Сараптама • 04 Желтоқсан, 2024

Әйелдер кәсіпкерлігі ақпараттық қолдауға зәру

97 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарында 17 меже көз­делген. Олардың ішінде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүм­кіндіктерін кеңейту (5 мақсат), ауқымды және эко­номикалық өсуге, баршаны толық, өнімді, лайықты жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесу (8 мақсат), елдер ішіндегі және олардың арасындағы теңсіздікті қысқарту (10 мақ­сат) бағыттары қамтылған.

Әйелдер кәсіпкерлігі ақпараттық қолдауға зәру

Сурет: ru.freepik.com

Еліміз жоғарыда аталған міндеттерге қол жеткізу ісін бел­се­не атқарып отыр. Президент Жарлығымен 2030 жыл­ға дейінгі отбасылық, гендерлік саясат тұжырымдамасы бе­кітілді. Онда мемлекет қарастыратын маңызды мәселелердің бірі ретінде әйел­дердің экономикалық мүмкіндіктері, оның ішінде елдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту арқылы кеңейту мәселелері белгіленді.

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау экономикалық дамуда, кедей­лікті азайтуда, гендерлік теңдікті нығайтуда шешуші рөл атқа­рады. Әйелдер кәсіпкерлігі экономикалық өсуге айтарлық­тай үлес қосып қана қоймай, сонымен қатар жұмыс орындарын құ­руға, отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға, жергілікті, жаһан­дық деңгейде тұрақты дамуға ықпал етеді. Зерттеулер көрсет­кендей, әйелдер басқаратын компаниялар көбіне әлеуметтік бағдар­ламаларды қолдау және жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін бастау арқылы жергілікті қауымдастықтарға оң әсер етеді.

ор

Биыл Қазақстан қоғамдық даму институты жүргізген «Қазіргі қоғамдағы гендерлік саясат» атты талдау есебінің аясында әлеу­меттік сауалнама жүргізіліп, респонденттерге: «Сіз өз ісіңізді ашып, бизнеспен айналысқыңыз келе ме?» деген сұрақ қойылды. Сауалнамаға қатысушылардың 39,5%-ы өз бизнесін ашуға ниет білдірді.

Елімізде әйелдер кәсіпкерлігінің өркендеуіне бағытталған бірқатар бағдарлама бар. Дегенмен барлық азамат мемлекет­тің қолданыстағы бастамалары туралы хабардар бола алмайды. Хабардарлықты анықтау мақсатында респонденттерге мынадай сұрақ қойылды: «Сіз отбасы мен әйелдерді қолдау бойынша қандай мемлекеттік шараларды білесіз?». Жауаптардың ішінде әйелдер кәсіпкерлігімен байланысты әртүрлі бағдарламалар болды. Негізінен ақпараттандыруда айтарлықтай айырмашылық байқалмайды. Көрсетілген бағдарламалар туралы ештеңе біл­мегендерді және естімегендерді қоспағанда, респонденттердің едәуір бөлігі белгілі бір дәрежеде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау­дың мемлекеттік шаралары туралы хабардар деген қорытынды жасау­ға болады. Алайда сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы (45,5%-дан 47,4%-ға дейін) бұл туралы білмеген немесе естімеген.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларды талдау кезінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың жоғарыда аталған шаралары туралы негізінен Қостанай және Ақтөбе облыстарының тұрғындары жақсы ақпараттандырылғаны анықталды. Аталған бағдарламаларға оңтүстік өңірлер (Түркістан облысы, Шымкент қаласы) жиі қатысып, ақпараттандырудың төмен деңгейі Қарағанды облысы мен ШҚО-да байқалады. Осылайша, аталған өңірлерде ақпарат тарату іс-шараларын жандандыру қажеттілігі туындап отыр.

оп

Институттың 2022-2024 жылдары өткізген сауалнамалары­ның нәтижесі бойынша кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы әйелдердің хабардар болу динамикасын зерделеу кезінде ақпа­раттандырылмаған респонденттер үлесінің төмендеуі, яғни хабардарлық деңгейін арттыру үрдісі байқалады.

Әйелдер арасында хабардарлық деңгейінің артуы құзыретті мемлекеттік органдардың жұмысын жандандырумен, сондай-ақ кәсіпкерлердің өз тарапынан өсіп келе жатқан сұраныс пен қызығушылықпен байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар қатысушылардың 38,5%-ы бұл бағдарламалар әйелдердің жұ­мыспен қамту деңгейіне, олардың мансаптық өсуіне оң әсер етеді деп есептейді.

Бүгінгі таңда мемлекет әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың түрлі мемлекеттік шараларын қабылдап жатыр. Бірақ сауалнамаға қатысқандардың жартысы ғана қолданыстағы бағдарламалар туралы біледі. Дәл қазіргі көрсеткішке қарамастан, динамика хабардар азаматтардың саны жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл кәсіпкерлердің қызығушылығын, сондай-ақ уәкілетті органдардың жұмысының күшейтілгенін көрсетуі мүмкін. Халықты ақпараттандыру деңгейін жақсарту мақсатында медиа кеңістікте, әсіресе Қарағанды облысы мен ШҚО сияқты өңірлерде насихаттауды күшейту ұсынылады.

 

Амина ҚУАНЫШБАЕВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы