Өткен жылы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын «Жаркент–Қорғас» республикалық жолы толық жөнделсе, биыл 178 шақырымдық «Сарыөзек–Көктал» автомагистралінің қайта жаңғырту жұмыстары тәмамдалды. Оның 83 шақырымы Панфилов ауданы арқылы өтеді.
Биыл атқарылған негізгі жұмыстардың қатарында Көнбе асуындағы көпірдің және Көктал ауылынан «Алматы–Қорғас» трассасына шығатын 15 шақырым жолдың толық жөнделуі бар. Сонымен қатар облыстық маңызы бар «Жаркент–Сарыбел» тас жолының 4 шақырымында орташа жөндеу аяқталды.
Басқұншы ауылына кіретін жолда күрделі жөндеу жалғасып жатыр, нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Әкімнің айтуынша, тұрғындар көтерген мәселе – Ынталы ауылының 11,8 шақырым кіреберіс жолы – бойынша да жұмыстар басталып, биыл асфальт төсеу аяқталады. Ал абаттандыру мен толық қабылдау келесі жылға жоспарланған.
Жаркент, Әулиеағаш және Басқұншы елді мекендерінің сегіз көшесінде жол жөндеу жүргізілуде. Қазіргі таңда Басқұншы ауылындағы екі көшенің жұмыстары біткен. Жаркент қаласы мен Әулиеағаш ауылындағы ішкі көшелерді жаңарту келесі жылы жалғасады.
Айта кетейік, соңғы үш жылда Кербұлақ пен Панфилов аудандары аумағындағы республикалық маңызы бар 241 шақырым жол жаңартылды. Бұл жұмыстар тас жолдардың техникалық жағдайын нормативке сай деңгейге жеткізуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге, биыл Панфилов ауданындағы жергілікті маңызы бар 29 шақырым жолды жөндеуге және күтіп-ұстауға қаржы қарастырылған.