Руханият • Бүгін, 08:12

Дәуірлерді тоғыстырған диалог

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы аптада Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Анкарадағы штаб-пәтерінің салтанат залында «Олжас Сүлейменов. Масштаб. Планета. Жер» атты халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дәуірлерді тоғыстырған диалог

Іс-шара көрнекті ақын, түр­колог, Қазақстанның Еңбек Ері, «ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі­нің директоры Олжас Сүлей­меновтің шығармашылық мұра­сы­на арналды. Биыл оның әйгілі «АЗ и Я» кітабының жарық көргеніне 50 жыл толып отыр. Бұл еңбек өркениет бастаулары мен мәдениеттер арасындағы диалогті гуманистік тұрғыдан түсінді­ретін рәміздік туынды ретінде баға­ланады.

Дөңгелек үстел барысында қатысу­шыларға ақынның арнайы бейне құт­тықтауы ұсынылды. Сондай-ақ Олжас Сүлейменовтің өмірі мен шы­ғармашылығына арналған деректі фильм көр­сетіліп, оның гуманистік миссиясы Шығыс пен Батысты сөз өнері, тіл және мәдениет арқылы байланыстырушы рухани көпір ретіндегі рөлі айқындалды.

Іс-шараға Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшілігі, ТҮРКСОЙ өкілдері, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақын­дастыру орталығы мемлекеттік музейі директорының жалпы және ұйымдастыру мәселелері жөнін­де­гі орынбасары Салтанат Әшімова, «Мәде­ниеттердің өзара әрекеттесу орталығы» қоғам­­дық бірлестігінің директоры Үмітхан Мұңалбаева, Жоғары мамандықтар университетінің ректоры, профессор, ғылым докторы Қадирхан Сунгуроғлу, Анкара университетінің «TÖMER» орталығының директоры Тимур Гүлтекін, Қазақстан халқы Ассам­блеясы респуб­ли­ка­лық Аналар кеңесінің төраға­сы, Президент жанындағы әйел­дер істері және отбасылық-демо­гра­фия­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назипа Ыдырысқызы, респуб­ликалық Достық үйінің басшысы Нұрсәуле Әлтекова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі журналист Ержан Уайыс, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

«ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі директорының орынбасары Салтанат Әшімова бұл жиын Олжас Сүлейменовтің әйгілі «АЗ и Я» кітабының жарық көргеніне 50 жыл толуына ұйым­дастырылғанын, ақынның келер жылы атап өтілетін 90 жылдық мерейтойының бастамасы екенін атап өтті. Ол қатысу­шыларға кітаптың алғаш­қы түп­нұсқасын көрсетіп, жарты ғасырдан кейін қайта басылған нұсқасын және ақынның биыл жарық көрген «Я знаю» атты еңбегін таныстырды.

«Бұл шара – тек дөңгелек үстел немесе көрме ғана емес. Бұл – дәуірлерді тоғыстырған диалог, халықтарды ұйыс­тыратын тілдің қуаты, адамзаттық ойдың кеңдігі. Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы әрдайым бізді биікке, ізгілікке, рухани тереңдікке жетелейді», – деді Салтанат Әшімова.

Көрме аясында жазушының әдеби мұралары көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда сирек басылымдар мен архивтік материалдар қойылып, оның шығармашылық жолы – «Арғы­мақтар» мен «АЗ и Я»-ға дейін жан-жақты көрсетілді.

Іс-шара аясында ТҮРКСОЙ ұйы­мындағы Қазақстанның өкілі Нышангүл Қаратаева «Абай» мерейтойлық медалі­мен марапатталды. Бұған қоса, «ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениет­терді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейінің қызметкерлері ТҮРКСОЙ тарапынан мәдениетаралық диалогті дамы­туға қосқан үлестері үшін құрмет грамоталарымен марапатталды.