Қоғам • 18 Желтоқсан, 2024

Tik-tok тренд немесе төрт аяқтыға табынғандар

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жан-жануарларға еліктеп, төрт аяқтының кейпіне еніп, тірлік кешіп жүрген жас­өспі­рімдер көбейді. Бұл – Tik-tokтан басталған жаңа тренд. Еліктеушілер қоғамдық орын­дарда көзге көп түсе бер­мегенімен, мегаполистерде ара­гідік бой көрсетіп жүр. Оны әлеуметтік желілерден бай­қап қаламыз. Содан кейін де қо­ғамның қызу талқысына түсті.

Tik-tok тренд немесе төрт аяқтыға табынғандар

Қызығы, төрттағандап жүруге әуестер мұ­ны хобби санай­ды. Ұстанымын ата-анасы құптағандары да бар кө­рінеді. Солайша өмір салтына айналдырған. Еліктеуді ерсі көрмегендер маскасын өз қолдарымен жасап алып, ұнаған образына енеді. Желікпе жастардың ерме­гінен пайда тауып жатқандар да бар. Оны сауда нүктелерінен аңғаруға болады. Қазір жануар­лар­ша жүріп-тұрамын дегендерге дайын реквизит жеткілікті. Оларға арналған арнайы маскалар сау­дада бар. Квадробингке елік­тейтіндер масканың ба­ға­сына қарамай саудасын қыздырып жатқан көрінеді. Бүгінде жасөспірімдердің ғана емес, ересектер тарапынан да сұраныс артқан деседі.

Адамдардың төрт аяқтап жүруіне «квадробика» деген атау қайдан телінді? Тарихын тарқатсақ, квадробика, квадроберинг ұғымының түп-тамыры Күншығыс еліне тартады. Бала күнінен төрт аяқтап жү­руді әдетке айналдырған жа­пондық спринтер Кенити Ито итке еліктегендердің бас­тауы десек болады. Ол 100 метрге төрттағандап жүгіріп, гиннестің рекордтар кітабына да еніпті. Жапон баласының осы жетістігіне таңырқағандар тренд қылса керек. Бастапқыда Жапония, кейін Америкада квадробикаға әуестенгендер қатары көбейген. Солай әлем айналған еліктеушілік әлеу­меттік желі арқылы бізге де жетті.

Ал жат жерден жеткен жас­­тар хоббиіне қатысты пси­­хологтер пайы­мы сан түр­­лі. Оғаш қылыққа ойын ба­ла­­­ларының уақытша әре­кеті деп баға берген мамандар да бар. Ерсі қылықпен ай­на­лыс­қан жеткіншек адами құндылықтардан алшақтай бас­тайды деп алаңдаушылық біл­­діргендер де аз емес. Tik-tokтан тараған тренд баланың түпсанасына тамырын жаймай тұрып, тез арада тоқтату керек де­­п пайым айтқандар да бол­­ды.

Діни шариғатпен жүретін мемлекет болмасақ та, дәстүр мен имандылықты тең ұстайтын халықпыз. Сондықтан қоғамның осы жат құбылысқа қатысты ортақ көзқарасы болуы қажет.

Квадробиканың қаупі жо­ғары мінберлер­ден де айтыла бастады. Мәселен, мә­­жіліс депутаты Дәулет Мұ­қаев өзінің де­путаттық сауа­­лын­да мәселеге маңыз бер­ді. Мә­жілісмен тіпті жануарларша жүргендердің әре­кетін деградация деп дабыл қақты. Сондықтан депутат жануарлардың қимыл-қоз­­ғалысын қайталағандарға қар­сы күресті қазір бастап, жет­кіншектердің желікпе қы­лығын заң­мен тыюымыз керек деп
санайды.

 

Аружан СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Шәкәрім университетінің 2-курс студенті