
Сурет: ru.freepik.com
Ертеректе ФЗУ деген жұмысшы мамандарын даярлайтын арнаулы оқу орны болатын. Кәсіптік білім алғысы келген жастар осында келіп оқып, өндіріс орындарына дайын кадр болып баратын. Кейін олардың орнын кәсіптік-техникалық училищелер басты. Алайда жұмысшы мамандығына деген көзқарастың төмендігі сезіліп тұратын.
Таяуда осы олқылықтың орнын толтыратындай жағымды жаңалыққа куә болдық. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл – дер кезінде әрі орынды көтерілген өміршең мәселе.
Президент атап көрсеткендей, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. «Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс», деді Президент. Осылайша, Мемлекет басшысы адал еңбекті бағалаудың абзал екендігін қадап тұрып айтты.
Көптің бірі сияқты өзіміз де жұмысшы отбасында өсіп, тәрбиелендік. Сондықтан да жұмысшы еңбегі жақсы таныс. Төгілген тердің наны да тәтті болатынына қанықпыз. Олай болса, жұмысшы мамандығын қадірлеп, қастерлейік дегіміз келеді.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
еңбек ардагері
Түркістан облысы
Ауданнан шыққан ардақты ғалым
Ғалым Төлеухан Бияров көзі тірі болғанда биыл 75 жасқа толған болар еді. Жалпы, осы әулеттен шыққан танымал азаматтар аз емес. Атап айтсақ, Алматы қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы болған, өмірден ерте өткен Мұхтархан Бияров, физика-математика ғылымдарының кандидаты Базархан Бияров, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бердібек Бияров. Солардың бірі де бірегейі – Төлеухан Бияров.
Төлеухан Нұралдаұлы – 243 ғылыми-әдістемелік еңбектің, 17 оқу-әдістемелік оқулықтың, 8 монографияның авторы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Төлеухан Бияров атындағы аудитория ашылған. Сонымен бірге, ол елімізде кибернетика мектебін алғаш қалыптастырып, 19 ғылым кандидатын, 1 ғылым докторын даярлап шығарды. Оның үшеуі диссертацияларын «Математикалық кибернетика» мамандығы бойынша қорғады. Т.Бияров жалпы кибернетика және механика салалары бойынша атақты ғалымдар А.Ляпуновтың, Н.Четаевтың, К.Персидскийдің, В.Румянцевтің ғылыми ойларын жалғастырушы болды. Оның механика саласынан ашқан теориялық жаңалықтары болашақта қолданысқа енгізілетіні даусыз.
Ғалымның оқу-әдістемелік қайраткерлігі де көп қырлы. Мәселен, орта мектеп оқушыларына арналған еңбектері күні бүгінге дейін қолданыстан түскен жоқ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Математикалық кибернетика» (1989), «Ақпараттық жүйе (кәсіпкерлікте)» (1996), «Информатика» (1998), ал Қазақ-Британ техникалық университетінде «Автоматтандыру және басқару», «Ақпараттық жүйе», «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» сияқты жаңа мамандықтар ашты. Т.Бияровтен білім алған шәкірттерінің арасынан Ж.Құлекеев, Б.Жұмағұлов, М.Қалимолдаев, Ж.Ертілесова, А.Сапарбаев сияқты белгілі тұлғалар шықты. Оның 2004–2006 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы технопаркті басқарғанын, ең талантты ғалымдарға берілетін мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері болғанын атап көрсеткен жөн.
Біздің ойымызша, үлкен ғалым туралы әңгіме, оның есімін есте қалдыру іс-шаралары бірді-екілі естеліктер жазумен шектелмеуге тиіс. Адам баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі істер қалдырып, белгілі бір саланы мықты меңгерген, өзі өмірден өтсе де еткен еңбегі мен қызметі, айналасындағыларға жасаған жақсылығы мен шашқан шапағат нұры естен кетпеуі керек.
Халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Ғалым Төлеухан Бияровтің артына қалдырған ұстаздық ұлағаты мен мол ғылыми мұрасы – осының айқын дәлелі.
Рақия УАЛХАНОВА,
Мәдениет саласының үздігі, Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының қызметкері
ӨСКЕМЕН
Ел болашағы – білімде
Жақында Қызылорда қаласындағы №12 кітапханада Білім күні шеңберінде «Ел болашағы – білімде» атты «Ашық есік күні» болып өтті. Аталған іс-шараға Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия мұғалімдері, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген модератор «Ашық есік күнін» өткізудің негізгі мақсаты оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру екенін, сонымен қатар оқырманға кітапхана қызметін таныстырып, кітап оқуға шақыруды көздейтінін атап өтті.
«Ашық есік күніне» келген жас оқырмандар кітапханаға саяхат жасап, қазақ ақын-жазушыларының кітап көрмесін тамашалады, сондай-ақ шетел және балалар әдебиетімен танысты.
«Мені қызықтырғаны – кітаптардың алуан түрлілігі. Міне, бүгін кітапханаға оқырман ретінде жазылып, балалар әдебиетінен кітаптар алдым. Осы кітапхананың оқырманы болғаныма қуаныштымын», деді Кәусар Әділхан.
«Ашық есік күнінің» нәтижесінде кітапханаға жаңадан 5 кішкентай оқырман жазылды.
Манат ЖҰМАХМЕТОВА,
№12 кітапхананың аға кітапханашысы
ҚЫЗЫЛОРДА