
Сурет: qazaqstan.tv
Бұл заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар мемлекеттілігімізді нығайту, қоғамның осал топтарын қорғау, ел экономикасын, оның қауіпсіздігі мен халықаралық беделін арттыру сияқты көптеген маңызды сала қамтылды.
Атап айтқанда, отандық ғылыми жүйені жетілдіруді, сондай-ақ ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті тиімді үйлестіруді көздейтін Ғылым және технологиялық саясат туралы заң қабылданды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыруға, осы саладағы сыбайлас жемқорлықты болдырмауға арналған «Мемлекеттік сатып алу туралы» арнайы заң бекітілді.
Адам саудасына қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері мен тиімділігін арттыруға, адам саудасы құрбандарының мүдделерін қорғауға арналған заң да бар.
Жылу энергетикасы саласындағы күрделі инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді көздейтін дербес жаңа заң күшіне енді.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтетін нормалар қабылданды. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымының айқын көрсеткіші.
Сондай-ақ экономика, мемлекеттік басқару, халықты әлеуметтік қамсыздандыру және өзге де салаларға қатысты маңызды заңдармен жұмыс істедік.
Өткен айда еліміздің басты қаржылық құжаты – үш жылға арналған республикалық бюджетті бекіттік. Кешегі соңғы отырыста Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған көлемді түзетулер топтамасын қарадық.
Бұл ретте депутаттардың заң шығаруға бастамашы болып, белсенділік танытқанын атап өткен жөн. Заң шығару қызметімен қатар Сенаттың тұрақты комитеттері палата жоспарына сәйкес бірқатар маңызды іс-шара ұйымдастырды. Азық-түлік қауіпсіздігі және Экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелерін талқыға салып, екі парламенттік тыңдау өткіздік. Сенатта Демографиялық өсу мәселесіне қатысты Үкімет сағаты және 150-ден аса дөңгелек үстел мен көшпелі отырыстар ұйымдастырылды.
Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолданды. Солардың ішінде халықты алаңдатқан өзекті мәселелер бойынша сауалдарға Үкімет мүшелерінің ауызша жауаптары тыңдалды.
Сенат жанындағы консультативтік-кеңесші органдар да бірқатар маңызды шара өткізіп, «Бір ел – бір мүдде» және «Өңір» депутаттық топтары, Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі және Инклюзия жөніндегі кеңестер жалпы саны 13 отырыс ұйымдастырды.
Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның бес отырысы нәтижелі өтті. Сенаттың халықаралық қызметі де мазмұнды шаралармен ерекшеленді.
Жалпы, биыл атқарылған ауқымды жұмыс үшін барша әріптесіме, Сенат аппаратына ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын. Сондай-ақ палата қызметін халыққа жеткізу жолындағы белсенді жұмыстары үшін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне рақмет айтамын.
Жыл аяқталғанымен, депутаттық қызметіміз жалғаса бермек. Бүгіннен бастап сенаторлар өңірлерге сапарға шығып жатыр. Сапар барысында тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерге баса мән беруіміз керек. Халыққа қабылданған заңдардың маңызын кеңінен түсіндірген жөн.
Сонымен қатар келер жылы Сенат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген жаңа Бюджет, Салық, Су, Құрылыс кодекстерін қарайды. Бұл құжаттардың еліміз үшін маңызды екенін ескере отырып, оларды өте мұқият пысықтауымыз қажет. Осы және басқа да бағыттағы жұмыстарымыз табысты боларына сенемін.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Сенат төрағасы