Тұлға • 05 Желтоқсан, 2024

Арқаның абыз ақсақалы

140 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Әйгілі майдангер, үш дәрежелі «Даңқ» орденінің толық иегері, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған мемлекет және қоғам қайраткері, Қарағанды облысының, Қарағанды қаласының, Шет, Жаңаарқа аудандарының құрметті азаматы, абыз ақсақал Камали Жұматайұлы Дүйсембеков ортамызда болғанда биыл 100 жасқа толар еді.

Арқаның абыз ақсақалы

Генерал-майор Сұлтан Камалетдинов Қарағанды ​​қаласының құрметті азаматы, майдангер, «Даңқ» орденінің толық иегері Камали Дүйсембековті Жеңіс күнімен құттықтауы. 2016 жыл

Камали Дүйсембеков – Екінші дүние­жүзілік соғыста батырлығымен даңққа бөленген, бейбіт замандағы өмірін туған өлкесінің әлеуетін арттыруға арнап, хал­қының игілігіне еңбек еткен абзал азамат. Саналы ғұмырын Отанымыздың дамуына арнаған Камали ағамызбен тағдыр­дың жазуымен өткен ғасырдың 80-жылдары­ның ортасында танысыппыз. Камали Жұматайұлы ол кездерде Жезқазған об­лыстық баспа, полиграфия және кітап сау­дасы басқармасының бастығы қызметін атқарып жүрген. Бізді Жезқазған облыстық тұтынушылар одағының бастығы Хамит Қошанұлы Рақышев табыстырды. Камали Жұматайұлы мен Хамит Қошанұлының жақын араласып, жиі кездесіп жүргеніне куә болдым.

Камали Жұматайұлы 1924 жылы Қара­ғанды өңірінің Бұқар жырау ауданына қарасты Ақбастау ауылы маңындағы Өртең жал (Жамбасбұлақ) деген жерде дүние­ге келеді. Ол – әкесі Жұматай Дүйсем­бек­ұлы мен анасы Іңкәр Бегімқызының отбасындағы төртінші бала. Анасының айтуынша, «алғашқы қар жауғанда» туыпты. Демек қараша-желтоқсан айларында дүниеге келсе керек.

1929 жылы, яғни ашаршылық кезінде Камалидің ата-анасы жанбағыс қамымен Спасск елді мекеніне көшіп барып, жама­ғайын туыстарының үйін паналайды. Сол зұлмат кесірінен оның екі апасы қайтыс болады. Әкесі Жұматай Федоров ауданындағы №1 кірпіш зауытында саз қазушы, анасы Іңкәр құм карьерінде жүк тиеуші болып жұмысқа орналасады. 1934 жылы Камали ағасы Сыздықпен бірге Қарағандының №27 мектебіне оқуға барады. Арада үш жыл уақыт өткеннен кейін өндірісте жарақат алып, әкесі өмірден озады. Жас Камали отбасының бар жауапкершілігін мойны­на алу керек екенін ерте түсініп, жеті­жылдық мектепті бітіре салып, кірпіш зауытына жұмысқа орналасады. Артынша көп ұзамай соғыс басталып, 1942 жылдың тамыз айының басында 17 жастағы азамат өз еркімен сұранып, майданға аттанады. Алдымен Мәскеудегі Мытищин ауданында дайындықтан өтіп, Сталинград шайқасына жіберіледі.

Сол күндер туралы Камали ағамыз немересі Дархан Мейрамұлына: «Біздің «жер тасамыз» (окоптар) бен траншеяларымыз сол кездегі стратегиялық биіктік – Мамай қорғанының теміржол стансасына жақын болды. Қараша айында ол жерді немістер басып алып, бұл оларға қаланың кез келген аумағында әртүрлі қару-жарақтан оқ жаудыруға мүмкіндік берді. Күндіз-түні зеңбірек гүрсілі толастамайтын. Ұшақтар күні бойы Сталинградты бомбалады. Немістердің қолына бүкіл қала, соның ішінде теміржол стансасы да өтті. «Артымызда Еділ, бір қадам да шегін­бейміз» деген бұйрық алғаннан кейін біздің әскерлер қасық қаны қалғанша қарсылық көрсетті. Бір минут тыныштық болмай, аяқ астындағы жер үнемі дірілдеп тұрушы еді. Майдан даласындағы әскерге ас жеткізу де қиындап, бірнеше күн бойы тамақтанбаған сәттеріміз де болған», деп әңгімелеген екен.

К.Жұматайұлына 1943 жылы Херсонды алу шайқасында көрсеткен ерлігі үшін алғашқы «Даңқ» ордені берілді. 1944 жылы Қырымды азат етуге қатысты. Қырымнан кейін Евпатория мен Симферопольді азат ету ұрыстарының бел ортасында болды. Осы майданда көрсеткен ерлігі үшін екінші «Даңқ» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. Камали Жұматайұлы құрамында болған әскери дивизияға Сталин жарлығымен 24-гвардиялық евпаториялық атқыштар дивизиясы атағы беріледі. Осы диви­зия Севастопольге жақындап, Сапун тауы­на шабуыл жасаған кезде, яғни 1944 жыл­дың 6 мамырында сержант шеніндегі аза­мат ауыр жарақат алып, Мелитополь гос­пи­та­ліне жеткізілген. Хирург «қолын кесу керек» деп шешім қабылдап, артынша ота жа­салып, бір қолы екінші қолынан жеті сан­тиметрге дейін қысқарып, ІІ топтағы мүгедек деп танылып, 1944 жылдың қыр­күйегінде елге оралады. Кейіннен үшін­­ші «Даңқ» және І дәрежелі «Отан соғы­сы» ордендерімен марапатталады. Сөйтіп, Камали Дүйсембеков жауынгерлік «Даңқ» ордендерінің толық иегері атанды. Бұл – оның соғыста қаһарман жауынгер бол­ғанының айқын айғағы.

Елге оралғаннан кейін ол кірпіш зауыты директорының орынбасары болып еңбекке қайта араласады. 1947 жылы бүкіл­халықтық құрылыс деп жарияланған «Мо­йынты – Шу теміржол құрылысы» желісіне саяси қызметкер ретінде жіберіледі. Мұн­дағы еңбегі еленіп, КСРО Жоғарғы кеңесі Құрмет грамотасымен және «БЖМ-ның үздік құрылысшысы» белгісімен марапатталады.

1950 жылы Камали Жұматайұлы Во­ро­шилов аудандық партия комитеті наси­­хат бөлімінің бастығы қызметіне тағайын­далады. 1951 жылы орта білімі жоқ болса да, Орталық партия комитетінің Партия мектебіне оқуға түседі. Аталған оқуды бітірген соң, 1953 жылдың қыркүйегінде Жаңаарқа аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне тағайындалады.

Камали Жұматайұлы: «1954 жылы Қа­зақ­станда тың игеру науқаны бастал­ды. Осы уақытта мені Жаңаарқа аудан­дық пар­тия комитетінің хатшысы етіп таға­йындады. Бірінші жылы 800 гектар егістік жерді игердік. Жерді қолмен аударып, өгіздерге соқа тартқыздық. Шынжыр табанды тракторлар келгеннен кейін ғана жұмыс жеңілдеді. 1956 жылы бүкіл аудан үшін дәнекерлеу аппаратын алып, шұғыл механизаторлар қажет болды. Оларды кадр бөлімдері мен әскери комиссариаттар арқылы іздедік. Сөйтіп, машина-трактор стансасында бір айлық курстар ұйымдастырылды. Содан кейін тағы үш дәнекерлеу аппаратын алдық. Осындай абыройлы еңбегімнің арқасында 1959 жылы қараша айының соңында Жаңаарқа аудандық атқару комитетінің төрағалығына сайланып, жауапкершіліктің одан әрі ауырлағанын терең сезіндім», деп еске алып отыратын.

1964 жылы желтоқсанда Камали Жұма­тайұлы Шет аудандық партия комитеті­­нің бірінші хатшысы қызметіне сайлана­­ды. Қысқа уақыт ішінде аудан көлемінде ­тасжолдар салынып, электр желісі дамып, 8 жаңа кеңшар құрылады. Мал азығы базасын нығайту мәселелері сәтімен орындалады.

1980 жылдың қазан айында ағамыз ден­саулық жағдайына байланысты жаңа­дан құрылған Жезқазған облыстық бас­па, по­лиграфия және кітап саудасы бас­қармасының бастығы болып таға­йын­да­лып, осы мекемеде алты жыл қызмет етіп, құрметті зейнет демалысына шықты.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің арда­гері, ұзақ жыл ҰҚК Қарағанды облыс­тық департаментінің бастығы қазметін атқар­ған, бүгінде Астана қалалық мәсли­ха­тының депутаты, генерал-майор Кен­де­бай Адамбеков естелігінде: «Камали Жұма­тайұлы – майдандағы қаһармандығы­мен, туған өлкесін көркейтуге сіңірген еңбегі­­мен халқына айрықша қадірлі тұлға еді. ­2015 жылы қызмет бабымен елге орал­ған­да ағамызбен тығыз араласудың сәті түсті. Ол кісі әңгімені соқыр көретіндей, саңы­рау еститіндей өте түсінікті де көр­некті етіп ­айтатын. Ойын қысқа да нұс­қа жеткізетін керемет қасиеті бар еді. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев бастаған өңір азаматтары абыз ағаның есімін ұлықтау ісін тиянақты ұйымдастырып жатыр. «Ердің ісі – ел үшін» айдарымен әскери бөлімдерде, білім ордаларында, мәдениет ошақтарында тағылымды іс-шаралар өткенін көріп отырмыз. Бұл бастамаларды ерлік пен еңбекке тағзым дер едік», дейді.

Ал Шет ауданының және Қарағанды қаласының құрметті ардагері Марс Төлеу­құлов болса: «Камали Жұматай­ұлымен 16 жыл қызметтес болдым. Кәмекең 1965 жылы Шет ауданы қайта құрылғанда ауда­нның бірінші хатшысы болды. Үйлері қирап, талан-таражға түскен ауданды аяғынан тұрғызу үшін жұмысқа белсене кірісіп, екі жыл ішінде жаңартылған Шет ауданын тұрғызды. Жаңадан ғимараттар салып, су құбырын тартқызып, электр желісін жаңалады. Жол салдырып, елдің әл-ауқатын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсады. Кадр мәселесіне де ешкімді араластырмай өзі шешетін. Жұмысқа аса жауапкершілікпен қарап, оны қыз­меткерлерінен де талап ете білетін. Соның нәтижесінде Шет 3-4 жылда облыстың алдыңғы қатарлы аудандарының біріне айналды», деп ағамыздың талапшыл басшы болғанын айтады.

Денсаулық сақтау саласының үзді­гі, Талғар, Бурабай, Жаңаарқа аудан­дарының құрметті азаматы Әбіл­хакім Ақмырзин Камали ақсақалдың адам­гершілігі хақында: «Ол кісімен Алматы қаласынан Президенттік Іс басқарма­­сы­ның меди­циналық орталығына қа­рас­ты «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру сана­то­рийінің бас дәрігері қызметіне ауысқан кез­де таныс­тым. Ағамыз санаторийде демалған күндері туған ел, тағдырлы тұл­ға­­лар, елдік мұрат тұрғысындағы әңгі­ме­­міз жа­расып, көп ұзамай мені елге қо­нақ­­қа шақырды. Камали ағаға Алланың ­нұры түскен адам екенін сол сапарда аңғар­­дым. Құдай бір адамға асыл қасиетті, ­ақыл-парасатты үйіп-төгіп бере салаты­нына таңғалдым», дейді.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қама­летдинов қаһарман ақсақалмен жақын араласқан күндері туралы: «Камали ағаның Сталинградтан бастап Қырымға дейін­гі жауынгерлік жолын зерделегенімде 19 жас­тағы жігіттің көзсіз батырлығына таң­ғал­дым. Қырым үшін болған қанқұй­лы шайқаста қолынан жараланып, әскери дәрі­герге кескізбей қойғаны туралы әңгі­ме­сін тыңдай бергім келетін», дейді естелігінде.

Қарағанды облысы Ішкі істер департа­ментінің бастығы болған полиция генерал-майоры Мергенбай Жаппаров басшылық қызметте жүргенде Кәмекеңнің ақыл-кеңесін тыңдап, батасын алғанын айтса, Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері, үшінші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Асқар Секішев Камали ағаның ел мен жерге қалай қызмет етудің үлгісін көрсетіп, Отанды сүюдің, мемлекет ісіне күш-жігер жұмсаудың даңғыл жолын салып бергенін алға тартты.

«Әкем өмірінің соңғы күндеріне де­йін Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыстарына белсенді қатысып, респуб­ликадағы ұлтаралық және конфес­сия­аралық келісімді, қоғамдағы тұрақтылық­ты сақтауға өзіндік үлесін қосты. Сондай-ақ мемлекеттік деңгейдегі маңызды, тарихи оқиғалардың ешқайсысынан шет қал­ған жоқ. Ол кісі ылғи да: «Тәуелсіз елдің бей­біт аспанында өткізген әр күнім ғасырға тең» деп отырушы еді», дейді қызы Гүлжахан Камалиқызы.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс­тің 75 жылдығы қарсаңында Қараған­ды облыстық және қалалық ардагерлер кеңес­тері «Олар Отанды қорғады» және «Ардагерлердің даңқты істері» атты екі кітап шығарды. Осы деректі жинақтарда Камали Жұматайұлының жауынгерлік ерліктері мен елге еткен өлшеусіз еңбегі лайықты көрініс тапты.

Камали Жұматайұлы 1985, 2010, 2015 жылдары Мәскеудегі мерейтойлық Жеңіс шерулеріне, 2010 жылдың сәуірінде ҚХА қолдауымен мемлекеттік делегация құрамында Италияда болған, фашизмнен азаттық алған елдердің 65 жылдық мерекелік іс-шарасына қатысты.

Жоғарыда Камали Жұматайұлы мен Хамит Қошанұлы Жезқазған облы­сында бірге қызмет істеп, бір-бірін сыйлап, өте жақын дос болғанын айтқан едік. Олардың достығы тіпті туыстыққа айналып кеткендей көрінетін. Кейін Хамит аға Алматыға қызметке ауысты, Камали ақсақал зейнетке шығып, Қарағанды­ға қоныстанды. Хамит Қошанұлының отбасылық той-томалағының бәрінде Камали ақсақал қадірлі қонақ ретінде ылғи төрде отыратын. Екеуінің әңгімелері мән­ді, қалжыңдары жарасымды еді. Хамит досы Кәмекеңді «Черный блондин» деп атап ­кеткен, оған Камали көкесі жымиып қоятын. Хамит аға Камали досын ерекше жақсы көріп, зор құрмет тұтты. Өкініш­тісі, Хамит Қошанұлы 2007 жылы өмірден ­озды. Бұл қайғы Камали ағаға ауыр тиді.

Хамит аға қайтыс болғаннан кейінгі жылдары Камали Жұматайұлымен қарым-қатынасымыз одан әрі тереңдей түсті. Досын сағынғанда менімен сырласатын. Егде жасына қарамастан ағамыз халықтың арасында болды.

2007 жылы қызметім ауысып, Астанаға көшіп келдім. Бір күні белгілі қаламгер Ақселеу Сейдімбек ағамыз телефон шалып, Камали Жұматайұлы дастарқан жайып, күтіп отырғанын айтты. Кездесу­ге барсам, абыз көкеміздің жанында ел ағалары Марс Төлеуқұлов, Мәжит Әбді­ров, прокуратураның құрметті қызмет­кері Қазкен Мүслімов, техникум директоры Зекен Қадырбеков, тағы басқа да қарағандылық, жергілікті азаматтар отыр екен. Камали аға: «Әділ, сен біз­дің елде, Сарыарқада ұзақ жыл еңбек ет­тің, халықпен тығыз араластың, біз сені сыйлаймыз. Астанаға оралғаның құтты болсын. Дәстүр бойынша елге келген азамат­қа ерулік беріп, дастарқан жаю – біз­дің міндетіміз», деді. Ағаның қазақы жол­мен көрсеткен бұл құрметіне разы болдым.

Тағы бір естелік. Бірде Қарағанды об­лысының сол тұстағы әкімі Серік Ахметов Шет ауданына іссапарлай барғанда аға­мыз халықтың жағдайы туралы баяндап, Ағадыр кентіне қамқорлық көрсетуін, әлеуметтік мәселелерге қарайласуын өтінді. Сол оқиғадан кейін бюджеттен Ағадырға қаржы бөлініп, үйлері күрделі жөндеуден өтті, жолдары реттеліп, халық­тың еңсесі бір көтеріліп қалды. Ағамыз осындай елдік мәселелерді айғай-шусыз шешіп жүретін.

Ол бақытты өмір сүрді. Жан жары Марфуға апаймен бірге он баланы өмірге әкеліп, тәрбиеледі, немере-шөбере көріп, олардың қанаттануына да қамқорлық жасады. Елдік мүддеге қалтқысыз қызмет еткен бірегей тұлғаның есімі жұрт жадынан, ел тарихынан өшпейді. Қазір Қарағанды­ның сәулетті көшелерінің бірі ардагер есімі­мен аталады. Абыздың ғасырлық мерейто­йына дайындық қарқынды жүріп жатыр. Артында қалған ұрпағы, Сарыарқа жұрты, қазақ халқы ол тойды абыроймен атқарарына сенім мол.

 

Әділ ШАЯХМЕТОВ,

генерал-лейтенант, мемлекет және қоғам қайраткері