы атанды

71 жастағы спортшы құрлық додасынан бес медаль олжалады: 400 метрлік қашықтыққа жүгіруде чемпион атанса, 200 метрлік қашықтықта, сондай-ақ 4×400 метрлік эстафетада күміс медаль еншіледі. 100 метрлік қашықтыққа жекелей сайыспен 4×100 метрлік эстафетада қола медаль алды.

Биылғы «Asia Masters Athletics» сайысы «Masters Athletics Federation of India» ұйымының қолдауымен өтті. «Masters Athletics» – бәсі жоғары, әуесқойлар мен бұрынғы кәсіби спортшыларды біріктіретін халықаралық сайыс. Азия құрлығы чемпионаты екі жыл сайын ұйымдастырылып, 35 жастан асқан спортшылар қатысады. Додаға қатысушылар тек медаль үшін бақ сынап қоймай, саламатты өмір салтын насихаттауға да үлес қосады. Зейнеткер Төлеген Қожахметов осы табысымен жетістікке жетуде жас шектеуі жоқтығын көрсетті. Азия чемпионатына «Almaty Management University»-дің қолдауымен аттанған спортшыны Алматы әуежайында оқу орнының студенттері зор қошеметпен қарсы алды.

«Almaty Management University» әлеуметтік бастамалар мен спорттық іс-шараларға әрдайым қолдау көрсетеді. Биыл үшінші мәрте Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Лобаново ауылында «Мусин-Иванов трассасы» атты шаңғы жарысы өтеді. Жарыстың мақсаты – шаңғы спортын насихаттап, жастарды тарту. Іс-шараға танымал спортшы, Лиллехаммер қысқы Олимпиадасының жеңімпазы, төрт дүркін әлем чемпионы Владимир Смирнов қатысады деп жоспарланып отыр.