Спорт • Бүгін, 13:50

Токиода өтіп жатқан Сурдлимпиадада екі балуанымыз финалға шықты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

XXV Жазғы Сурдлимпиадалық ойындар аясында Токиода сурдо еркін күрестен алғашқы жарыс күні өз мәресіне жетті. Бүгін бозкілемге шыққан алты қазақстандық балуанның екеуі финалға жолдама алып, ертең алтын жүлде үшін таласады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Токиода өтіп жатқан Сурдлимпиадада екі балуанымыз финалға шықты

57 келі салмақ дәрежесінде Ғабит Есжанов сенімді әрі нәтижелі күн өткізді. Алғашқы белдесуінде ол түрік балуаны Мехмет Акиф Сонмезді қосымша уақытта 6:4 есебімен жеңді. Жартылай финалда Есжанов украиналық Сергей Сущеевскийді таза жеңіспен ұтып, финалға берік қадам жасады.

65 келіге дейінгі салмақта Шадияр Пернеш те жоғары деңгейдегі өнер көрсетті. Ол болгар спортшысы Дилян Стефанов Димитровты 10:1 есебімен айқын жеңумен бастады. Ширек финалда венесуэлалық Анхель де Хесус Гильен Боливарды тізе бүктіріп, жартылай финалда моңғол балуаны Ерхембаяр Намдагоржды таза жеңіспен ұтты. Осылайша Пернеш финалға еш кедергісіз өтті және чемпиондық атақ үшін күресін жалғастырады.

125 келіге дейінгі ауыр салмақта Қайратхаан Шонқу алғашқы белдесуінде кубалық Осмар Ортиз Тауртоны 12:5 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Алайда шешуші кездесуінде бейтарап спортшы Алексей Шемаровқа жол берді. Айта кетейік, Шонқу кеше грек-рим күресінің финалында да осы балуанмен белдескен болатын. Қазақстандық спортшы енді қола жүлде үшін күреске қосылады.

97 келі салмақта Бексұлтан Малайдар жартылай финалда үнді спортшысы Сумит Дахияға есе жіберіп, үшінші орын үшін белдесуге өтеді.

Сабыржан Рсалы ширек финалда Геворг Адамянды техникалық басымдықпен жеңгенімен, жартылай финалда украиналық Анатолий Червоненкоға жол берді. Ертең ол қола медаль үшін таласады.

74 келі салмақ дәрежесінде Ғасыр Тұрғынбай қырғызстандық Әділет Жапарқұловқа есе жіберді. Дегенмен ол жүлдеге қол созу мүмкіндігін сақтап қалып, ертең жұбаныш белдесуінде бозкілемге қайта шығады.

«Қазақстанның сурдо балуандары – әлемдік деңгейдегі мықтылардың қатарында. Спортшылардың дайындығы жоғары, толыққанды оқу-жаттығу жиынын өтті. Ертең еліміздің әнұраны екі рет шырқалады деп сенемін», – деді Ұлттық сурдлимпиадалық комитетінің вице-президенті Азамат Қарлығашев.

Ертең бозкілемде финалдық белдесулер, қола жүлде үшін кездесулер және жұбаныш белдесулері өтеді. Осы сайыстардың қорытындысы бойынша сурдлимпиадалық еркін күрестің барлық жүлдегерлері анықталады.

Соңғы жаңалықтар

Алматыда екі қабатты қоймада өрт шықты

Төтенше жағдай • Бүгін, 14:18

Панфиловке баратын жол жаңарды

Инфрақұрылым • Бүгін, 12:40