Егемен Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2024

Оқырман ойы: Жақсы істердің жаршысы

76 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықпен бірге Абай облысының оқырмандары да «Egemen Qazaqstan» газетін еліміздің бас газеті деп білеміз. Көңіліндегіні та­­уып, таным байытып отырғанына биыл 105 жыл толып отырған бұл газетті өңір ардагер­лері үз­­­­­бей оқып келеді. Келер жылға да арнайы жазылып жат­қан жайымыз бар.

Оқырман ойы: Жақсы істердің жаршысы

Газет бетінде жиі жарық көретін ұлттық құн­дылық­тарды ұлық­тай­тын мақа­лалар, хал­қы­мыздың салт-дәс­тү­рі­не қатысты материалдар ұрпақтар сабақ­тас­тығын, жастар тәр­биесін әрдайым на­зарда ұстап келеді. Көкейкесті мәселелерді оқи отырып ой түйеміз. Кейінгі ұрпаққа сол ойларды жеткізіп өзара пікірталасқа да түсетін сәттер көп.

Алдағы уақытта да ел газеті түйткілді проб­ле­ма­лардың түйінін тарқатуға, халықты алаңдатқан ахуалды алдымызға жайып салып, ел мүддесінен шы­ғарына сенім мол.

Мерейтой құтты болсын, жақсылықтың жаршысы, өткен ғасырдағы тарихи тұлғалардың көзіндей болған бірегей басылым!

 

Мұрат ӘЛИН,

Абай облысы ардагерлері кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері

 

 

Тарих керуенінің қаранары

«Egemen Qazaqstan» – ел газеті. Ол мұны театр саласында да дәлелдеді. Республиканың бас басылымы биыл 105 жылдығын тойлап жатса, Шымкент қаласының Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры өзінің 95 жылдығын атап өтті. Сол мерекелеу барысында бас басылым театр тарихына қатысты мақала жариялады.

Бұл мәдениет ор­да­сының қара­ша­ңырағы – театрға жа­са­ған жақсылығы. Театрдың өткені мен бүгінгі тыныс-тір­ші­лігі өнер, мәдениет айдарымен басылым беттерінде әрдайым жарық көріп тұрады.

Өз басым мерзімді басы­лымдардың қоғаммен бірге мәңгі жасай бере­тініне сенемін. Өйткені электронды нұсқадағы ақпарат жойылып кетуі мүмкін, ал сарғайған газет бетіндегі жазбалар ғасырлар бойы архивтерде сақтала береді. Кейінгі ұрпақ тарихты зерттейтін болса, көп деректі осы газеттерден табады. Мәселен, театр тарихына байланысты зерттеуімде өткен ғасырдың жиырмасыншы, қырқыншы жылдары аралығында шыққан газеттерден өте көп мағлұмат алдым. Демек газет – тарих керуенінің қаранары.

Біздің ұжым жылда ««Egemen Qazaqstan» газетіне жазылады. Әртістер үшін бұл – бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүр. Ендеше, барша отандасты республиканың бас басылымы, ғасырдан аса уақыт ел жаңалықтарын халыққа жеткізуде талмай еңбек етіп келе жатқан «Egemen Qazaqstan» газетіне жазылуға шақырамын.

 

Сая ҚАСЫМБЕК,

драматург, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

 

 

Ескерткіш ескерусіз қалмады

Біздің ауыл шалғайда жатыр. Күй алыбы Тәттімбеттің мазары іргемізде. Сол жердегі бабамызға қойыл­ған ескерткіш, өкі­нішке қарай, сын көтермейді. Оны не үшін айтып отырмын? «Egemen Qazaqstan» газетін үйдегілермен үзбей оқимыз. Газетті парақтап отырып, «Тозығы жеткен Тәттімбет ескерткіші» атты мақаланы кезіктіріп қалдым.

Біз Егіндібұлақтың ен даласында жатқан Тәте­кеңнің ауылындағы елміз. Шаруамызды күйт­теген. Бала кезден көріп өскен дүниеміз, газет оқу болғандықтан, басқасы басқа бас басылымнан қол үзген емеспіз. Еліміздің тынысы бола білген газеттен көп дүниеге қанықпыз. Содан әлгі мақаланы оқып шығып, қуандық. Бірнеше жыл елеусіз, ескерусіз қалған күй алыбының ескерткішіне енді назар ауатын шығар деп үмітіміз қайта оянды. Содан уақыт өте келе ауыл әкіміне әлгі мақала туралы айтып едім, ол қуантып қойды. «Облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы бұл шаруаны биыл атқару керек еді. Үлгере алмай, келер жылға шегерілді», деді. Ерекше толқыдым. Тарихын түгендеген ел газетіне ауыл болып риза болдық. Енді ескерткіштің жаңғыртылғанын асыға күтеміз.

 

Сүйімбике ҚАБЫЛОВА

 

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы,

Тәттімбет ауыл